Балқаш көліне барғанда

830

0

1980 жылдардың соңы болатын. Күз. Аралдық бір топ балықшы Балқаш көліндеміз.

Теріскейден тұрған ызғырық желмен бетбет-бет жүзе отырып біраз жерге келдік. Салған ауларымызға бірлі-жарым шортан болмаса өзге ештеңе түсе қойып тұрған жоқ. Көл беті бір кездерде тұнық болып тұрған. Әп-сәтте-ақ алай-дүлей болып, ашуға мініп шыға келеді.


Күн қабағын аңдап қарап тұрған Тарғын: «Ай, қазір күн бұзылады-ау» десін. Айтқанындай артынша күн райы өзгеріп шыға келді.


– Тарғын-ау, не қыламыз? Сен кеше алыстау шығатын бір жер бар деп едің, – дедік. Ол айналаға барлаушыдай шолып қарады да:
– Жылымды майлауға болады. Бірақ, оған шыдам керек, – деді.


– Олай болса неге бармасқа? Тәуекел, сақадай дайындалып барайық,–дедім мен де өзгелерге қосылып.

Қосыннан үш күнге жететін азығымызды алдық. Мықты арқан, жылы киімдер, қосалқы қайық сұрап Әбдез, Жетес, Нағашыбай, Құдайберген, Нәтсетбай бар, жалпы саны оншақты балықшы болып қайыққа отырдық. Біраз жер жүзген соң Тарғын орнынан тұрды да:


– Анау тауды көрдіңіздер ғой.


– Иә, көрдік.


– «Шауқар» тауы осы. Соның арғы бетінде 20-25 метр терең жерлер бар. Сол жерлерге тастаймыз. Бірақ байқаңдар, су толқынымен көрінбей жататын үшкір тастарға қайықты ұрып алмаңдар.


– Ондай жерден қалай болар екен?


– Қалай болғанда біз осыған дайын келе жатырмыз ғой.


– Жоқ, біз екі үш күн күтеміз. Сонда ол:
– Ой, аға, оны табиғат шешеді. Біз де сол табиғаттың тосын мінезін пайдаланып, осындай қиын жердегі балықтарды алып қалуымыз керек,– деді.


«Мейлің» дедік те тауға жақындай бере екіге бөліндік. Әлгі тауды айнала бере ау салдық. Ау салғандада мына жерге үлкен көзді, мына жерге қысқа ау деп, әйтеуір ауды алалап, әр жерге бөлекше бөлекше түрлерін тастаттырды. Күн еңкейе бере таудың ықтасынына жетіп, қонатын жерімізді ыңғайлап, жан-жағымызды бекіттік. Сәлден соң дауыл көтеріліп, күшейе түсті.


Түр ортасы. Есерлене соққан дауыл биікке шықсаң жұлып әкетердей. Бірде оң жақтан келіп соқса, бірде сол жақтан келіп ұрынады. Көлдің ақжал толқыны ақкөбіктене атқылып, жағалауға солқ-солқ соғып, ішін тарта кері кетіп барып қайта бүркейді. Аспан төңкеріліп жерге түсіп жатқандай болған соң алаңдадым ба, әлде уайым ұйықтатпады ма тыпыршып ұзақ жатқан соң орнымнан тұрдым.

Анадай жерде біреу көлбеңдеп жүрген секілді болды. Өзіміздің жігіттер ғой деп іштей сеніп тұрсам да күдігім түрткілеп орнымнан тұрдым. Сөйтсем Тарғын екен.


– Ау, не болды, неге ұйқы жоқ?– дедім.


– Мына дауылға риза болып тұрмын. Жылымды жақсылап майлайды-ау,– деді сүйсіне қарап.


– Сәтін салып ертеңге дейін басылса де.
– Ой, жоқ, басылмайды. Екі-үш күн күтеміз,– деді тағы емін-еркін.


– Екі-үш күн?


– Иә, біз соған дайын келдік ғой, – деді бір қойтастың үстіне отырып жатып.

Осыншалықты сабырлылығана, бір нәрсені біліп соған сүйеніп тұрғанына іштей сендім де одан әрі қазбаламадым. Қасына барып өткен-кеткенді әңгімеледік.


Тарғынның айтқаны айдай келді. Дауыл үш күн қатарынан соқты. Апарған азығымыз да жетіп жығылды. Үш күндік аласапыраннан соң күн қабағы шайдай ашылып, жуаси қалған. Қайықтарымызды сүйрелеп әкеліп суға түсірдік те, қайтадан екіге бөлініп, тастаған ауларымызға бардық.
Барам дегенше сан түрлі ойға кеттік.

