Диплом дәреже емес немесе талаптының тауы шағылмайды

1008

0

Ескі базардың жанындағы аялдамада автобус біткен кемі 10 минут тұратын шығар. Сонда сіз де байқайтын боларсыз, өзбек әлде тәжіктің жас жігіттері «учеуи юуз тенгә» деп көлік ішіне кіріп, иісін бұрқырата тандыр нан сатып жүреді.

Ал ілгеріде ұялы телефон немесе тұрмыстық техника жөндейтін орындарда да корей не орыс ағайынды көп байқайтынбыз. Ау, неге олар қазақ азаматтары емес деп ойлағанмен, мұндай жұмыс біздікілерге «жараспайтындай» көрінгенін қалай жасырайық?!  Қазаққа қара жұмыс пен таксист болу ғана бұйырып тұр ма деп «күн жаумай су қылар» әдетіміз де жоқ. Бірақ, әлдекімдер ұлтқа таңып жүрген жалқаулық пен аңқаулықтың көбесін біртіндеп сөгіп келе жатқандар жетеді бізде…

Бір ауыз сөз селт еткізді

Бұл аймаққа белгілі кәсіпкердің аузынан шыққан еді. Жас кезінде лауазымды қызмет атқарса да, Тәуелсіздік табалдырығын қиын­дықпен аттаған оның сөзінде бүгінгі буынға керек кеңес көп.

Ерманов десе, көбі «Бабас» ЖШС арқылы таниды. Нұрмұрат ағамен бұрын кездеспеген едік. Бұл жолы мүмкіндігі шектеулі кәсіпкердің мүмкін болуы тиіс нәрселеріне құлақ астық.

– Кеңестік заманда әртүрлі қызмет істедік. Мына Тасбөгеттегі бұрынғы ағаш өңдеу зауытында да бас инженер болдым. Әлі есімде, 1979 жылы 28 сәуірде ауылым Қармақшыға бара жатқанымда жол апатына түстім. Қасымдағы қарындасым қайтыс болды. Менің қолым бірнеше сағат көлікке бастырылып, ақыры жарамсыз күйде болған соң, дәрігерлер кесіп тынды.

Қараңызшы, 30 жасымда болған осы оқиғадан кейін мені дүр сілкінткен мына жағдай еді. Қысқаша айтсам, содан кейін бір жеңім салбырап, көшеге шығудан қалдым. Ұялған кескінім ғой. Жұмыстан шығып кеттім. Тіпті, дарияға өзімді тастап жіберетін де жаман ниетім болды. Иә,  ондай қиындыққа төзбей, өзіме қол жұмсамақ болған кездің болғанын қалай жасырайын?! Егер мына жайт болмағанда, ол ойым кері айналмас па еді, кім білсін?! Бірақ, қазір бәрі өзгерді ғой.

Үлкен ұл есік алдында ойнап жүретін. Бірде жылап келді. Себебін сұрамаймыз ба? Сондағы айтқаны қасындағы қатарластары «сенің әкең шолақ» деген мазағы екен. Біздікі шыдамай жағасына жармасқан ғой. Сол сәттен бас­тап күрт өзгердім. Ойладым, егер мен өлсем, ертең мыналар әркімнен теперіш көріп, жалтақ болары анық, ал мен неге ондайға жол беруім керек? Әкелік борыш қане?! Осы ойдан кейін бойымды жинақтап әрі ұлымның намысты екеніне қуанып, өмір сүруге деген құлшынысым арта берді. Адам тағдыр жүгін көтере алғанда ғана көп нәрсеге қол жеткізер, – дейді кәсіпкер ағамыз ақтарыла.

Нұрмұрат аға осыдан кейін бұрынғы өзі істеген зауытқа қайта жұмысқа тұрған. Табан­ды­лықпен өзгелерден кем тұр­май, өзін көрсетіпті. Жаман әдеттен мүлде тыйылып, ащы суды өзінен алыс ұстаған ол төрт жылдан кейін ағаш өңдеу зауытына директор болып сайланды.

