Ел аман, жұрт тынышта адамдар қайда жоғалады?

508

0

Қазасы қаймана қазақты жылатқан Бейсен Құранбектің «Қарекет» бағдарламасы кім-кімнің болмасын есінде. Ешкім ешкімді тұлға көре қоймайтын мына заманда ол көптің жүрегінің кілтін таба білді, алдына келген жанның барлығына қол созды. Бір ғана бағдарламаның шеңберінде 28 жылдан бері баласын сарыла күткен ананың арманы орындалғанын көрсеңіз, көз жасына ерік бересіз. Демалыста бағдарламаның осы шығарылымын көріп, ой түйген едік…

Ана мен бала 28 жылдан кейін қауышты

Сюжетте Түркістан қала­сының тұрғыны Гүлнәр Тәжібае­ваның жолға қарап, үздіге хабар күткені баяндалады. Ана жүрегі перзенті өлді дегенге сенбеген, ешқашан үмітін үзбеген де. Тұңғыш ұлы Қалыбек Украина жерінде отан алдындағы борышын өтеп жүріп, Света есімді аруға ғашық болады. Кейін оны өзімен бірге әкеліп, отбасымен таныстырған. Көпбалалы ана келінінің өзге ұлт өкілінен болғанын қабылдай алмаған. Араға бірнеше ай салып, келіннің анасының ауырып жатқаны туралы жазылған жеделхат келеді. Осыдан кейін Қалыбек пен Света шұғыл Украинаға кетуге мәжбүр болған. Ал, содан соң ешбір хабар болмапты. Жазылған хаттарға жауап келмеген, бауырларының да Қалыбекті іздемеген жері жоқ. Бұған дейін де олар бірнеше бағдарламаға жүгінген, ең соңғы үміті «Қарекетте» болған екен. Осылайша, журналистер Украина жерінде іздестіру жұмыстарын жүргізіп, Қалыбекті ақыры тапқан. Кейін небәрі бір жарым сағат ішінде паспорт жасатып, туған жерге алып келеді.

Бағдарламада Қалыбек әйелімен ажырасқанын, ал пәтерді мемлекет тартып алғанын, осы күнге дейін жұмыс таба алмай, тіпті, далада қалған күндерінің болғанын айтады. Туған топырақты иіскеп, мауқын басқанын көргенде, «Алла анадан баланы, баладан ананы айырмасын!» дедік.

«Баланы қараусыз қалдырмаңыз!»

Өкініштісі, мұндай оқиға жиі кездеседі. Бір-бірінен көз жазып, жақыны жайлы қандай да бір дерек жинап, шарқ ұрып жүргендер көп. Деректерді парақтасақ, елімізде жыл сайын мыңға жуық адам із-түзсіз жоғалады. Соңғы бес жылда 17 мыңнан астам адамға іздеу жарияланса, соның 6 мыңнан астамының тағдыры әлі күнге дейін белгісіз. Ал, өңірде 2019 жылы 6 адам хабарсыз кеткен, өткен жылы 11, биыл 5 азаматтың үйінен белгісіз себептермен шығып, хабар-ошарсыз кеткені анықталып отыр. Облыстық полиция департаментінің КПБ бастығы, полиция подполковнигі Сәбит Арынов хабарсыз кеткендердің жас шамасы 35-65 аралығы екенін айтады.

– Кешенді жедел шара барысында ең бірінші адамның үйден кету себептері, жоғалған адаммен соңғы байланыста болған азаматтар анықталады. Сондай-ақ, іздеу жарияланған адамның соңғы болған жеріне тексеру жүргізіледі. Көбіне жедел-іздестіру операцияларына қыз­мет­тік іздестіру иттері, қажет деп табылса ТЖМ қызметкерлері, құтқарушылар жұмыл­дырылады. Таулы жерлерге, су айдындары мен адам аяғы жетуі қиын орындарға арнайы тікұшақ тартылады. Жоғалған адамды табу үшін көбіне үйлер­дің шатырына шығып, кәріз құдығына түсуге тура келеді. Мұндайда оң-солын ажыратып үлгермеген балалар­дың жоғалып кетуі алаңдатарлық. Жеткіншектердің ата-анасына пси­хо­логиялық тұрғыдан қолдау көрсету бір бөлек, буыны қатпаған баланы аман-есен тапқанша жедел әрі сауатты іздеу жүргізу маңыздырақ, – дейді ол.

