Депутаттық сауал

691

0

Құрметті Мәулен Сағатханұлы!

Құрметті әріптестер!

Мемлекет басшысы медициналық-санитарлық алғашқы көмектің (МСАК) және ауылдық денсаулық сақтау мен оның инфрақұрылымының маңыздылығын бірнеше рет атап өтті.  

Бүгін біз пандемия кезінде шиеленісіп, қажетті медициналық көмектің кейінге қалдырылуына әкеліп соқтырған бастапқы буынның шамадан тыс жүктелуін көріп отырмыз. Бұған кейінгі 2 жылда жалпы өлім-жітімнің 28%-ке, жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітімнің 32%-ке және ана өлімінің 4 есе өсуі дәлел.

Үкіметтің назары мен қолдауын талап ететін ауылдық денсаулық сақтау мен МСАК жұмысының кейбір аспектілеріне қысқаша тоқтала кетуге рұқсат етіңіздер.

Ауыл тұрғындарына медициналық көмек бүгінде қалалық жердегі сияқты қағидаттарға негізделген және халықтың төмен тығыздығы мен елді мекендердің бір-бірінен алшақтығын ескермейді. Жүктеме стандарттары қала үшін де, ауыл үшін де бірдей – 1 учаскеге 1700 адам. Қаржыландыру тетіктері ауылдық денсаулық сақтауды медициналық көмекті ұйымдастыруда жаңа тәсілдерді іздеуге ынталандырмайды. Нәтижесінде, қуаты аз аудандық ауруханалар мамандандырылған көмекті дамыта алмай, пациенттердің едәуір ағымын облыс орталықтарына жіберуге мәжбүр.

Шалғай ауылдарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін жылжымалы дәрі­хана пункттерінің әлеуеті толық іске асы­рылмаған. Кешенді жан басына шаққандағы норматив фармацевтикалық қызмет көрсетуді өтемейді. Жеңілдікті дәрілерді босатудың қазіргі тәртібі неғұрлым икемді жеке дәріхана желісінің дамуын тежейді, сондай-ақ халықтың бірлесіп төлеу тетіктерін енгізуге мүмкіндік бермейді.

Ауылдық МСАК объектілерінің жұ­мыс істеп тұрған желісін жаңарту мәселесі шешуді талап етеді. Ұйымдар инфра­құрылымының орташа тозуы 55%-тен астамды құрайды, медициналық техни­каның жоғары тозуы 48%-ке дейін сақталады.

Жылжымалы медициналық кешен­дердің жұмысын ұйымдастыруды қайта қарау қажет. Бұл қызметтердің тарифтері көлік және іссапар шығындарын ескер­мейді, ал бағасы емхана жағдайында көрсе­тілген медициналық қызметке тең. Соны­мен қатар, сақтандырылмаған ауыл тұрғын­дарының шамамен 25%-і аталған көмекті ала алмайды, себебі оның басым бөлігі тек сақтандырылған тұлғалар үшін қолжетімді.

2020 жылдан бастап бірлесіп орындаушыларды тарту арқылы консультациялық-диагностикалық көмек бойынша МСАК-ті қаржыландыру тетігі енгізілді. Ақпараттық жүйелер жетілдірілмеген, қызметтердің сапасы мен көлемін бақылау құралдары болмаған жағдайда, бұл медициналық көмектің кейбір түрлерінің бақылаусыз өсуіне әкелді. Жағдай жоспарлау жүйесінің жоқтығымен күрделене түседі. Мысалы, азаматтардың учаскелік дәрігердің жолдамасынсыз кез келген стоматологиялық клиникаға жүгіну құқығы қолжетімділікті кеңейтіп қана қоймай, сонымен қатар осы көмек түрінің артық тұтынылуына алып келді (көрсетілетін қызметтердің 53%-ке өсуі, қаржыландырудың 82%-ке өсуі). Бұл ретте мамандандырылған көмектің жос­пардан тыс көлемі негізгі қызметке залал келтіре отырып, ұйымдардың жан басына шаққандағы нормативі есебінен жабылады.

Пандемия басталғаннан бері емханалар COVID-19 науқастарына арналған мобильді бригадалардың жұмысын толық орналас­тыра алмады. Қаржыландыру жүйесі рас­талған жағдайды бастапқы шақыру үшін ғана шығыстарды өтейді. Мобильді бри­гадалардың қайта шақырылуына шығын­дарды амбулаториялық ұйымның өзі көтереді.

Осы жылдың наурыз айынан бастап міндетті профилактикалық егулер тізімі коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинамен толықтырылды. Осыған байланысты, иммундаудың жылдық жоспары 2,5 есеге артты. Контингентті қамту үшін барлық учаскелік желі тартылды (916 егу пункті, 233 жылжымалы бригада құрылды), көлік шығыстарына және медициналық материал­дарды сатып алуға арналған шығындар еселеп артты.

Бұл айтарлықтай, күтпеген шығындарға әкелді. Жоспарлы жұмысқа есептелген қаражат эпидемияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыруға бағытталды, бірақ өтелмеді. Осылайша, ағымдағы жағдай бұрын қалыптасқан толық қаржыландырмау үрдісімен қатар МСАК-тің экономикалық тұрақтылығын әлсіретті.

Бүгінде балаларды вакцинациялауды және ересек тұрғындарды ревакцинациялауды ұйымдастыру бойынша жаңа міндет тұр.

Сонымен қатар, денсаулық сақтау жүйесі қаржыландырудың 2021 жылғы деңгейге қарағанда 11%-ке қысқаруы байқалған салалар қатарында, бұл да есеп комитетінің қорытындысында атап өтілді.

Тұтастай алғанда, 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қолдай отырып, Үкімет отандық денсаулық сақтау жүйесінің жинақталған проблемаларын шешу үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды деп сенемін.

Ақмарал ӘЛНАЗАРОВА,

Қазақстан Республикасы

Парламенті Сенатының депутаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<