Былтыр 27 ақпанда «Nur Otan» партиясының кезекті ХVІІІ съезі өткен еді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы жиында ауылды түлетудің алғышартын айтып, елді мекендердің еңсесін тіктеу бағытындағы тапсырмалардың тиянақты орындалуы керегін жіті назарда ұстауды қадап айтты.
«Ауыл – ел бесігі» бірегей жобасы да осы съезде өмірге келген еді. Бұл бастамада ауылдағы әлеуметтік ортаны жақсарту, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту алдыңғы орында тұрды. Айта кетейік, 2019-2021 жылдарға арналған бұл жобаның аясындағы ауқымды істерге қазынадан 90 млрд теңге бөлінді. Өткен жылдың өзінде өңірде бірнеше ауыл осы жоба аясында жаңа кейіпке енді.
«Бірде-бір ауыл назардан тыс қалмайды»
Облыс көлемінде 230 ауылдық елді мекен бар. Жобаны орындаушы арнайы топ осы ауылдардың ішінен даму потенциалы жоғары және орташа деңгейдегі 103-ін таңдап алды. Бұл – қалған 127 елді мекен дамымай қалады деген сөз емес. Олар да өз кезегінде бағдарламалар арқылы жаңару кезеңіне аяқ басады.
– Ауылды қазақтың қарашаңырағы санаймыз. Десе де, бүгінде қаланы бетке алып, орталықтарға қоныс аударып жатқандар аз емес. Бұл – негізінен ауылдарды дамытуда жұртшылықтың елге ықыласын аударудан туған жоба. Неге қаладағылар ауылға көшіп, елдегі кәсіпті жандандырмасқа?!
Біз былтыр бастадық. Өткен жылы 1917 млн теңге бөлінді. Республикалық бюджеттің бүйірін түртіп, жергілікті бюджет қарап отырған жоқ. Оның 1719,0 млн теңгесі республикадан бөлінсе, 198,0 млн теңгесі жергілікті қаржы қазанынан шықты. Жоба аясында барлық ауылды жаңартуға болады. Тіпті, тіректі елді мекендер арқылы жанындағы елді мекендердің де жай-күйін жақсарту мақсаты бар. Бірақ, нысанаға алған елді мекеннің бір ғана жолын жөндеп қоя салмай, ол жерде қандай мәселе бар, соның бәрін шешуге атсалысамыз. Өйткені, жоба аясында жұмыс істелген ауылға біршама жылға дейін қайта айналып соқпауымыз керек, – дейді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Нұрасылова.
Қанатқақты жоба былтыр іске қосылғанда алғашқы нысанаға Жосалы және Жалағаш кенті алынған. Қос ауданда 31 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Жосалыдағы 18 жобаның ішінде білім, мәдениет салаларымен қатар, көшелерді жөндеу жұмыстары да бар. Ал жалағаштықтар осындай 13 жобаның игілігін көруде. Елге серпін берген жобаның жан-жақты мүмкіндіктері бар. Мәселен, өткен жылы осы бастаманың арқасында 54 уақытша жұмыс орны ашылды.
– Сөз басында айтып өттім. Жергілікті әкімдіктер де қарап отырған жоқ. Игі шараны пайдаланып, аймақтардың жаңа күйге енуіне барынша күш салып отыр. Былтыр осы екі ауданда өз бюджеттерінен 3 мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 11 көшеге жарық жүргізіліп, орташа жөндеуден өтті. Сонымен қатар, 4 көшенің сумен жабдықтау жүйесі қайта жаңғыртылды. Спорт алаңдары салынып, 12 бейнекамера орнатылды. Жеке меншік пен мемлекет арасындағы әріптестіктің де мол пайдасы тиіп, Жосалы кентінде 2 балабақша осы бағдарламаның байыпты жалғасына айналды, – дейді Алмагүл Рахманбердіқызы.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы кәсіпкерлік саласының өркендеуіне де жол ашады. Жосалы, Жалағаш кенттерінде 899 млн теңгенің 239 инвестициялық жобасы қолға алынды. Бүгінде іске қосылған нысандарда 171 тұрақты, 256 уақытша жұмыс орны ашылған.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<