Биыл қазақстандықтар қажылыққа бара алмайды

796

0

Биыл қазақстандықтар коронавирусқа байланысты қажылыққа бара алмайды. Бұл жөнінде Сауд Арабиясының қажылық және ұмра министрлігіне сілтеме жасап Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы хабарлады.

Әлемді шарпыған коронавирус кеселіне байланысты биыл қажылыққа келушілер көлемі айтарлықтай шектеледі.

«Коронавирус індеті әлемнің 180-нен астам еліне таралып, COVID-19 вирусынан ажал құшқандар саны 1 миллионға жетті. Одан бөлек 7 миллион адамның вирус жұқтырғаны белгілі болды. Осыған орай Сауд Арабиясының Денсаулық сақтау министрлігі пандемиядан туындаған қауіп-қатердің алдын алу және оның таралуына жол бермеу, сондай-ақ жаһандық денсаулық сақтау ұйымдарының талаптарын ескере отырып биылғы қажылық рәсіміне бірқатар шектеу қойды» деп мәлім етті басқарма.

Сауд Арабиясы Корольдігінің басты міндеті – мұсылман қажыларға қажылық және ұмра рәсімдерін қауіпсіз орындауға әрқашан мүмкіндік жасау. Пандемия басталғалы бері қажыларды қорғау үшін барлық сақтық шаралары қабылданып, қасиетті орындарға сырттан келушілер шектелді.

«Қасиетті жерлерде жүрген қажылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, Ислам елдері мен және халықаралық ұйымдардың талаптарын ескере отырып, шектеулерді әрі қарай күшейте түстік. Себебі бізге салдары өлімге әкелетін қауіпті індеттің алдын алу маңызды. Коронавирус инфекциясы адамдар көбірек жиналатын орындарда, үлкен жиындарда таралатыны дәлелденіп отыр. Сондықтан да биылғы 1441 жылдың (2020 жыл) қажылық рәсімі Сауд Арабиясында тұрып жатқан өте аз көлемдегі адамдардың қатысуымен ғана өтетіні жайлы шешім қабылданды. Бұл шешім қауіпті вирустың алдын алу және қажылардың денсаулығын сақтау мақсатында жасалып отыр» делінген Сауд Арабиясының қажылық және ұмра министрлігі мәлімдемесінде.

Айта кетейік, бүгінде Сауд Арабиясы коронавирус індетін жұқтыру дерегі бойынша араб елдері арасында алғашқы орында тұр. Бұл елде 160 мыңнан астам адамның қауіпті вирус жұқтырғаны белгілі болды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<