Балаларды қызықтыратын жанрдың бірі – мультфильм. Бүгінде олар көптеген шетел кейіпкерлерін жатқа біледі. Тіпті, кейбір баланың тілі де соның салдарынан орысша шығатыны жасырын емес. Осынау алаңдатарлық үрдіске тосқауыл болар істің үлгісін көрсетіп жүрген жастың бірі – Мейрамбек Нұртаза.
Ол А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі жанынан құрылған «Сиқырлы айна» қуыршақ театрының режиссері қызметімен қатар, танымал мультфильмдерге дубляж жасап жүр. Талантты жас театрдың табиғаты дубляждан бөлек дүние екенін айтады.
– Себебі, театр мен дубляждың қыр-сыры – екі бөлек нәрсе. Дубляжда барынша табиғи, шынайы болу керек. Біз мультфильм кейіпкеріне пародия жасамаймыз. Дубляж дауысты емес, мултьфильм кейіпкерінің мінезін көрсетеді, – дейді Мейрамбек.
Әлемді алаңдатқан пандемия басталған сәтте Қызылорда қалалық мәдениет үйі өз жұмысын онлайн режимде жалғастырды. Халыққа мәдени-рухани азық сыйлау мақсатында әлеуметтік желіден түрлі айдарлар жүргізіп отырды. Соның бірі «Шетел мультфильміне дубляж» айдары Мейрамбек Нұртазаның бастамасымен ашылған. Ол «Орда драйв» заманауи би үйірмесінің жетекшісі Сұлтанбек Тұржанмен бірге айдар жұмысын тұрақты жолға қойған.
– Бастапқыда бір мультфильмді бір өзім дыбыстап жүрдім. Бірнеше кейіпкердің образына бір сәтте ауысып отыру қиынның қиыны екені рас. Дыбыстау бір жолға түскеннен соң қалалық жастар театрының актрисалары да қатарға қосылып, жауапкершілік жүгін бұрынғыдан да артық сезіндік. Оған қоса әлеуметтік желі пайдаланушылары тарапынан да «келесі мультфильм қашан шығады, балама көрсетіп жүр едім» деген жазбалар жиі келіп, біздің команданың құлшынысын арттыра түсті, – дейді Мейрамбек Нұртаза.
Мультфильмдерді қазақ тіліне мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Ұлықбек Бекұзақұлы аударады. Дыбыс режиссері – Жарылқасын Оразғұлов.
Бүгінде 15-ке жуық мультфильм кәсіби студияда қазақша дыбысталып, әлеуметтік желіде кішкентай көрермендер қолдауына ие болып үлгерді. Айдардың бастамашысы Мейрамбек Нұртаза халықаралық «WORLD OF TALENTS» байқауына дубляж жанры бойынша бас жүлдемен марапатталған. Өз көрерменін тапқан шығармашылық топ алдағы уақытта қысқа метражды мультфильмдерді дыбыстау арқылы толық бір мультфильмді дыбыстап шығуды жоспарлап отыр.
– Дубляж жұмысы фильмді басынан дайындау деп айтуға болады. Себебі, дыбыстаған актерлер берілген мәтінді оқып қана қоймай, кейіпкердің образына еніп, шағын жайдың ішінде рөлді ойнап шығады. Бұған қоса, өзге емес, қазақ тілінде дыбыстайды. Ал дубляждың сөзі де тікелей аударма емес. Ол – қазақ тіліне барынша бейімделген аударма. Яғни, түпнұсқадағы сөз тіркестері, әзіл-қалжыңдары тұп-тура сол қалпында аударыла салған жоқ. Біздің менталитетке ыңғайлана отырып, негізгі ой жеткізіледі. Мәселен, америкалық азамат түсінетін әзілді біздің халық бірден түсіне қоймайды. Бұл айтылғандардан бөлек, мультфильмінің саундтректері де қазақшаланады. Қазір саундтректерді Itunes, YouTube, Yandex music, vk каналдарына шығаруға тырысып жатырмыз. Сол себепті дубляждалған фильм отандық өнім болып есептеледі, – дейді ол.
Осы орайда тәржімаланған өнімдер кішкентай көрермендерге барынша жақын болуы үшін сөзін ғана емес мультфильмнің ішіндегі жазуларын да қазақшалау жұмысы жүргізіліп жатқанын айта кеткен жөн.
Биболат СӘТЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<