Ел жаңалықтары

265

0

Мектепке даярлық көмегі кімдерге беріледі?

Қазақстанда әлеуметтік осал отбасылардың балаларын мемлекет есебінен мектепке дайындау шаралары басталды, – деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оқу-ағарту министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, биыл жаңа оқу жылы қарсаңында 500 мыңнан астам адамға – жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы балаларына қаржылай көмек беріледі.

Министрліктің хабарлауынша, өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар да назардан тыс қалмайды. Жалпыға бірдей білім беру қорынан ата-аналардың есепшотына әрбір бала үшін 46228 теңге аударылады. Осы ақшаға мектеп формасын, аяқкиім және кеңсе тауарларын сатып алуға мүмкіндік болады.

Айта кетейік, былтыр да 500 мыңнан астам баланың ата-анасына 22,2 млрд теңге аударылды. Сол кезде әрбір балаға 45 мың теңгеден шыққан.

Жаңа тәртіп қабылданды

Ұлттық қор қаражаты мақсатсыз пайдаланылған немесе есепті жыл ішінде игерілмеген жағдайда оны қайтарудың жаңа регламенті бекітілді, – деп хабарлайды Kazinform Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл жұмыс Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымы бойынша жүзеге асырылды.

Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата 2019-2021 жылдар аралығында Ұлттық қордан бөлінген нысаналы трансферттердің тиімділігіне аудит жүргізген.

Аудит қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне мынадай ұсынымдар берілді:

– қаражат рұқсат етілмеген бағыттарға жұмсалған жағдайда оны қайтару қағидаларын бекіту;

– пайдаланылмаған қаражатты қайтару мерзімі мен тәртібін нақтылау үшін тиісті қаулыға өзгерістер енгізу;

– нысаналы мақсатта пайдаланылғаннан кейін қайта қолдануға жол бермеу үшін бюджеттік кредиттер мен облигациялық қарыздар түрінде берілген қаражатты қайтару механизмін әзірлеу.

Нәтижесінде Бюджет кодексіне қажетті түзетулер енгізілді. Биыл 2 шілдеде Ұлттық қормен жұмыс тәртібін жаңартатын Үкімет қаулысы қабылданды.

Сонымен қатар Қаржы министрлігі 2025 жылға арналған бірқатар бұйрық шығарды. Оның ішінде бюджетті атқару және оның кассалық қызмет көрсету қағидалары, қазынашылық атқару және есепке алу рәсімдері, бірыңғай бюджеттік сыныптама, бюджет түсімдерін әртүрлі деңгейдегі бюджеттер, Ұлттық қор шоттары, бюджеттен тыс қорлар және ЕАЭО елдерінің бюджеттері арасында бөлу тәртібі қамтылған.