Қауыннан басталған қарекет

Нарық басталған 90-шы жылдары Нұрмұрат Ерманов қауын сатып, өзгелердей базарда да жұмыс істеген. 1998 жылы қаңырап тұрған ғимаратты алып, ағаштан бұйым жасайтын алғашқы цехты ашты. Ал өзі істеген зауыт бұл кезде жұмысын тоқтатқан.

– Қолымнан келгені ғой. Әкемнің әкесінен келе жатқан ұсталықтың себі тиген шығар, есік, терезе жасау ісін қолға алдық. Жақсы ағаш іздеп, түрлі технологияларын өзіміз үйрендік. Қауын саттым дедім ғой, сол қауыннан түскен ақшаға станоктар алдық. Маң­дай тердің арқасында шаруам бірден дөңгелене берді, – дейді кәсіпкер.

Екінші топтағы мүгедектігі бар кәсіпкер «жақсы ниет болса, жалқаулықты жеңе аласың» дейді. Қыбырласаң ғана қарекетің берекетке айналатынын жиі айтатын аға бір кездері өзінің жеке цехында талай мектеп бітірген жастарды үйреткені бар.

– Осы біздің базарларда сандық, бесік істеп, жиһаз құрастырып жүрген жігіттердің көбі біздің цехтан алғашқы үйренгендер еді. Үлкен цех ашып, жұмысын кеңейткендер де жеткілікті. Адам өзі ниеттеніп, кәсіп бастап, соған тырысса, алдымен үйрену керек. Бір ғана мысал, өзбек ұсталары өзінің қолынан келетін үй тұрғызу құпиясын қазаққа үйретпейді. Өзімізді өзіміз дамытпасақ солай. Қазақ ұлдары өнер үйренсе, кәсіп ашса, біз көштен қалмаймыз, – дейді ол.

Қармақшы жерінде ту­ған ағамыз кейіннен жер алып, егін де екті, қазір мал шар­уашылығымен де айналысады. Кәсіпкер бола жүріп, ауылдарға да қол үшін созды. Өзінің басында болғасын, мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа тұруына жәрдем етті. Депутат болып, талай тартыста халық мүддесіне жұмыс істеді. Қармақшы ауданындағы «Иір­көл» ауылынан жер алып, күріш еккен жылдары инвестор ретінде ауылға 200 орындық клуб үйін салып берді. Жеке адамға өтіп кеткен ғимаратты қайта сатып алып, 60 орындық балабақша етті. Тапқан табысын халықпен бөлісіп жүрген оның алдына көмек сұрап көп адам барғанын еститінбіз. Олардың барлығы Ермановтың алдынан езуі жиылмай шығатын дейді көпшілігі.

Олар скрипканы бірінші үйренеді

Асылы, баланы жастан шар­уаға бейімдеуде кінәрат бар екені рас. Өйткені, жағдайы жақсы ортада жұмыс істейтінін қалаймыз. Болмаса «Полицияның айлығы жақсы» не «мұғалімдік оқысаң өлмейсің» деген түсінік белгілі бір кәсіпке деген құл­шынысты құртып-ақ тұр.

Еврей халқында мынадай үрдіс бар екен. Мүмкін, олар зобалаң мен қуғынды көп көргендікі шығар, бала есін біліп, қол-аяғы қатайған уақытта музыкалық аспапты үйрете бастайды. Ал аспабыңыз кәдімгі скрипка.

Сондағы ойы – бала өскенде тым құрығанда музыка ойнау арқылы, табыс тапсын дегені. Музыка құдіретін, жалпы өнерді жақсы көретін жұрт скрипка ойнаған адамның алдына ақша қалдыратыны анық. Тіпті, соғыс жағдайында да сондай болған.

