Дүние дүрмек

258

0

Оңтүстік Кореяда декретке шыққан ерлер көбейді

 Оңтүстік Кореяда жыл басынан бері 34 мыңнан астам еркек декреттік демалысқа шыққан. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш дейді деректе. Ал декреттік демалысқа шыққандардың көпшілігі ірі компаниялар қызметкері немесе табысы көп азаматтар көрінеді. Жергілікті заң бойынша декреттік демалыс әйелдермен бірге ер адамдарға да рұқсат етілген. Жарты жылдан бір жарым жылға дейін рұқсат етілген мерзім ішінде алты айы төленеді екен. Ал ай сайынғы жәрдемақы шамамен 1800 долларды құрайды.

Орман өрті өршіп тұр

Оңтүстік Еуропада аптап ыстықтан орман өрті күшейді. Әсіресе, Түркияның солтүстік-батысындағы Чанаккале провинциясында ахуал қиын деп хабарлайды дереккөз. Тілсіз жау елді мекендерге қауіп төндіруде. 700 құтқарушы мен ұшақтар көмек көрсетіп жатыр. Ондаған үй мен көліктер жанып кеткен, жүздеген тұрғын эвакуацияланған.

Мұндай жағдай Испанияға да оңай тиіп тұрған жоқ. Тарифа қаласынан 2 мың адам көшірілген. Олардың арасында туристер де бар. Шаһарда қатты ыстыққа байланысты қауіптің қызыл деңгейі жарияланған. Есесіне қатты жел өртті ауыздықтауға кедергі келтіруде. Албанияда да жағдай қиын. Жалын шаһар шетіне жетіп, жергілікті билік қатты желден өртті бақылау қиын болып тұрғанын айтады.

АҚШ қарызға батып бара ма?

АҚШ-тың мемлекеттік қарызы $37 трлн асыпты. Ондағы жергілікті Қаржы министрлігі осындай дерек келтірген. Америка Конгрессінің экономикалық комитет мамандары: «бұлай жалғаса берсе, елдің сыртқы қарызы жарты жылдан кейін тағы 1 трлн долларға артады» деп отыр.

Жалпы АҚШ мемлекеттік қарыздың шекті мөлшерін 2008 жылғы дағдарыстан бері ұлғайтып алған. Мемлекет бюджетіне түсетін ауыртпалық әлі де артатын сыңайлы. Өйткені жуырда Конгресс Президент Трамптың жаңа заң жобасын бекітті. Оған сай мемлекет берешегі тағы 4 трлн долларға ұлғаюы мүмкін. Сондықтан Ақ үй басшысы ел экономикасын дефолттан сақтау үшін ұлттық қарыз межесін алып тастауды ұсынды.

Деректер 24.kz сайтынан алынды