Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің дамуы үшін қажетті 11 бағытқа ерекше тоқталғаны мәлім. Халқымыздың алдағы даму жолындағы ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру өте маңызды. Сондықтан ХХІ ғасырда ел тұрғындары терең білімді болуы қажет. Әсіресе ақпараттық технологиялар жоғары дамыған қазіргі қоғамға ұлт сапасын арттыру өзекті болып саналады.
Білімді, бай болу, күшті болу секілді құндылықтарды қалыптастыру және бұл көзқарастарды дамыту үшін алты қағида ұсынылады. Бірінші қағида бойынша ХХІ ғасырдың ұрпағы терең білімді болуы қажет. Шынында да, білімді адам өзін «білімдімін» деп санай алмайды. Тарихымызға қарасақ, халқымыздың көптеген ұлы даналары жоғары білімді болмаса да, рухы бай болған. Демек, қазіргі таңда адамның білімімен қатар, рухани дүниетанымы да дұрыс болуы керек. Білімді адам жоғары оқу орнын бітірген немесе бірнеше дипломы бар азаматтар емес. Жоғары білім алу барысында шала немесе теріс оқу деп түсінетін қоғамға жат құбылыстар пайда болып, ептілік тек мансапқұмарлыққа әкелуі мүмкін қаупі бар. Білімді адам отбасы, жеке басын ойлап қана қоймайды, ол қоғам дамуы үшін қызмет атқарады.
Екінші қағида бойынша жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет. Ғылыми түсіндірмелерде еңбек жеке адамның және қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған мақсатты, саналы қызмет ретінде дәйектеледі. Еңбек ету барысында адам ең алдымен табиғатты игереді, өзгертеді және қажеттіліктеріне сай бейімдейді. Ал экономикалық категория ретінде еңбек өндіріс факторларының бірі болып табылады. Білім және тәрбие беру процесінде еңбектің маңыздылығына ерекше мән берілуі керек. Отанға қызмет ету, басқа ұлт өкілдерімен достық пен ынтымақтастықта өмір сүру, тынымсыз әрі қажырлы еңбек, адамгершілікке шақыратын шығармаларды оқыту жас ұрпақты рухани байыта түседі. Осы арқылы біз жастарды ерінбей еңбек ету табыстың басты құпиясы екенін түсіндіре аламыз.
Үшінші қағидада айқындалғандай, кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асыру қажет. Қазіргі шарттарда кәсібиліктің, адамның кәсіби өзін-өзі анықтауының шынайы еркіндігі идеяларын жүзеге асыруға ықпал ететін объективті және субъективті факторлардың рөлі артып келеді. Кәсіби дағды – күрделі әрекеттерді түрлі шарттарда жүйелі, тиімді және сенімді орындаудың көрсеткіші. Психология ғылымында бұл ұғым маманның қоғамда қалыптасқан стандарттар мен талаптарға сай келетін құндылық құрылымдарын игеру деңгейі ретінде сипатталады. Сондықтан кәсіби дағдыны жеке тұлға, еңбек субъектісі және ұжымның ажырамас көрінісі ретінде қарастырғанымыз жөн. Жастар бойындағы жеке тұлға, қызмет және шығармашылықтың кәсіби дағдысына ерекше мән беруіміз қажет.
Төртінші қағидаға сәйкес темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керек. Расында да, табысқа жету үшін білім, дағды және қаржымен қатар, темірдей тәртіптің болғаны да маңызды. Өзін-өзі тәртіпке тәрбиелеу кез келген бастамадағы табыстың міндетті құрамдас бөлігі. Сондықтан келешекті армандау барысында баршамыздың жеке стратегиялық жоспарымыз жүзеге асады. Жаңа бастамаларды ілгерілету үшін жоғары жауапкершіліктің болғаны да маңызды. Біз жоғары жауапкершілікті тәуелділік ретінде емес, шешімдерді қабылдау, ел тұрақтылығын сақтау сынды қоғамдық маңызды құбылыстарға тікелей немесе жанама ықпал ету деп түсінгеніміз дұрыс.
Әділдік пен әділеттілік қасиеті – бесінші қағиданың басты түсінігі. Әділеттілік – қауіпсіздік пен еркіндік секілді қоғамның негізгі құндылықтарының бірі. Сонымен қатар, ол қоғамның даму көрсеткіштеріндегі құндылықтарда маңызды рөл атқарады. Бұл қоғамның нақты әлеуметтік-саяси құрылымын қалыптастыратын ресми және бейресми нормаларды әзірлеумен байланысты. Сондықтан Антика дәуірінде әділеттілікті түсіндірген мына екі көзқарас қазіргі таңда да өзекті: қоғамды тең ұстау – қоғамның барлық мүшелерінің алдын ала белгіленген шарттарға, ең алдымен заң алдындағы теңдігі; қоғамда бөліп тарату – белгілі бір қоғам алдындағы үлестіруге қатысушылардың еңбегіне, рөліне және шамасына сәйкес түрлі игіліктерді бөлу.
Алтыншы қағидаға сәйкес баршамызға адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық қажет. Негізінен адалдық адамның басты қасиеттерінің бірі болуы тиіс. Әділдік, табандылық, қабылданған міндеттемелерге жоғары жауапкершілік секілді адамгершілік қасиетті қамтитын адалдық ұғымы іс-әрекеттің дұрыстығына сенімділік, қоғам алдындағы қызметі дұрыс екенін танытатын шынайылықты қамтиды. Ұқыптылық болса, кез келген ресурстарды үнемді жұмсауға әкелетін және бағытталатын әрекеттер жүйесі болып табылады. Осы ұқыптылық арқылы біз өміріміздің сапасын жақсарта аламыз. Кез келген әрекеттерде тиянақтылықты басты ұстаным ретінде қабылдау экономикалық қатынастардағы қажеттіліктерге жедел жауап табуға мүмкіндік береді.
Ұлттың жаңа болмысы арқылы елімізде «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесінің қалыптасуына толықтай негіз бар. Ол үшін әрбір азамат мәселенің маңызын түсініп, қоғам болып бірлесе жұмыс атқарғанда ғана оң нәтижеге жете алатындығымызды ұғынуы қажет.
Ботагөз ПАРИДИНОВА,
философия магистрі, Қызылорда «Болашақ»
университетінің аға оқытушысы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<