Азаматтық бастамалардың алтын арқауы

1041

0

Кеше «Достық үйінде» Алматыда өткен «Қоғам мен мемлекеттің тұрақты даму мүддесіндегі әріптестікке 30 жыл» атты Қазақстанның Х Азаматтық форумы жалпы отырысының онлайн көрсетілімі өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова және облыстық үкіметтік емес ұйымдар альянсына кіретін белсенді ҮЕҰ жетекшілері қатысты.

– Бүгінде облыста 994 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олардың 454-і өңірдің рухани, мәдени, әлеуметтік өміріне белсенді қызмет етіп, өз үлестерін қосуда. Жылдан жылға мемлекеттік тапсырыс арқылы ҮЕҰ-ға қаржылай қолдау көрсету көлемі артып, жұмыс істеуге мүмкіндіктер жасалып отыр. Кейінгі бес жылда облыстық бюджеттен бөлінген қаржы көлемі үш есе артты. Бұл үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына оң әсерін тигізіп, олардың көмегімен көптеген мәселелер шешімін тапты, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстанда азаматтық белсенділікті дамыту және қолдау мемлекеттік саясаттағы басым міндеттердің бірі болып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында азаматтық мәдениетті дамыту мен жергілікті өзін-өзі басқаруды жаңғырту, ерекше қажеттіліктері бар және өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтардың әлеуметтік ахуалын жақсарту, экологиялық мәселелерді шешудің маңыздылығын атап өтті.

Осы және азаматтық қоғамның белсенді өкілдерін толғандыратын басқа да көптеген мәселелер Алматыда өткен «Қоғам мен мемлекеттің тұрақты даму мүддесіндегі әріптестікке 30 жыл» атты Қазақстанның Х Азаматтық форумында талқыланды. Шараға қатысушылар азаматтық бастамалардың өсу тұстары туралы айтты. Форумға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева және басқалар қатысты.

Форумның пленарлық отырысында ауылдағы азаматтық бастамаларды дамыту, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықаралық ынтымақтастық, азаматтық қоғам, экология және инклюзия мәселелері қаралды.

Пленарлық отырыстан кейін ҮЕҰ  сыйлығы салтанатты түрде табыс етілді. Төртінші жыл қатарынан өткізіліп отырған дәстүрлі шара ҮЕҰ-ны 15 маңызды бағыт бойынша республикалық, салалық және өңірлік деңгейдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге қосқан үлесі үшін ынталандыруға бағытталған. Аталған сыйлыққа «Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау» бағыты бойынша Қызылорда облысындағы ҮЕҰ арасынан «Дәметкен» жеке қайырымдылық қоры (жетекшісі Дина Исмаилова) ие болды. Сондай-ақ «Өрлеу-Консалтинг» жастар қоғамдық бірлестігі (жетекшісі Достанбек Жұпан) марапатталды.

Бұл ретте «Таңдау» сыйлығы алғаш рет Қазақстанда әлеуметтік және қоғамдық өмірге, тәуелсіздікті қалыптастыруға және азаматтық қоғам құруға қосқан үлесі үшін 15 номинация бойынша 10 жылдан астам тәжірибесі бар ҮЕҰ арасында табыс етілді.

Естеріңізге сала кетейік, X Азаматтық форум Нұр-Сұлтан қаласында 22-24 қарашада онлайн режимде басталып, 26 қараша күні Алматыда оффлайн форматта жұмысын аяқтады. Шара аясында 30-дан астам пікірталас алаңы, сарапшылық талқылау ұйымдастырылды. Іс-шаралардың гибридті форматының арқасында форум 20 мыңға жуық адамды қамтыған.

Форумды ұйымдастырушылар – Қазақстанның Азаматтық альянсы мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі. Ол қоғамды және демократиялық үдерістерді дамытуға, БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға және оларға қол жеткізудегі қоғамның, мемлекет пен бизнестің негізгі міндеттеріне арналды. Бағдарлама кең ауқымды тақырыптарды қамтыды.

Дәстүр бойынша форум азаматтық бастамаларды қолдаудың жүйелі шараларын қабылдауға ықпал етеді. Сондай-ақ стратегиялық және заңнамалық құжаттарды дайындауға көмектеседі.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<