Статистикаға сүйенсек, 90 процент жағдайда кәмелетке толмаған балалар үйден өзі кетеді. Психологтар оларда үрей, қорқыныш, қауіпсіздік сезімі болмайтынын айтады. Кәріз құдығына, арыққа құлап немесе көше кезіп, адасып кетуі мүмкін. Жақында 13 жастағы қызға іздеу жарияланып, бірнеше күн бойы тәртіп сақшылары аяғынан тік тұрған еді. Өкінішке қарай, 20 маусым күні оның денесі Тұңғыш Президент паркінің жанындағы «Шіркейлі» каналының бойынан табылды, зорлық-зомбылық белгілері байқалмаған. Қазір орын алған оқиға бойынша тергеу әрекеттері басталды және ол полиция департаменті бастығының қатаң бақылауында. Бұдан бөлек, 6 жасар баланың өлімі де өзекті өртеп, қоғамды дүр сілкіндірді. 2 күн бойы полиция департаментінің, қалалық полиция басқармасының жеке құрамы, Ұлттық ұлан сарбаздары, төтенше жағдайлар департаменті, еріктілер және жергілікті тұрғындар төңіректі шарлады. Бірақ, ойын баласының денесі жеке тұрғын үйдің кәріз құдығынан табылып, қабырға қайыстырды. Қажетті сот-медициналық сараптама тағайындалып, оқиға бойынша тергеу жүргізілді. Байқоңырда да сегіз жастағы екі бала жоғалып кеткен болатын. Кейінірек бір баланың денесі табылды. Оқушы мәйітіне жүргізілген сараптама қоры­тындысын Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің «Байқоңыр» кешеніндегі тергеу бөлімі де жариялады. Жүргізілген сот-медициналық сараптама нәтижесі баланың суға тұншығып қайтыс болғанын анықтады. Денесінде зорлық-зомбылық белгісі жоқ.

Мұнан бөлек, жақында әжесі таксиге мінгізіп жіберген 7 жасар жеткіншек жоғалып кеткен болатын. Оқиға барысы былай өрбіген. Келіні жеті жастағы ұлымен бірге ата-әжесінің үйіне қонаққа келген. Содан кейін жеткіншек әжесінің үйін­де қалуды жөн көреді. Келесі күні таңер­тең әжесі такси жүргізушісіне нақ­ты мекенжайын көрсетіп, анасына жіберген. Бір сағаттан кейін келініне қоңы­рау шалған арызданушы баланың үйге әлі келмегенін біледі. Аталған дерек бойынша дереу іздеу шаралары ұйым­дас­тырылған. Бұл ретте қалалық полиция бас­қармасының барлық жеке құрамы дабыл бойынша көтеріліп, баланы іздеуге кіріскен.

– Полицейлер жер-көкті тінтіп шық­қан. Такси жүргізушісі көрсетілген мекен­жайды таппай, баланы әжесі отырғызған жерге қайта апарып тастаған. Осылайша жасөспірім бала үйді шатастырып, жоғалып кеткен. Ол көп ұзамай табылды, – деп мәлім етті облыстық полиция департаментінен.

Қызметкерлердің айтуынша, хабар-ошарсыз кететін жасөспірімдер негізінен 2-3 сағатта табылады. Көбінесе, кішкентай сәбилер үй маңында ойнап жүріп, басқа көшеге кетіп қалады. Сөйтіп, олар өз үйін таба алмай, адасып кетеді. Кейде жоғалған баланың ата-анасы полицияға жүгінуге асықпай, өз бетінше іздейді. Баланы таба алмаған соң ғана полицияға хабар береді. «Баласы ата-анасының қамқорлығында болуы керек. Бейтаныс адамдармен бірге кетіп қалуы немесе бейтаныс жерге бару туралы ойы болмауы үшін ненің жақсы, ненің жаман екенін  балаға осы бастан дұрыстап ұқтыру қажет. Сіз де егер көшеде сасқалақтаған, адасқан баланы байқасаңыз, қасына барып, қандай көмек қажет екенін сұраңыз. Жоғалғанын түсінсеңіз, оны өзіңізбен үйге ертпей, тап сол жерде полиция бөліміне қоңырау шалуыңыз маңызды» дейді мамандар.

