Байқоңыр – Қазақстанның бренді

1354

0

2020 жылдың 2 маусымында Байқоңыр қаласының және «Байқоңыр» кешенінің құрылғанына 65 жыл толды. Орасан зор әлеуеті бар ғарыш кешенінің құрылуы біздің тарихымыздың жарқын көрінісі болып табылады. Себебі адамзаттың ғарышқа самғауы нақ осы жерден басталып, Байқоңыр әлемдік ғарыш астанасына айналды. 2021 жылы Юрий Гагариннің ғарышқа самғаған алғашқы сапарына 60 жыл толғалы отыр.

1994 жылдың 10 желтоқсанында Мәскеуде Қазақстан мен Ресей «Байқоңыр» кешенін жалға алу туралы келісімге қол қойды. Өйткені Байқоңыр жалға беру шартымен қызмет атқаратын Қазақстан Республикасының әкімшілік аумақтық бірлігі болып саналады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың 8-9 қарашасында Петропавл қаласында өткен Қазақстан – Ресей аймақаралық ынтымақтастықтың XV форумында сөйлеген сөзінде: «Біз сіздерді өзіміздің жақын әріптесіміз және шынайы көршіміз ретінде ыстық ықыласпен қабылдаймыз. Жақын көрші алыстағы ағайыннан артық деседі, демек, біз – көршіміз, біз – туысқан елміз» деп атап көрсетуі тегін емес деп ойлаймын.

Қазақстан мен Ресейдің бүгінгі қарым қатынасы – осының айқын дәлелі. Олар мемлекетаралық қатынастың жоғары көрінісіне айналды. Байқоңырдағы ынтымақтастықтың әлеуеті әлі де зор.

Байқоңыр – көпұлтты халықтың мекені. Онда азаматтық пен ұлттық сипаты бойынша бөлінбейтін 77 мыңнан астам халық тұрады. Себебі олардың барлығы мемлекетаралық келісімге сәйкес қала тұрғындары болып саналады.

Қалада және «Байқоңыр» кешенінде Ресей тарапы жалға алушы ретінде кешеннің материалдық-техникалық, технологиялық, ғылыми-зерттеу жағынан дамып, өркендеуіне орасан зор үлес қосып келеді. Сондай-ақ жалға алған нысандарға ағымдағы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қайта жаңғыртуды өз есебінен жүзеге асырады. Үстіміздегі жылы Ресей тарапы Арбат аймағының жүргіншілер аумағына күрделі жөндеу жүргізді, Шубников атындағы паркті көгалдандырып, Горький, Абай, Совет, Гвардейск, Гагарин көшелеріндегі аялдамаларды абаттандырды. Сондай-ақ, қалада инженерлік инфрақұрылымдарды, тұрғын үй-коммуналдық нысандарды дамыту, тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз ету, әлеуметтік инфрақұрылымдарды өркендету, туризмді дамыту бойынша ұзақ мерзімге арналған бағдарлама қабылданды. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға Ресей тарапы жағынан Байқоңыр қаласының әкімшілігі, сондай-ақ Қызылорда облысының әкімдігі де бірге атсалысатын болады.

Соңғы 30 жыл ішінде Байқоңыр қаласында 2019 жылы тұңғыш рет «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 50 пәтерлік 5 үй салынып, оларға қала тұрғындары – Қазақстан азаматтары қоныстанды.

«Байқоңыр» кешенін газбен жабдықтау келісімі бойынша қаланың әлеуметтік нысандары мен тұрғын үйлері табиғи газға көшірілді. Қазіргі таңда Ресей тарапы жылу-электр орталығын газға көшіру жөніндегі жұмыстарға кірісті. Осының нәтижесінде коммуналдық тарифтердің қызмет бағасы төмендейді деп күтілуде. Әлбетте, осының барлығы қаланың дамуына оңды сипат береді деп ойлаймын.

