Ауылға келген мамандарға төлем тәртібі өзгереді
Stan.kz хабарлауынша, Ұлттық экономика министрлігі ауылдық жерге жұмыс істеуге келген мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну қағидаларына өзгерістер енгізгелі отыр.
Ендігі жерде ауылға келген сала мамандары 15 жылға дейінгі мерзімге 1% жылдық мөлшерлемемен несие ала алады.
«Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіп кешені салаларының мамандарына және ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметкерлеріне, ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген жағдайда, баспана сатып алу немесе салу үшін несие беріледі. Бұған дейін бұл мөлшерлеме жылына 0,01% еді» делінген хабарламада.
Сонымен қатар әлеуметтік қолдау шараларын алу үшін маманның немесе оның туыстарының өтініш берген күнге дейінгі соңғы екі жыл ішінде маман жұмыс істейтін ауылдық елді мекенге тиесілі аудан (облыстық маңызы бар қала, аудандық маңызы бар қала) аумағында меншігінде тұрғын үйі болмауға тиіс екені нақтыланды. Бұл бұйрық 2025 жылдың 18 тамызынан бастап қолданысқа енгізілмек.
Мектеп бағдарламаларына жасанды интеллект енгізіледі
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жаңа оқу жылынан бастап білім беру процесіне жасанды интеллект элементтері кезең-кезеңімен енгізілетінін мәлімдеді деп хабарлайды Stan.kz ендігі ақпаратында.
AI-ды енгізу алдымен «Цифрлық сауаттылық» пен «Информатика» пәндерінен басталады. Бұл бағытта орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні қолданудың этикалық стандарттары бекітілген. Оқушылар үшін Day of AI онлайн курстары, ал мұғалімдер үшін біліктілікті арттыру курстары дайындалған.
Министрліктің мәліметі бойынша, биыл 4,1 миллион оқушы мектепке барады. Олардың қатарында 341 мың бірінші сынып, 232 мың 11 сынып оқушысы бар.
Жеті блогерге қатысты іс сотқа жетті
Табысы туралы декларация тапсыру дауына қатысты 7 блогермен сот процесі жүріп жатыр. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев мәлім етті деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, 854 блогерге декларация тапсыру туралы хабарлама жолданған және 620 блогер қосымша 18,141 млрд теңгеге декларация тапсырған. Қазір 234 блогермен жұмыс істелуде, яғни толыққанды құжат тексеріледі. Сондай-ақ бүгінде 7 блогерге қатысты сот процесі жүріп жатыр. Бұл ретте Қаржы министрі барлық блогерді бизнес жүргізу барысында мұқият болуға шақырып отыр.
Дерекке қарағанда, биыл ақпаннан бастап Мемлекеттік кірістер комитеті табысын төмен көрсеткен 594 блогерге қатысты 53,3 млрд теңге бойынша хабарлама жібере бастаған. Тексеру, салыстыру қорытындысы бойынша осындай сәйкессіздік анықталған. Кейін табысын төмен көрсетіп, салықтан жалтарған қазақстандық блогерлер кірісін растап, салық төлей бастағаны белгілі болды.
«СБ» ақпарат