– Шыны керек, ата-бабаңнан қалған кәсіп, мал бағуды білмейтін де көп. Жағдай жасалғанның өзінде оған келмейтіндер бар. Мысалы, малшы іздеумен шаршаған жұртты көп кездестіремін. Амал жоқ, арақ ішетін адамдарға бақтырады. Тіпті, сонда өз малыңды да қосып бақшы деп те айтшы талай жігітке. Көнбейді, одан сыртқа кетіп, күзетші болып істегенді тәуір көреді. Қазір мал шаруашылығына мемлекет жақсы көмектесіп жатыр. Тиімді бағдарламалар бар. Көп жастарға соны түсіндіріп келемін, – дейді Нұрмұрат ­Ерманов.

Бүгінде техникалық ма­мандық иелеріне сұраныс көп. Тіпті токарь, кран жүргізушісі, тракторшы деген мамандық иелерінің қаны жерге тамбай тұр. Егіншіден, ауылда егін егіп, мал бағатын азамат қалмай барады. Осыдан-ақ баланың мамандыққа қарай бейімделмейтінін байқайсыз.

– Шектен тыс арман, қиял, бастық боламын деу қате. Қандай іске бейімің бар, содан баста. Бір таңғалатыным, қазіргі жас жігіттер жұмы­сынан демалысы көп осы жұмыстан айырылса, аш қалатындай сезінеді. Одан қалды екінің бірі таксист болуға құмар. Кешегі күнге дейін Қармақшы ауданында егін шаруашылығымен айналысатын серіктестіктердегі ком­байндарды 60-тан асқан азаматтар айдады. Өйткені, ауылда жұмысқа жарайтынның  барлығы Алматы немесе Астана асып кеткен. Бейнеті қалың жұмыста жүрсе бірсәрі, көбінің көздегені жаңағыдай жеңіл-желпі тірліктер. Бәріне бірдей жабудан аулақпын, бірақ, бұрын баласы әке-шешесін асырайтын еді, қазір зейнетақы алатын шал-кемпір үйінде бір-бір дипломды ұл-қызын бағып отырғаны рас, –дейді Нұрмұрат аға.

Диплом дәреже емес немесе талаптының тауы шағылмайды

Бір жақсысы, кешегі пандемия кезінде сыртта қара жұмыс істеп жүрген жігіттердің бәрі ауылға қайтты. Қайтқан соң екі қолы алдына сыймаған жігіттердің көбі егін шаруашылығында техникалық мамандықтарды иге­ріп жүр.

Диплом дәреже емес

Рүстем Кәкішов – облыс орта­лығындағы сұранысқа ие маманның бірі. Дұрысы, оны көлік тізгіндегендердің көбі іздейді. Мектеп бітіргелі ешқандай жо­ғары оқуынсыз жұмыс істеуге бола­тынын дәлелдеген ол «мотор майын ауыстыру да – маман­дықтың бірі» дейді.

– 2009 жылы ауылдан қалаға тартып кеттім. «Екі қолға бір күрек» деген үміттің жетегімен келдік қой. «Автонұр» деп аталатын май ауыстыру орталығына жұмысшы болып кірдім. Бұрын «қозғалтқыштың майы ауыстырылады» дегенді естісек те, оған құятын майдың сапасы, түрінің көптігін білмеппіз. «Автолдан» басқаны білмейтін ауыл баласы осылайша көп нәрсені үйренуге тура келді. Қандай көлікке қанша литр май немесе қай түрі жарамды деген нәрсені осында жүріп білдік қой, –  деп күледі Рүстем.

Май ауыстыру орта­лы­ғында жұмысшы, одан соң қоймашы болған жігіттің үнсіз ғана көлік майы мен фильтр түрлерін жаттап жүргенін ешкім байқамапты. Ресейлік не шетелдік жеңіл көлік моторына қандай сұйықтық қажет екенін іштей зерделеп жүрген Рүстем аз уақыттан соң май ауыс­тырушы болып үлгерген.

– Адамда ынта, үйренем деген ниет болса жеткілікті. Менің оқыған достарым бар. Бірақ жұмысқа тұруға келгенде олар көп қиналды. «Ақша сұрайды дейді немесе таныс керек» деген желеу­мен кейбіреуі көп сылтау айтады. Шыны керек, таксист болып не вахтаға жұмысқа кеткендері көп. Кейде ойлаймын, неге осындай қажетті мамандықтарды өз бетінше ізденіп үйренбеске?! Маған бастапқыда Нұрбек есімді азамат бір айдай көрсетіп жүрді. Әрі қарай, өзіңнің де қолыңнан келеді, – дейді ол.