Бұған қосымша Байқоңырдың 2020 жылға арналған әлеуметтік экономикалық дамуының Жол картасы бекітілді. Ол бойынша жаңа тұрғын үй құрылыстары жүргізіліп, сумен жабдықтау, су тарату жүйелері қайта жаңартылады.

Сондай-ақ халықтың аз қамтылған тобын қолдау жөнінде шаралар да жүргізілуде. Коммуналдық қызметтің жоғары тарифін ескере отырып, келесі жылдан бастап қала тұрғындарының бұл бағыттағы шығындарының бір бөлігін өтеуге қатысты шаралар қабылданады. Осының негізінде тұрғын-үй жәрдемақысын алатын Қазақстан азаматтарының саны ұлғаяды деп күтілуде. Сонымен бірге Қызылорда облысы бюджеті есебінен бөлінетін шығын мөлшері де артады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың дағдарысқа қарсы шаралар кешенін жүзеге асыру мақсатында төтенше жағдайлар кезінде халықтың комму­налдық төлемдерін өтеу ережесіне сәйкес Байқоңыр қаласының 2083 отбасына республикалық бюджеттен 62,4 млн теңге бөлінді.

Сондай-ақ әлеуметтік-еңбек саласында бірқатар мемлекеттік қызмет көрсету ережесіне сәйкес және төтенше жағдайлар кезінде бірқатар халық тобын азықтық-тұрмыстық өніммен қамтамасыз ету мақсатында 3591 азаматқа 78,2 млн теңгенің өнімдері тегін таратылды.
Сонымен бірге аз қамтамасыз етілген тұрғындардың тобына
«Biz Birgemiz» атты республикалық акция шеңберінде Байқоңыр қаласының, Төретам кенті мен Ақай ауылының 704 тұрғынына 35,2 млн теңгенің көмегі көрсетілді.

Пандемия жағдайында бізге Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің көмекке келіп, өкпені жасанды тыныс алу аппаратымен және 12 оттегі баллонымен қамтамасыз еткенін атап өткім келеді.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының жүзеге асырылуы барысында тұрғындарға мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік берілді. Бұл орайда 2020 жылы 81 тұрғынға жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін жергілікті бюджет есебінен 45 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант бөлінді. Жастар тәжірибесі мен қоғамдық жұмыстарға 500-ге жуық азамат тартылды.

Қазіргі таңда Қызылорда облысы әкімдігінің бастамасы бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігімен ҚР заңдылығына сәйкес өскелең ұрпақты патриоттық, рухани-адамгершілік бағытта тәрбиелеу, сондай-ақ мемлекеттік тілді дамыту, мемлекеттік білім гранттарына қол жеткізудің тең жағдайын қалыптастыру мақсатында «Қазақстан тарихы», «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәндерін Байқоңыр қаласының әкімшілігіне бағынышты орта мектептерде оқыту міндетті мәселе ретінде қаралуда.

ҚР Үкіметі 2021 жылы сумен жабдықтау және тарату жүйелерін қайта құру мен жарақтандыру жобаларына, сондай-ақ тағы 50 пәтерлік 5 үйді салуға қаржы бөлетін болады. Бұл жұмыстарды атқару барысында жаңа жұмыс орындарын құруға, азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға, құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде ауызсу сапасын көтеруге мүмкіндік береді.

Қаланың ойын-сауық туристік әлеуетін көтеру «Россия» қонақ үйі ғимаратын жалға алу мәселесін шешеді және таяу уақытта оған қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, әлемдік деңгейдегі қонақ үй кешенін ашу үшін Қазақстандық инвесторға берілетін болады.

Тұтастай алғанда, қабылданып жатқан шаралар Қазақстан мен Ресейдің ғарыш саласындағы ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеріп, Байқоңыр қаласының дамуына жаңа серпін әкеледі.
Сөзімді қорытындылай келе, Сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтай отырып, зор денсаулық, бейбітшілік пен сәттілік тілеймін!

Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА,

Қызылорда облысының әкімі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<