3 тамызда қандай орындар жұмысын бастайды?

2757

3

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда 3 тамыздан бастап қандай нысандардың жұмыс бастауына рұқсат берілетінін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы COVID-19 ауруын жұқтыру мен одан келетін өлім-жітім жағдайының ары қарай тұрақталуы – экономиканың барлық секторын тартып, үйлесе жұмыс жүргізуге байланысты болмақ. Атап айтқанда тұрақтандыру бағытындағы қабылданған шаралардың нәтижесінің 30 пайызы ғана – медициналық көмек пен эпидемиологиялық шараларға байланысты. Ал қалған 70 пайызы жаппай маска кию режимі мен гигиенаға (30 пайызы), сонымен қатар әлеуметтік қашықтықты сақтауға (40 пайызы) байланысты», – деді Алексей Цой Үкімет отырысында.

Осылайша министр карантин аяқталғаннан кейін, яғни 3 тамыздан бастап қандай нысандардың жұмыс бастауына рұқсат берілетінін айтып өтті. Ол үшін төмендегі нысандарда санитарлық-дезинфекциялық режим сақталып, маска кию мен әлеуметтік қашықтықты сақтау талаптары орындалуы керек. Бұл нысандар жұмысын бастау үшін апта ішінде инфекцияның таралу деңгейі тұрақталып, төсек орындар 70 пайызға босауы тиіс.

«Атап айтқанда осындай шарттар орындалған жағдайда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, уақыты мен күні шектеулі тәртіпте сауда желілері, жабық азық-түлік нысандары мен азық-түлік сатпайтын базарлар ашылады. Сондай-ақ, балалардың коррекция кабинеті, білім беру орталықтары, балаларды дамыту орталықтары, топтық үйірмелер (бес баладан аспауы керек) жұмыс бастайды. Балалардың мектепке дейінгі мекемелеріне де кезекші топ режимінде жұмыс істеуге рұқсат. Сән-салондары, шаштараздар, косметикалық қызмет көрсететін орталықтар мен салондар, маникюрлар мен педикюрлар (алдын ала жазылу бойынша) да ашылады», – деді ол.

Алексей Цойдың айтуынша мемлекеттік қызметшілер мен кеңсе қызметкерлерінің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеу тәртібі сақталуы тиіс.


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<