Бақытты заманның ұрпағымын!

915

0

Менің бала  қиялым жақсы армандардан құралған. Себебі бейбіт өмірді, ашық аспанды, бақытты елді, жақсы өмірді көріп отырмын. Бақытты заманның бақытты ұрпақтары  шат-шадыман көңіл күйде таза жолмен, Елбасы құрған мақсатты жолмен  болашаққа нық қадам басып барамыз.

«Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады», – деп Абай атам айтқандай, Тәуелсіз елімнің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдің  бірлігі мен ынтымағын, адамгершілік құндылықтарын бағалап, өткен тарихты ұмытпай, келешекке асқан даналықпен айқын жол салып келеді. Өзіндік мақсаты бар маңызды ойдың,  парасатты пайымның иесі халықтар достығын жоғары қояды. Ұлы достықтың арқасында заманның құнын, өмірдің мәнін, ұлттың қадірін, тілдің мақсатын анық түсіндік.

Адал адам Отанын сүйеді. Туын сүйеді. Тау-тасын қастерлеп, жерін қорғайды. Дәл осы болмысты Елбасы бойынан көріп, үлкен рухпен жігерленемін. Адамзатты сүймейінше, шынында, Отаныңды сүйе алмайсың. Отан – өз үйім, өз ата-анам, өз бауырларым, Отан – өзім!

Егеменді мемлекет, Тәуелсіз ел, Нағыз азамат ұғымын Тұңғыш Президент көзінен көріп, жүрегіммен сезіне білдім. Мен бақытты заманның ұрпағымын! Елбасының халқын сүюі, халқының әр күніне алаңдауы, халықтың салт-дәстүрін құрметтеуі, ел тағдыры үшін үлкен жауапкершілік сезіміне ие болуы- Президентке лайық болмыс.

Дүние жүзі Қазақ елін картадан көріп қана қоймай, үлкен сүйіспеншілікпен жақсы ой-пікір айта алатын кезге жетті. Нұрсұлтан атамыздың ел егемендігінің  еңселі болу жолындағы еңбегі зор. Елорда үлкен шығармашылық идеялармен дүниеге келді. Жер шарының картасынан еңселі қала атауы өз орнын алды. Тәуелсіздік сарайы, «Қазақ Елі» монументі, «Думан» ойын-сауық орталығы, Еуразия ұлттық университеті ойыма ой қосып, үлкен армандарға жетелейді.

Елбасының білімге көзқарасы ерекше. Білім болмаған жерде келешек те жоқ  деп, көп тіл білуді насихаттауы, заман талабы екендігін ұғындыруы –азаматтығының бір парасы. «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс» дей отырып, білім саласында тілдің өркендеуіне жол ашты, мол мүмкіндікке қол жеткізуде көп еңбек сіңірді.

Жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі – ағылшын тілін ата-әжем де, ата-анам да кең түрде қолдады. «Шет мемлекетке қыдырып барсаң, сен тіл біліп отырсаң, Қазақстанның азаматы екеніңді мүдірмей айтасың ғой» деген ата-әжемнің сөзі үш тұғырлы  тілдің мән-мағынасын ашып бергендей.

Нұрсұлтан Әбішұлы  сөзімен де, ісімен де, мағыналы ойларымен де өнеге болады. Отанды сүю, туған топырақты қастерлеу, туған өлкеңді құрметтеу, өткен тарихты ұмытпау, келешекке нық сеніммен қарау, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді игеру, ата-ананы сыйлау, ұлттар достығына ілтипат білдіру,  өмірдің мәнін түсіну, білімге құштар болу – осының барлығы Елбасының жас ұрпаққа көрсеткен үлгісі.

Көрегенділігі, шешендігі өз алдына, адами құндылықты бойына сіңіре отырып, халқы сенім білдіре, сендіре алатын осындай алтын сандық Тұңғыш  Президенттің барына қуанам!

Тұңғыш Президентке халқының көрсеткен құрметі шексіз, алғысы көп, ризашылығы мол. Ән арналып, жыр жазылды. Өз идеясынан туған Астана қаласының атауы Нұр-Сұлтан болып өзгеруі елдің перзентіне деген ыстық ықыласы болса керек. Елге сіңірген еңбек жақсы, еңбекті елеген ел жақсы. Абырой-атақ төгілген термен келетіні анық. Елбасының адами қасиетін, дара жолын, халқына жасаған мүмкіндіктерін, кез келген істе шешім шығара білетінін, пайымы мен білімін мен әрқашан ойға түйіп, өзіме сабақ алып келемін.

Али Диас,

№ 7 мектеп-лицейдің

7-сынып оқушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<