Қызылордалық кәсіпкерлер «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ қолдауымен жаңа өндіріс орындарын ашып, халық тұтынатын тауарлар шығаруда. Сол сияқты қолда бар кәсіпорындарын кеңейтіп, өндірісті өркендете отырып, жергілікті тұрғындарды жаңа жұмыс орындарымен қамтуда.
Кәсіпкерлерге бизнеспен, өндіріспен айналысуға даңғыл жол ашып берген «Даму» қорының аймақтық филиалы бизнесті қолдау мен дамыту бағдарламалары шеңберінде қолдау тауып, нақты нәтижеге қол жеткізген бірқатар кәсіпорындарға баспасөз турын ұйымдастырды.
Әрине, қордан қолдау тапқан ұжымдардың бәрін аралап шығу мүмкін емес. Дегенмен, «жақсыны – көрмекке» демекші, осы шара барысында көптеген кәсіпорындардың аталған қордан нақты көмек алып, өз істерін дөңгелетіп отырғанына куә болдық. Солардың бірі – еліміздегі күріш өндіруші үш жетекші мекеменің бірі, ауыл шаруашылығы саласында қарқынды дамып келе жатқан компания «Абзал және К» ЖШС-ның «Safia» брендімен іске қосылған ауызсу желісі.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына алғашқылардың бірі болып 2011 жылы қатысқан компания күріш саудасын бастап, өз егістігінде күріш өсіруді, оны өз зауыттарында өңдеуді қолға алды. Күріш өндірісін ғана емес, бизнестің басқа салаларын да үнемі талдап отыратын компания 2017 жылдан жаңа өндірісті іске қосып, қор қолдауымен дамытуда.
– Ауызсу өндірісін қаржыландыруды «Қазақстанның Халық Банкі» АҚ арқылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасымен алдық. Несие бойынша пайыздық мөлшерлеме жылдық үстемесі 14%, оның 7%-ін мемлекет субсидиялайды. Мұнда қазір екі өндірістік цех жұмыс жасап тұр. Онда күніне 25-30 куб су шығарамыз. Өнім түрлері 0,5-7 литр аралығында. Қажетті шикізаттың барлығы дерлік отандық өнімдер, – дейді серіктестіктің ауызсу өндірісі бойынша атқарушы директоры Нариман Әбжанов.
Нақты кезеңде цех 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олар алдағы қыркүйек айынан бастап өндіріс ауқымын ұлғайтып, тәтті сусындар шығаруды да қолға алмақ.
Өңірде «Keremet–ET» брендімен танымал жартылай дайын өнімдер сұранысқа ие. Қала тұрғыны Айдос Алменов бұл кәсіпті 2014 жылы бастаған. Кәсіпкер 2008 жылдан бастап ет сатумен айналысса, араға тоғыз жыл салып кәсібін кеңейтті. Ет өнімдерін өзі өндіруге шешім қабылдап, ол үшін 2019 жылы «Ресей жинақ банкі» арқылы 30 млн теңге несие алды. Қанаты қатайған кәсіпорында 30-дан астам адам жұмыс істейді. Кәсіпкер аймақтағы сауда орындарына тұшпара, фарш, тефтель, фрикаделька, котлет тәрізді жартылай дайын өнімдер өткізіп отыр.
– Бүкіл өңір бойынша жұмыс істейміз. Мұздатылған, тартылған ет нарығының 60%-тен астамын, аптасына мыңнан астам сауда нүктелерін қамтып отырмыз. Компаниямыз жабық сақтау қоймаларын, ең қуатты мұздату қондырғыларын пайдаланады, – дейді кәсіпорынның атқарушы директоры Ғазиза Тұрар.
«Keremet–ET» сауда белгісі – аймақ бойынша тиімді тарату жүйесіне ие. Кәсіпорын 2019 жылы цех құрылысын салу бойынша «Басым жобаларды несиелендіру механизмі» бағдарламасымен, биыл айналым қаражаттарын толықтыру жобасы бойынша «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында қордың кепілдігін алып, пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау түріндегі қолдау арқылы бизнесін дамытуда.

Қазіргі таңда Қызылорда қаласында мемлекет пен жеке бизнестің тығыз ынтымақтастығы нәтижесінде 4 жеке мектеп жұмыс жасауда. Солардың бірі – «Orda School» мектебі. Мектептің даму стратегиясына сәйкес ауқымы кеңейіп, бүгінде балалар заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған 700 орындық жаңа ғимаратта білім алуда. Мектеп құрылтайшысы – «Білім шамшырағы» ЖШС. Жас ұрпаққа сапалы білім беруді бағыт еткен серіктестік 2002 жылдан бері жұмыс істейді.
2019 жылы мектеп құрылысы үшін компания «Жобаларды несиелеудің басым тетігі» бағдарламасы бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау түрінде қордың қолдауымен «Банк ЦентрКредит» АҚ-ның облыстық филиалына қаржыландыруға өтінім берген.
