Бұл ғимараттың іргетасы Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында қаланған болатын. Жаңа нысан «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамының демеушілігімен салынуда. Құрылысқа 3 млрд 800 млн теңге қаржы бөлінген. Қазір мұнда құрылыс жұмыстары қызу жүруде.
– Көріп тұрғаныңыздай, қазір үшінші қабаттың плитасын жабуға дайындық жүріп жатыр. Ал төменгі қабаттарда ішкі әрлеу жұмыстары қатар атқарылуда. Ғимараттың сыртқы беті толықтай әйнекпен қапталатын болады. Жұмыс жоспарланған кестеге сәйкес. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін ауқымды көрмелер, түрлі жиындар мен концерттік шаралар ұйымдастырылады. Бірінші қабатта 200 орындық көпфункционалды зал мен кеңселік бөлмелер орналасады. Ғимарат заман талабына сай озық үлгіде жабдықталады. Сонымен қатар, жерасты (цокольдік) қабатта түрлі үйірмелер мен шығармашылық топтарға арналған бөлмелер қарастырылған. Жобаны қадағалайтын арнайы маман бекітілген. Сонымен бірге тапсырыс беруші тараптың да мониторингтік бақылауы жүйелі түрде жүргізіліп отыр, – дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы Қуандық Іскендір.


Бұл – өңірдегі барлық этномәдени бірлестіктердің еркін әрі тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін жаңа орталыққа айналмақ. Жоба жыл соңына дейін толық аяқталып, ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда.
Айта кету керек, Сыр елінде мемлекеттік бюджетке иек артпай демеушілер негізінде жүзеге асып жатқан әлеуметтік маңызы бар бастамалар жетерлік. «Достық үйі» қаланың сәулеттік келбетіне әр беріп қана қоймай, өңірдегі этносаралық татулықты нығайтатын, бірлік пен келісімнің символына айналатын ортақ шаңырақ болмақ.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»






