Қазақ буыны қатайған баласын атқа мінгізіп үйреткен. Содан болар 5-6 жасқа келгенде үлкендер жағы «ат жалынын тартып мінер азамат болдың» деп, үміт артып бата беріп жататыны. Атқа мінген адамның бойында ең алдымен рух пайда болады. Оны әрбір адам шынайы сезіне алады.
Осыдан біршама уақыт бұрын кішкентайынан тайға мініп, ұлттық ойындарды ойнап өсетін бала көп еді. Ауыл сыртында ақ шаңы бұрқырап, көкпар тартылып жататын. Ал, қазір ше? Сол ауылдың өзінде тай-тулақты тақымдайтын емес, ертелі кеш ұялы телефоннан айрылмайтын бала көбейді. Өмір өзгерсе де айтайық, бұл енді өкінішті.
Ғалымдардың айтуынша, аттың бірқалыпты жай жүрісінің өзінде мінген адамның денесінде 110 түрлі тербеліс туады екен. Барлық буыны қозғалады. Адамға биохимиялық тұрғыда оң әсерін тигізіп, ағзаны нығайтады. Ал, дәрігерлердің келтірген дерегі тіпті қызық. Жылқы бұлшық еттерінің қозғалысы массаж жасауға қабілетті көптеген элементтерден тұрады. Бұл ағзаның одан әрі күшеюіне алып келеді. Оның температурасы адамның дене қызуынан бір жарым градусқа жоғары екені дәлелденген. Сондықтан атқа отырған сәттен бастап тақымға берілетін жылу қан айналымының жылдамдығын арттырып, саусақтың ұшына дейін айналып шығатыны нақтыланған.
Десек те, осы пайдалы кеңесті кейінгі кезде ұмытқандаймыз. Атқа шаппақ түгілі жанына жақын баруға қорқатындар бар. Атсейістердің айтуынша, атқұмар бала мен үзеңгіге аяқ салып көрмеген баланың арасы жер мен көктей болады екен.
Жылқы мінудің денсаулыққа пайдасы зор. Иппотерапия әдісін қолға алғандар бар. Бұл әдіс жұлынға зақым келгенде, миға қан құйылғанда, жабық бас сүйек-ми жарақатын алғанда, мінез-құлық өзгеріске ұшырағанда, көңіл-күй төмендегенде, ұмытшақтық пайда болғанда, шорбуынға және тірек-қимыл аппараты қызметі бұзылғанда, яғни, бір сөзбен айтқанда, адамның жүйке-жүйесіне қатысты ауруларды емдеуде қолданылады.
Иппотерапия арқылы науқастарға ем жүргізіп жүргендердің бірі – жаңақорғандық Асылбек Айдарқұлов. Қазір оның баптауында аттар бар. Жоғарыдағы диагноздар қойылған балаларды отырғызып, серуендетеді. Әсіресе, баяу жүргенде және желігенде адам денесінде минутына жүзден астам шайқау импульсі пайда болады екен. Себебі, жануар шапшаң жүрген сайын бұлшық етінің қозғалысы мінген адамға беріледі.
– Қазір балалар арасында түрлі аурулар көп. Аяғын тік баса алмайтын, денесін тіктеп ұстай алмайтындарға да тиімді. Сондай-ақ бір орында тұрмайтын, үздіксіз қозғалыста жүретін гипербелсенді бала да көп. Ондай балаларды да атқа мінгізу керек. Себебі, ол кезде бала өзін жинақы ұстайды, жануарды сипағанда жүйкесі тынышталады. Аутизм, Даун синдромына шалдыққан балаларға да пайдасы зор. Олар жануарды көріп қуанады, сөйлеуге, әсерін шығаруға тырысады. Сондықтан иппотерапия – көптеген ауруға шипа, – дейді ол.
Елімізде импотенцияға шалдыққан ерлердің көбейіп жатқанын айтқан дәрігерлер де алаңдаулы. Мамандардың сөзінше, бұған әсер ететін факторлар көп. Соның ішінде жастардың спортпен шұғылданбауы, атқа мінбеуі аурудың белең алуына әсер етіп отыр. Мұны облыстық ат спорт түрлерінің аға жаттықтырушысы да растады. Оның сөзінше, қазір атқа қызығатын бала аз.
Исламхан Боранбаев жастайынан сәйгүлік баптап, бәйге аттарын жаратты. Жүйріктері талай додада топ жарып жүр. 15 жылдан астам уақыттан бері шәкірт дайындап келеді. Облыстық ат спорты саласында елеулі еңбек етуде. Оның командасы көптеген сайыста жеңіске жетті. Шәкірттері – еліміз бойынша көкпар командаларының белді мүшесі. Жастар арасында атқа міну мәдениетін қалыптастырып, жандануына септігін тигізуде. Мектеп оқушыларына, атқа қызығушылық танытқан жастарға тегін үйретуде. Жылқы десе қаны қозатын қазақтың қарадомалақтары емес пе? Балалар қызығып, үйіріліп келе бастады. Олардың ішінде қыз балалар да бар. Атқа мініп үйренумен қатар бәйге, теңге алу, қыз қуу, жамбы атуды меңгеруде. Исламхан оларға тарих туралы айтуды да ұмытқан емес.
Түйгеніміз – атқа міну мәдениеті қайта қалыптасу керек. Салт-дәстүр, мәдениетін, өр рухын ат үстінде жүріп өрге оздырған ұлттың ұрпағы ұтылмағаны игі.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<