– Мектеп 2017 жылы ата-аналар сұранысына сәйкес құрылған. Ол кезде 300 орындық ғимаратта орналасқан болатын. Орын тапшылығы туындаған соң жаңа ғимарат салынды. Қазіргі таңда бұл жерде 852 бала білім алуда. Сондықтан тағы да жаңа мектеп салуға тура келді. Алдағы қыркүйекте 500 орындық жаңа мектеп іске қосылады, – дейді мектеп директоры Рауаш Әлиева.
Мектеп барлық талаптарға сай жабдықталған. Робототехника кабинеті, бірнеше спорт залы, би залы, бассейн, интерактивті тақталар, асхана бар. Оқушылар үшін домбыра, би, қолөнер, шахмат, дзюдо және робототехника үйірмелері ұйымдастырылған. Сондай-ақ ораторлық шеберлік бойынша жаңа үйірме өз жұмысын бастайды.
Дарья Жанұзақова 2018 жылы өз кәсібін ашқан. Нарықты талдап, демалыс пен ойын-сауық әрқашан сұранысқа ие болатынын білгеннен кейін, кәсіпкер 2020 жылы өз жер телімінде «EcoVillage» сауықтыру кешенінің құрылысын бастаған.
Құрылыс биыл «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған. Қор қолдауының арқасында жылдық 6% мөлшерлемемен несие төлейді. Бұл кәсіпкер үшін үлкен жеңілдік, қолдау болды, алдағы ісіне нық сенім, серпіліс берді.
– Қазір «Ashyq» жүйесіне тіркелгендіктен шектеу шараларына байланысты қиындықтар жоқ. Жайлы демалыс үшін отбасымен келіп жатқан қала тұрғындарына қызмет көрсетудеміз, – дейді кешеннің құрылтайшысы Жасұлан Әбуов.
Жұмысын бастағанына бір айдан асқан кешен үш түрлі қызмет ұсынады: монша, бассейн, SPA. Қазір мұнда 7 монша, 226 шаршы метр бассейн мен 3 SPA кешені жұмыс жасап тұр. Сондай-ақ, кешенде орыс моншасы үлгісімен қарағайдан салынған 11 ағаш үй бар.
«Дамудың» стратегиялық міндеті – микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларымен қамтуды ұлғайту. Бұл ретте кәсіпкерлікті несиелендіруді қолдаудың «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде, қор облыс кәсіпорындарына несиенің жалпы сомасы 103,8 млрд теңге болатын 2641 жоба бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау түрінде қаржылық қолдау көрсетті. Оның ішінде биыл 12,9 млрд теңгеге 1036 жоба қолдау тапқан.
– Сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау шарттары бойынша, кәсіпкерлерге жоба несиесінің пайыздық мөлшерлемесін төмендетуге, соған сәйкес ай сайынғы төлемдерін төмендетуге мүмкіндік беріледі. Осы бағдарлама аясында жалпы сомасы 29,3 млрд теңгені құрайтын «Даму» қорының кепілдіктерін 1614 жоба алды. Биыл 9,93 млрд теңгеге 779 жоба қолдау тапты, – дейді қордың Қызылорда облысы бойынша аймақтық филиалы директорының орынбасары Айдос Жылқайдаров.
Ішінара кепілдік шарттары бойынша кәсіпкерлер жобаның қажетті көлеміне дейін қаржыландырылуға немесе қор кепілдіктері есебінен несие сомасын ұлғайтуға мүмкіндік алады.
Қор қарапайым заттар экономикасы бағдарламасы басымдыққа ие жобаларды несиелеу механизмі негізінде бағдарламаның басым бағыттары бойынша жоба өнімдерін, белгілі бір тауарларды шығаруда «кепілдік» және «субсидиялау» құралдарымен қолдау көрсетеді. Айталық, субсидия бойынша соңғы 3 жылда 2,858 млрд теңгенің 29 жобасы, кепілдік беру құралы бойынша жалпы несие сомасы 1 млрд 230 млн теңге болатын 12 жоба қолдау тапты.
Иә, кәсіппен айналысамын деген азаматтарға түрлі мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар арқылы қолдау көрсетілуде. Соның негізінде облыс кәсіпкерлеріне жеңілдетілген пайызбен несиелерге, өзге де қолдау шараларына қол жеткізуге мүмкіндіктер жетерлік. Қай жағынан алып қарасақ, қор қолдауының ұтымды тұстары баршылық. Тек соны белгіленген заң аясында, үлкен сеніммен, табандылықпен іске асыра білу қажет. Ал ондай іскер адамдардың аймақ бойынша саны бүгіннің өзінде аз емес.
Биболат СӘТЖАН,
«Сыр бойы»