Үш күнгі дауыл ауларымызды орап тастады ма, ықтырып кетті ме, әлде «дауылды күні балықшы демалады» дегендей ештеңе ілмей, демалғанымыз бола ма? Сұрақ көп, жауабын барған соң көреміз. Бірақ, Тарғын өз-өзіне сенімді, бір мол табысқа кенелердей қуанышты.


Тауды айналып өтіп, ауларымызға да жақындадық. Барлығымыз үздігіп, қол көлегейлеп бояқтарды аңдып келе жатырмыз. Тұман мен толқында балықшы ауды осы бояққа қарап тауып алады. Бір кезде Жасағанберген «ауды балық жылыстатқан секілді» деп дауыстады. Барлығымыз шаттықтан орындарымыздан тұрып кеттік.


Бұл жолы да Тарғынның болжағанындай болды. Жетек қайықтардың аузы-мұрнынан шығарып балық алып қайттық. Жағалауға жақындағанда біреулердің ербеңдеген, қол бұлғағанын көзіміз шалды. Ұзақтан қарап келе жатқан Тарғын: «Осылар бізді жоғалды деп жар салып, әуре-сарсаңға түскен-ау шамасы» деп жымия күліп. Шынымен солай болған екен.

Дабыл қағылып, «он балықшы суға кетті» деп мәлімдеме жасалып, дереу іздестіру жұмыстары жүріп жатыр екен.
Осы сапар ауыр соқты ма, әлде жақпас бірдеңе жедім бе, ертеңіне қатты ауырып қалдым. Әлсірегеннен жантайып құлап бара жатыр екенмін. Көзімді ашсам Тарғын басымды сүйеп, аузыма су тамызып отыр.
Шіркін, Тарғын сондай жана таза, алтын жігіт еді ғой. Кез-келген ортаға сыйысып кетіп, аға-іні болып алатын.

Жас кезіндегі болмысы қандай, дәл сондай болып өтті. Қолында қаржысы да болды, атақтан да құр қалмады. Бірақ менменсінгенін жалқы мәрте болса да көрген емеспін. Қашан кездессең де елпілдеп, алдыңда құрақ ұшып жүреді.


…Бозбала кезіміз болатын. Ескіұрадағы қамыс зауықа Елшібай деген жерден қамыс шауып, тасимыз. Тарғынның Қазалыдағы оқуын бітіріп келіп, трактор жүргізіп жүрген кезі. Екеулеп шабылған қамысты буамыз.

Мен елу бау қамыс буғанда ол жүз бау қамысты буып тастайтын. Шалт қозғалса да бір шаршамайтын. Сөйте жүріп бір көлеңкеге демала қалсаң суыңды тасып, барлық жағдайыңды жасайтын елгезектігін айтсаңшы.


Қамыс зауытында бір жылдай жұмыс жасадым да, 1965 жылы әскер қатарына кеттім. 1967 жылы ауылға қайтып келгенімде Тарғын балықшы Боташ ағамыздың жылымында жүр екен. Мен де бригадқа жұмысқа кіріп, қайтадан бірге жүрдік. «Інісі бардың – тынысы бар» деген, ол жақта да қолқанатым болды. Жасы үлкен кісінің барлығына осылдай құрақ ұшатын.


Боташ ағамыз бір күні Аралға көшетін болды. Орнын Тарғынға бергісі келетінін айтып, бізден пікір сұрады. Бірауыздан қолдай кетіп, ұжым болып сенім арттық. Мұнымызды естіген Тарғын «жоқ, мен ағаларым тұрғанда звеноға бригадир болмаймын» деп тартыншақтады. Сонда жасы үлкен балықшылар: «Әй, Тарғын! Бұлай шегіншектеме. Сенің үлкеннің алдынан кесе өтпейтін қасиетіңе ризамыз. Ал, мына жауапты жұмыс аға-іні жолын тосып тұратын іс емес. Бұл сенің мойыныңа жүктелген міндет» – десті.


Сөйтіп, Тарғын Әбілдаев «Шөмішкөл» учаскесіндегі бес балық аулау звеносының бірін басқарды. Жалындап тұрған шағы, алғырлығы мен еңбекқорлығын көрсетіп, ұжымды алға сүйрей білді. Онымен бірге Қаратереңде, Ақбастыда, Көзкөрмес пен Көзжетпесте және өзге де жерлерде бірге болдық. Балқаш пен Зайсанның да балықшыларын таңғалдырып қайтқан едік.

Зайсандықтар «Теңізді кешіп жүрген Тарғынға біздің көл тобығына да келмей келмей қалды ғой» дейтін.


Соңына айшықты із қалдырған Тарғын ініміз сондай іскер, белсенді азаматтардың бірі еді. Жылдар жылжып өтсе де оның есімі ұмтылмақ емес.

Әбдіқаш ІБАЕВ,

қарт балықшы,

Арал ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<