Қаладағы сұранысқа ие «Чемпион»  автосервис орта­лы­ғында кез келген көлік­тің майын ауыстырып жүрген Рүстемнің қызметін тұрақты тұтынушылар өте көп. Кейде көліктің тізіліп тұрғанын да көруге болады. Тіпті, кейбір ауылдас жас жігіттерді өзі қасына алып, білгенін үйретіп те жіберген.

– Бәлкім, біреулерге университет бітіріп, дипломы бар деген сөз де жақсы шығар. Бірақ, онсыз да отбасымды асырап, баспана тұрғызып, ағайын-туғанның той-жиы­ны­нан қалып жүргенім жоқ. Дипломды дәреже көрсек, біразы құр босқа жүр емес пе?! Менің ойымша, баланы техникалық мамандыққа  көп бейімдесек, ұтылмаймыз, – деп ағынан жарылды Рүстем.

Темір мен тіршілік

«Авангардтың» алды ығы-жығы. Сапырылысқан көлік. Кезек күтеді. Қызылордада су жаңа көлік аз. Жұрт тақымына басқан темір тұлпарлардың алды 30 жылдан асқан. Бұзылмай тұрмайтыны анық.

«Авангард» автосервисі «Жаңа базар» маңында орна­ласқан. Мұнда көбіне көліктің электр жүйесіне қарасты көмек сұраушылар келеді. Қосымша машинаның моторын не кейбір жүріс бөлшектері де ауыстырылады.

– Көлік жөндеуді игерген қазақ жігіттері көп екен-ау – дедім мен әр көліктің жанында жүрген  мамандарды нұсқап.

– Иә, қазір автоэлектриктер баршылық. Өзіміздің жігіттер. Екі орыс азаматы бар. Олардың өзі қазақшаға судай. Ал көлік жөндеуге құмар жігіттерді өзіміз үйретіп шығардық, – деп жауап қайтарды орталықтың әкімшісі Еркін есімді жігіт.

Еркіннің айтуынша, мұн­дағы жігіттердің жасы 16-дан басталады. Бұрын басқа ұлт өкілі көлік жөндесе, жарасатындай көрінген біздің көзқарасты өзіміздің қызыл­ордалық жастар осылай бұзды.

– Үйренсе, қуанамыз. Әсі­ресе, мектеп бітірген жас балалар тез игеріп кетіп жүр. Шетелдік көліктің ток жағында мәселесі көптеу болады. «Автоэлектрик» ма­мандығын жігіттер осылай тәжірибемен үйреніп кетті. Мысалы, біздің орталықта 50 адам жұмыс істесе, соның 28-і көлік жөндейтін жігіт. Өзіміздің бауырларымыз. Біріне-бірі үйретіп, жақсы табыс тауып жүр, – дейді Еркін тағы бір сөзінде.

Мұнда бір күнде 100-ден аса көлік иесі кеңес сұрап келеді. 50-ге жуық машина жөндеуден өтеді. Жөндейтін де қазақ жігіттері.

– Бір қуанатыным, бізге өз бетінше келетіндер бар. Осында 2-3 ай жүріп, көлік бөлшектерін ауыстырып, электр жағын әбден меңгеріп алады. Ана электриктің қасына барып көмектесіп, мына механиктің қасында кілтін бұрасып, бәрін тегін үйренеді. Неге? Оның басты мақсаты – сонау Аралдан не Жаңақорғаннан жай ғана келмей, көліктің тілін табу болатын. Біздің орталықтан көрген-білгенін әбден миына сіңіріп, өз аудан орталғында көлік жөндеу орталықтарын ашып жүрген жігіттер де бар, – дейді Еркін Әбиев.

Талпынып тіршілігін тү­зеген мұндай жігіттерді көп­теп мысал етуге де болады.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<