Хабар-ошарсыз жоғалған адам табылмаса да, іздестіру жұмыстары тоқтатылмайды

Үлкендердің жоғалуы отба­сын­дағы жанжалдан қашып, бас сауғалағысы келгенінен болады. Сонымен қатар есте сақтау қабілеті нашар қарттар да тұрған үйін таппай қалып жататынын алға тартты. Хабар-ошарсыз жоғалған адам табылмаса да, іздестіру жұмыстары тоқтатылмайды екен. Өйткені хабарсыз кеткендерді іздестірудің мерзімі жоқ. Мәселен, 7 маусымда жаңақорғандық Гүлбейне Агняроваға іздеу жарияланды. Өкінішке қарай, әлі ешбір хабар жоқ. Ерекше белгілері бойы – 1,70 см, шашы ұзын қара, қыр мұрынды, қалың қасты. Ақ түсті көйлек,  көк түсті сөмке, аяғында ақ түсті аяқ киімі болған. Гүлбейнеден хабар күтіп отырған отбасы қандай да бір ақпарат немесе жүрген жерлері туралы мәлімет болған жағдайда 8/72435/ 24-1-55 нөміріне хабар беруді сұрайды.

Өткен жылы 75 жастағы қызылордалық бизнесмен де күнделікті әдеті бойынша таңертең серуенге шыққан күйі жоғалды. Одан да әлі хабар жоқ. Туыстарының айтуынша, ол ешқашан ұялы телефонын қалдырмаған. Алайда, дәл жоғалып кеткен күні телефонын үйінде тастап кеткен. Таңертең бейнебақылау камерасына ер адамның жағалау бойында жүргені түсіп қалған болатын. Полиция, әскери қызметкерлердің, еріктілердің көмегімен сол аймақ түгел тексерілді. «Шынайы ақпарат берген кез келген адамға сыйақы бар» деді жоғалған бизнесменнің туысы. Ол денсаулығына шағымданбаған және бизнесте қиындықтың болған-болмағаны жайлы тіс жарып ештеңе айтпаған.  Туыстары ер адамның қайда бет алғаны жайында түрлі болжам жасап отыр. Оны көлік қағып кетіп, кінәлілер денесін қаладан алып шығуы да мүмкін деген ойда. Бастысы, олар үмітін үзбек емес, күні-түні таусыла бір хабар күтеді.

Осындайда сәтті аяқталған іздестіру жұмыстары ғана көңілге медеу. Биыл қыста Жаңақорған ауданы, Бірлік ауылының 6 азаматы тау бөктеріне шығып, оралмаған. Олардың шыққан бағытын ауыл тұрғындары білген, бірақ боранды түні жол табу қиынға соққан екен. Тауға жауған қар тізеден жоғары, кез келген жүк көлігі ол жерден өте алмайды. Төтенше жағдайлар департаментінің 11 қызметкері 2 техникамен іздеу жұмыстарына кіріскен. Нәтижесінде 56, 35 жастағы екі азаматпен бірге 39 жастағы төрт азамат таң ата Бірлік ауылынан 48 шақырым жерде Қаратау беткейінен табылды. Олар мінген УАЗ автокөлігі қар құрсауынан шығарылып, көптің «Азаматтар аман табылып, отбасына оралса!» деген тілегі қабыл болды. Қуантарлығы, осындайда еріктілердің көмегі көп. Бүгінде жоғалғандарды іздеуге жеке адамдар өз еркімен қатысқан болса, қазір еліміз бойынша жасақталған арнайы еріктілер қозғалысы жұмыс істеуде.

Не десек те, адамдардың жоғалуы жақсылықтың нышаны емес. Қаншама отбасы әуре-сарсаңға түсіп, уайымға салынып жүр. Ал, жоғалғандардың дін аман табылуы – қуаныш. Бейбіт күнде ет жақынын жоғалтып, іздеу салғанның қандай ауыр екенін олардан артық кім түсінсін?! Мұны ешкімнің басына салмасын!

Мөлдір Қалымбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<