Азапты алаңда азаттық алауы жағылған

869

0

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» деген болатын.

Сыр елінде Желтоқсан оқиғасына қатысқан 142 адам бар. Жыл басынан бері мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық қоғам институттарының бастамасымен   желтоқсаншыларға лайықты құрмет көрсету мақсатында 100-ге жуық  іс-шара ұйымдастырылған.  Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова желтоқсаншылармен кездесті. Тәуелсіздік құндылықтары мен тарихи оқиғаның тағылымы төңірегінде пікір алмасты. Сондай-ақ, кеше «Тағзым» алаңында Желтоқсан оқиғасы құрбандарының құрметіне қойылған ескерткіш-белгі ашылды.

Облыс әкімдігінде өткен кездесуге облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, белсенді желтоқсаншылар Аманбай Қанетов, Асқарбай Бекбосынов, Ерлан Бисембаев және облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов қатысты.

Аймақ басшысы Тәуелсіздік үшін күрескен азаматтарға алғыс білдіріп, олардың рухты іс-әрекеттерін жастарға өнеге ету – басты баршаға ортақ парыз екенін жеткізді.

– Еліміз тәуелсіздік алған тұста, оқиға салдарынан зардап шеккен азаматтарды ақтау мақсатында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылданып, желтоқсаншыларымыз толық ақталды. Тәуелсіздіктің бастауы болған Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызы уақыт өткен сайын тереңдей түспек. Сіздердің ерлік істеріңіз халық жадында мәңгілік сақталады, – деді облыс әкімі.

Жиында Желтоқсан оқиғасына қатысушылар – Аманбай Қанетов, Асқарбай Бекбосынов және Ерлан Бисембаев сөз сөйледі.

Сондай-ақ, кеше «Тағзым» алаңында ескерткіш белгінің ашылу салтанатына жиналған қауым алдымен сол оқиғада жанын қиған қазақ жастарының ерлігін бір минут үнсіздікпен еске алды. Аймақ басшысы 35 жыл бұрынғы оқиғаның тарихи маңызына тоқталды.

– Осыдан 35 жыл бұрын, 1986 жылы 17-18 желтоқсанда Алматының Орталық алаңына  жиналған қазақ жастары тоталитарлық әміршіл жүйенің ұстанымына қарсы шықты. Жастардың талап-тілегін ескермеген Кеңестік саясат оларды басып-жаншып, ату жазасына кесіп, түрмеге тоғытқаны әрқайсысымыздың жадымызда әлі жаңғырып тұр. Ұлттық еркіндікті аңсаған, өзін-өзі  билеу құқын талап еткен жастарды ондаған өрт сөндіргіш машиналар аязды күні лафетті ұңғыдан су шашып қуды. Арнайы жасақ саперлі күрекпен ұрып, итке талатып жазалады. Осындай жантүршігерлік әрекеттер жастарымыздың жанын да, тәнін де жаралады. Ол оқиға 1987 жылы Кеңестер Одағы коммунистер партиясы Орталық комитетінің қаулысымен «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» ретінде бағаланып, алаңға барған өрімдей жастар қудаланды. Оқудан шығарылды, жұмыс орнынан аластатылды. Десек те, Желтоқсан көтерілісі қоғамның саяси өмірін демократияландыруға серпін берді. Осы оқиғадан соң Кеңес Одағының әр жерінде  демократиялық қозғалыстар біртіндеп орын алып, оның ақыры Кеңестер Одағының құлдырап, республикалар тәуелсіздігін жариялаған тарихи қадамға ұласты. Сол кезде алаңға шыққан жастардың арасынан Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Қайрат Рысқұлбеков есімдері ерліктің символы болып, күллі қазақ даласына тарады. Желтоқсан оқиғасы тереңде бұғып жатқан тәуелсіздігіміздің алтын тінін  тартып шығарды. Сол жолда мыңдаған қазақ жастары азап кешіп жүріп, азаттық алауын жақты. Бұл көтерілісті бүгін халық ардақтап, тарих мойындады, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Желтоқсан оқиғасы туралы өте мағыналы ой тастағанын, олардың азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек екеніне тарихи баға бергенін атап өтті.

–    Биыл біз тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойын атап өте отырып, осыдан 35 жыл бұрын егемен ел болуымызға жол ашқан желтоқсаншыларымызға құрметімізді білдіреміз. Тәуелсіздік – біз үшін ең асыл, баға жетпес құндылық. Елбасының сөзімен айтсақ, ол – ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы жан алысып, жан беріскен санғасырлық күресінің заңды жалғасы. Халықаралық құжаттармен бекітіліп, мәңгілікке берген сыйы. Біз әр кезде, қиын-қыстау шақтарда халқымыздың қалқаны болған батыр ұл-қыздарымызды мақтан етеміз. Олардың өмірі мен ісін ұрпаққа үлгі қылып, өнегесін тарату – біздің азаматтық әрі елдік парызымыз. Желтоқсан оқиғасына қатысқан барлық азаматтарды қала және аудан әкімдері қабылдап, марапаттап, құрмет көрсетті. Міне, бүгін Желтоқсан құрбандарына арналған  белгі соғып отырмыз.  Белгінің авторы, мүсінші Жәркен Ісмағұловқа арнайы ризашылығымызды білдіреміз. Желтоқсан оқиғасында құрбан болған жастардың есімдері халық жадында қалады. Батырлар рухына тағзым. Еліміздің еңсесі биік, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! – деді облыс әкімі.

Мұнан кейін Желтоқсан оқиғасына қатысушы Аманбай Қанетов алғыс білдірді.

–    Қандай жағдай болмасын, ендігі жерде қазақ топырағында «Желтоқсан» болуға тиісті емес. Тәуелсіздік – ата-баба арманы. Оны ұстап тұру және кейінгі ұрпаққа аманат ету – бізге міндет. Еліміздің көк туы биікте желбіреп, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! – деді.

Қазақ жастарының өр рухы, азаттыққа ұмтылған өжеттігі кескінделген ескерткіш белгіні ашу құрметі облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамовқа, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев және Желтоқсан оқиғасына қатысушы Аманбай Қанетовке берілді.

Айта кетейік, ескерткіш белгінің биіктігі 3,55 метр, табиғи гранит тастан, ортасында орналасқан жылқы бейнесі қоладан жасалған. Мүсінде тұлпар мінген жас қазақтың еркіндікке ұмтылып шауып бара жатқан сәті бейнеленіп, «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының құрбандарына мәңгілік тағзым» деп жазылған.

Іс-шара соңында құран бағышталып,  гүл шоқтары қойылды.

Айсәуле қарапаева,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<