10 тамыз – Абай күні. Осы орайда, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласындағы «Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар» мектепке барып, Абай ескерткішіне арнайы гүл шоғын қойып, тағзым етті. Шараға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев қатысты.
Өткен жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Ұлы ақынды ұлықтау арқылы халқымыздың ұлттық қадір-қасиетін, рухани-адамгершілік құндылықтарын, әдебиетіміз бен мәдениетімізді әлемге тағы бір қырынан танытудамыз. Жас ұрпақ Абай мұрасын оқу арқылы тәлім мен тәрбие, ізгілік пен адалдық қасиеттерін бойына сіңіруде.
Осы орайда облыстың мәдениет ұйымдарында онлайн форматта түрлі мәдени-танымдық шаралар өткізілуде.
Атап айтсақ, «Абай әлемі» атты ардагерлердің облыстық өнер фестивалі, «Көзімнің қарасы» атты облыстық өнер байқауы, «Ұлы халықтың – ұлы Абайы» атты әдеби музыкалық кеш, «Абай әлемі» атты Абай әндерінен концерт, «Кемеңгерліктің биік шыңы Абай» атты көркемсөз оқушылардың аудандық байқауы, «Абай – дана, Абай – дара қазақта!» атты поэзия сағаттары, облыс кітапханаларында «Ұлы даланың ұлы ойшылы», «Шын Хәкім, сөзің асыл – баға жетпес», «Ұлы Абай – ұлттық болмысымыздың айнасы, «Абай жаққан шамшырақ» тақырыптарында кітап көрмелері, әдеби жыр кештері ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, облыстық филармонияның «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблі мен дәстүрлі орындаушылардың «Абай аманаты», облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен Сыр еліндегі жыр мектептерінің шәкірттері мен ұстаздарының қатысуымен «Абай жырлары – Сыр мақамдарында» атты концерттері мереке мазмұнын байыта түсті.
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана қызметкерлері мен барлық облыс кітапханашылары Абай шығармаларын жас ұрпаққа дәріптеу мақсатында тамыз айының 3-нен бастап «Абайды оқы, жалықпа!» тақырыбында оқу челленджін өткізді.
Абай күніне арналған шаралар барлық мәдениет ұйымдары, басқарманың әлеуметтік желідегі парақшалары, «Сыр шаңырағы» Youtube каналына жариялануда.
Атап өту қажет, өңірдегі 4 білім беру ошағына, 86 көшеге Абай есімі берілген. Қызылорда қаласындағы Назарбаев даңғылының бойында орналасқан аллеяға Абай есімі беріліп, оның қара сөздері тасқа қашалып жазылған. Ал, Абай ауылындағы мектеп ауласына бюсті, «Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар» мектебінің ауласына ескерткіші орнатылған.





