Ел жаңалықтары

330

0

Сақ қоныстары табылды

Абай облысындағы Қаратұмсық қорымынан осыдан 2700-2500 жыл бұрын өмір сүрген сақ тайпасына тиесілі жәдігер табылды. Қоныстардың бірінен 37 асық шыққан. Мұндай бірегей кешен ел аумағында бұрын зерттелген сақ дәуіріне тән қоныстарда алғаш рет кездесіп отыр. Тарихтың кені ашылған кешенде сақтарға қатысты тың ғылыми жаңалық жетерлік, – деп жазады  Egemen.kz.

Shakarim University мен Ә.Марғұлан атындағы Археология институты Абай облысы Жаңасемей ауданы Қараөлең ауылына қарасты Қаратұмсық қорымында археологиялық ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қос ғылым ордасы зерттеу жұмыстарын Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің «Абай облысын кешенді тарихи-археологиялық зерттеу» жобасы аясында қолға алған-ды.

Қаратұмсық археологиялық кешені – Шығыс Сарыарқа аймағы мен Семей ядролық сынақ полигонына жақын орналасқан жерде тұңғыш рет кешенді түрде археологиялық зерттеу жүргізіліп жатыр. Осынау игі істің басы-қасында жүрген археолог Айдын Жүнісханның айтуынша, Абай облысы аумағындағы тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін анықтау, тізімге алу және зерттеу мақсатында кешенді ғылыми зерттеу қолға алынып отыр.

Халық саны қалай өзгерді?

Қазақстан аумағындағы халық саны XIX ғасырдың соңынан бері қалай өзгерді? Бұл туралы мәліметті Ұлттық статистика бюросы жариялады, – деп хабарлайды Қазақпарат.

Ресей империясының 1897 жылғы алғашқы жалпыхалықтық санағының деректеріне сәйкес, кейінірек Қазақ АССР-інің құрамына енген кезде 4,3 млн адам тұрған, олардың 3,5 млн-ы қазақ болған.

– Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1991 жылы Қазақстан халқының саны 16,4 млн адам болды. Алайда көші-қон үдерістеріне байланысты 2000 жылы бұл көрсеткіш 14,9 млн-ға дейін азайды. 2010 жылы халық саны қайтадан 16 млн межесінен асып, 16,2 млн адам болды. 2023 жылғы қарашада еліміздегі халық саны алғаш рет 20 миллионнан асты. Ал 2025 жылғы 1 маусымдағы соңғы деректерге сәйкес, Қазақстан халқының саны – 20,3 млн адам, – делінген хабарламада.

«SARBAZ+» пилоттық жобасы

Қорғаныс министрлігі жаңа форматтағы мерзімді әскери қызметтің «SARBAZ+» пилоттық жобасын іске асыруда. Бағдарлама әскери қызметшілерді даярлау сапасын арттыруға және заманауи технологияларды күнделікті әскер өміріне енгізуге бағытталған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Осы күзде Алматы облысында орналасқан Әуе қорғанысы күштерінің 78460 әскери бөлімінде 150 әскерге шақырылушы жаңа үлгі бойынша қызмет атқара бастайды. «SARBAZ+» сарбаздардың жеке және кәсіби әлеуетін дамытуға, қызмет көрсету жағдайларын жақсартуға және күнделікті қызметті басқаруға цифрлық құралдарды енгізуге бағытталған шешімдерді сынақтан өткізуге арналған алаңға айналады.

Әрбір әскери қызметшіге нақты уақыттағы биометриялық көрсеткіштерді бақылау үшін фитнес-білезік беріледі. Деректер медициналық персонал мен командирлерге қолжетімді орталықтандырылған мониторинг жүйесіне келіп түседі, бұл жеке құрамның денсаулық жағдайын тұрақты бақылауды қамтамасыз етеді. Бейне талдау жүйесі де енгізілуде.