Автобан ақылы болмақ

741

0

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі пайдалануға берілгеннен оның келешек ақылы жолға айналатыны туралы айтылып келді. Нарық талабы солай. Оның үстіне елімізде ақылы жолдар пайда болады. Енді сол қатарға өңірді көктей өтіп жатқан күре жолды қосу жоспары жасалғанынан хабардар болдық. Шын мәнінде, ақылы жол деген қайдан шықты? Бұл да сізді қызықтыруы мүмкін.

Тарихтан аз-кем

Бүгінгі түсінікпен қабылдайтын болсақ, ақылы жол термині XVII ғасырдағы ағылшын елінен бас­тау алады. Алғашқы кезде жол жиегіндегі үйлер тұрғындары сол жолдың жөндеуі үшін жауап берген екен. Бірақ, уақыт өте келе, жол қатынасы арта түскен сайын оны ұстап тұруға тұрғындардың шамасы келмейді. Тіпті жолды негізінен сау­дагерлер пайдаланып жатқаннан кейін тұрғындардың оны жөндеуге ықыласы да болмайды. Соның нәтижесінде 1663 жылы Ағылшын парламенті елдің үш графтығында жол үшін ақша алып, қаржыны жол жөндеуге пайдалану үшін арнайы судьялар өкілеттілігін бекітеді. Жол қатынасындағы нарықтық реттеулер осылай бастау алған еді.

Қазір әлемде автожол­дардың ұзындығы 30 млн шақырымнан асса, оның 200 мың шақырымға жуығы ақылы. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Италияда 7, АҚШ-та 9, Мексикада 6, Қытайда 34, ал Жапония мен Малайзияда 10 мың шақырым жол ақылы екен. Ақылы жолдар Африка құрлығындағы бірқатар мемлекеттерде де бар. Қысқасы, заманауи және қауіпсіз жолдармен зымырап жүру үшін әлемнің 30-дан аса елінде ақы төлейді.

Ақылы жолдар болуын қалай­тындар да және оған қарсы пікір білдірушілер де бар. Десе де, әлем бойынша мұндай жолдардың болуы оның қажеттілігін көрсетеді, нарықтық экономикадағы елдер үшін қалыпты жағдай саналады.

Көрсеткіш өсетін

түрі бар

Сөз жоқ, жол құрылысына көп қаржы жұмсалады. Оны күтіп-ұстау да оңай емес. Демек, бюджеттен қаржы шығынын азайтудың бір тәсілі – жолды ақылы ету. Дамыған елдерде бұрыннан бар тәжірибеден Қазақстан да тыс қала алмады. Осылайша 2013 жылдың мамыр айынан бастап ұзындығы 224 шақырымдық «Астана-Щучинск” автобаны ақылы жолға айналып, бір жылда 800 млн теңгеден астам қаржы түскен.

Бүгінгі таңда елімізде «Нұр-Сұлтан-Щучинск», «Нұр-Сұлтан-Те­мір­тау», «Алматы-Қапшағай» және «Алматы-Қорғас» аралығында бар­лығы 682 шақырым болатын жол ақылы жүйеде жұмыс істейді. Өт­кен жылы осы жолдарды пайдалану нәтижесінде 5 млрд теңгеден астам қаржы түскен. Бұл қаржы жол учаскелерін жөндеуге, оны жақсы жағдайда ұстап тұруға, сервистік қызметтерді жақсартуға, басқа да игіліктерді жасауға жұмсалады.

Ақылы жолдарды пайдалану тәжірибесінің табысты іске асқанына байланысты 2019 жылы инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Соған сәйкес 2024 жылдың аяғына қарай елдегі 11 мың шақырым жол, яғни республикалық маңызы бар тас жолдың жартысы ақылы болады.

2025 жылы 11 мың шақырымдық жол ақылы негізге айналғанда ­Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жыл сайын 70 млрд теңгеден астам қаржы түсіреді деген болжам жасап отыр.

Тиімділік неде?

Ал енді біздің облыстың жағ­дайына қайта айналып келейік. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ұйым­дастыруымен «Достық» үйінде өткен қоғамдық тыңдау «Қызылорда-Шымкент», «Қызылорда-Қарабұтақ» автомобиль жолы учас­кесінде қауіпсіз жүйені енгізу туралы болды.  «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілі Бауыржан Камаладин  мемлекеттік бағдарламаға  сәйкес 2024 жылдың аяғына қарай елдегі 11 мың шақырым жол, яғни республикалық маңызы бар тас жолдың жартысы ақылы болатынын айтып, оның ішінде «Қарабұтақ-Қызылорда» және «Қызылорда-Шым­кент» жол учаскелері бар екенін жеткізді. Бұл жол учаскелерін ақылы жүйеге енгізу биылдың өзінде бастау алмақ.

Ақылы жүйені енгізу жолдарда жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін және жайлылығын қам­тамасыз етуге, жол апатын азайтуға, жол инфрақұрылымының дамуына ықпал ететін болады. Барлық төлем жүйесі енгізілген автожол учаскелерінде мін­детті түрде жарықтандыру, үй жан­уарларының жолға шығып кетпеуі үшін қоршаулар, сондай-ақ, түнгі уақытта жүргізушілердің қауіпсіздігін қам­тамасыз ету үшін арнайы белгілер мен катафоттар орнатылады. Ал, мониторинг жүргізудің заманауи смарт-жүйесі жолдағы көліктердің легі мен жылдамдығын бақылайды.

Сонымен қатар, арнайы байланыс орталығы жұмыс істейді. Жүргізушілер тәулік бойы 1403 call-орталығына тегін қоңырау шалып, ақылы автожолдарға қатысты сұрақтарына жауап ала алады.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ақылы учаскелерде тәулік бойы патрульдеу жүргізіледі. Жол қызметтері жолдың жай-күйін тексереді, жол жиегін тазалауды жүзеге асырады және төтенше жағдай кезінде жедел көмек көрсетеді.

Төлем қалай жасалады?

Қоғамдық тыңдауда жеңіл автокөлік үшін ІІ-ІІІ техникалық санаттағы жолдармен жүру тегін, ал І санаттағы автожолдарға іргелес аудандардың тұрғындарына жыл­дық абонемент бойынша жеңіл­дікпен жол жүру ұсынылатыны туралы айтылды. Мысалы, авто­дә­ліздің Қызылордадан батыс аудандар бағытындағы жол ІІ санатта болғандықтан, онда тек жүк автокөліктері үшін ғана ақылы болмақ. Ал Шымкент бағытында жеңіл автокөліктер үшін де төлем жасалады. Облыс аумағында тір­келген жеңіл автокөліктер үшін 1 мың теңге абонементтік төлем жасап, бір жыл бойы жүре алады.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ  келесі өкілі Берік Хасенов жолдарда төлем қабылдаудың «ашық» жүйесі енгізілетінін айтып берді. Бұл ақылы учаскелерде шлагбаумдардың болмауын көздейді. Яғни, көліктердің мемлекеттік нөмірлерін тіркеу, жүріп өткен жол үшін ақы алу бақылау аркаларына бекітілген арнайы камералар және жабдықтардың көмегімен жүзеге асады. Жол ақысын төлеу үшін автокөліктің мемлекеттік нөмірі бойынша шотты толтырудың 20-дан астам түрі қарастырылған.

Қоғамдық тыңдау барысында қатысушылар тарапынан көптеген сұрақ қойылып, бірқатар ­ұсы­н­ыс айтылды. Сын да қозғалмай қалмады.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<