Біздің жолымыз – бірлік пен татулық жолы

909

0

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы – өркениетті ел ретінде әлемге танылған мемлекет. Біздің еліміз келешегі айқын демократиялық мемлекет ретінде беделге ие және бұл жетістікке жетуімізде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи рөлінің орасан зор екендігі баршамызға белгілі. Қазақстан өз тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап халықаралық аренада мемлекеттіліктің жаңа сипаттағы қатынастарын қалыптастырды. Олар бейбіт қатар өмір сүру мен көпқырлы ынтымақтастықтың тең құқылық, өркениетті даму, егемендікті және аумақтық тұтастықты құрметтеу ұстанымдарына негізделген.

Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың саяси ерік-жігері ха­лықтың бірлігін қам­тамасыз етуге ба­ғытталды. Бұл саясаттың өмірде іске асы­ры­луы қоғамдық келісім мен жал­­пыұлттық бірліктің қазақ­стан­­дық мо­делінде көрініс тауып, ол халық­аралық тұрғыдан мойын­далды.

Қазақстан Республикасының Конс­ти­туция­сында этносаралық және кон­фес­сия­аралық қатынастар саласын рет­тейтін нор­малар бар. Ол «біз, Қазақстан халқы» деген сөз­дерден басталады, бұл еліміздің барлық аза­маттарының ортақ идеясын білдіру және біз біргеміз, біртұтаспыз деген қағидаға негіз­делген.

Қазақстан Республикасы Конс­титуциясы­ның 1-ші бабында Қа­зақстан Республикасы қызметі­нің негізгі прин­циптерінің бірі «қоғамдық татулық пен саяси тұ­рақтылық» деп жария етіл­ді. Бар­лық азаматтардың, олар­дың ұл­ты­­ның қандай екеніне қа­ра­­мастан, құ­қықтары мен бос­тан­дықтарының теңдігі бекітілген. Осылайша, біздің еліміз, ең ал­дымен, мәдениеттердің, тілдердің, халық дәстүрле­рінің алуан түр­лілігін мойындай отырып, аза­мат­тық қоғам құру жолын таң­дады. Сондықтан Елба­сымыз ке­лесі қағи­даттарды белгілеп бер­­ді, олар:

– Мемлекеттің мүлтіксіз да­муы­ның, өзара сыйластық пен қо­ғам­ның жауапкершілігін сақ­таудың мызғы­мас­тығы;

– Қазақстан халқының бірлігі;

– Этностық, конфессиялық, мә­дени және тілдік әралуандық;

– Қазақ халқының біріктіруші рөлі;

– Барша этностарға мәдениетті, тілдер мен дәстүрлерді дамы­ту үшін барлық қажетті жағдай­лар­дың жасалуы.

Осындай қағидаттар негізінде, бү­гінде Қазақстанда этносаралық келісімді қамтамасыз етудің тиім­ді саяси-құқық­тық жүйесі қалып­тасты.

Қазақтың даласы қандай дар­хан болса, пейілі де соншалықты кең. Әлем­нің түкпір-түкпірінен келіп, Қа­зақ­станнан «басына үй, бауырына қазан» асып отыр­ған талай халық бар. Бұл – Қазақ­станның ең басты ерекше­лігі мен ең басты байлығы. Қазақ халқының бауырмалдығы бүгінде әлем­ге үлгі. Осыны ескере отырып, Елба­сы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қа­зақстан халқы Ас­сам­блеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Қазақстан халық­тарының форумында айтты.

Елбасының Жарлығымен 1995 жылы консультативтік-ке­ңес­ші орган ретінде Қа­зақстан халқы Ассамблеясы құрылды. 2007 жылы Ассамблеяға консти­ту­ция­лық мәр­тебе берілді. Ассам­блеяға кепілді түрде пар­ла­менттік өкілдік қам­тамасыз етілді, ал ол сайлайтын Мәжілістің 9 депутаты Қазақ­стан­ның этностық топтары мүдделерінің барлық жиынтығын құрады. 2008 жылы қазанда «Қа­зақстан халқы Ассамблеясы  ту­­ралы» Заң қабылданып, Ас­сам­б­лея­ның қыз­метін нор­ма­тив­тік-құ­қықтық реттеуді қамта­масыз етті.

Ассамблея қоғамдық келісім мен бірлікке қатысты Конституция норма­ларының толық, табысты және мүлтіксіз іске асырылуын қам­тамасыз етеді.

Бүгінгі күні қоғамдық са­наны, әлеу­меттік саясатты жаң­ғырту міндеттерін айқындаған Қа­зақстан халқы Ассам­блеясы да­муы­ның 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабыл­данған.

Еліміздің жаңа тарихының шешуші кезеңдерінде Ассамблея әрдайым тұ­рақтан­дырушы және біріктіруші рөл атқарып келеді және еліміздегі бейбіт­шілік пен келісімнің шынайы кепілі болып қала беретініне сенеміз.

Бүгінде біздің облысымызда 816 мыңнан астам халық болса, оның ішінде 35 түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті тұрмыс кешуде. Ел­дің ынтымағы мен бірлігін арттырып, достықтың бесігін тербетіп отыр­ған 11 этномәдени бірлестік нә­ти­желі де белсенді жұмыс атқарып келеді.

Қоғамдық келісім мен жалпы ұлттық бір­лікті насихаттау бойын­ша облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, жүзеге асы­рылуда.   

Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Тәуелсіздік жылда­рын­дағы әр күніміз, әр жылымыз ел тарихы үшін аса маңызды та­рихи оқиғаларға толы болды. Оның ішін­де халықаралық деңгейдегі, аумақтық сипат­тағы оқиғалар та­рих қойнауына еніп, бәрі де тә­уелсіздіктің нәтижесі екенін көр­сетті.

Тәуелсіздік алған 30 жылда қол жет­кізген биігіміз, сондай-ақ алдағы алынар асуымыз, ба­ғын­дырар бағытымыз тура­лы Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қым­бат» атты маз­мұнды мақаласын жариялап, егемен елі­міз­дің өсіп-өркендеу жолының ғасырға бер­­гісіз тарихи жетістіктеріне тоқ­та­лып, мем­лекетіміздің қалып­тасу, даму, өркендеу жолын, «Бағ­дар мен белес», «Таным мен та­ғылым», «Қоғам мен құнды­лық» және «Ұлағат пен ұстаным» деп аталатын төрт ауқымды ба­ғытты айқындап, «30 жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді ама­наттаймыз?», «Мемлекет­тігі­міз­ді нығайта түсу үшін тағы не істей­міз?» деген сұрақтардың жауабын нақты көрсетті.

Президент атап өткендей, та­рих тұрғы­сынан алғанда, 30 жыл – көзді ашып-жұм­ғандай қас-қағым сәт. Бұл көп халық үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз.

Тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық бе­леске бөліп қа­растырып: алғашқы онжылдықта Ел­басымыз Нұрсұл­тан Назарбаевтың бас­шылығы­мен мемле­кеттік нышанда­рымыз белгіленіп, билік жү­йеміз қа­лып­тасты. «Қазақстан – 2030» стра­тегиясын қабылдадық. Екінші он­жыл­дықта мем­лекетіміздің тә­уелсіздік тұғыры ны­ғайып, эко­номикалық әлеуетіміз артты. Үшін­ші онжылдықта «Қа­зақ­стан-2050» стра­тегиясын қабыл­дап, озық дамыған 30 елдің қата­­рына қосылуды жоспарлап отыр­мыз.

Осы кезеңдерде білім, ден­саулық, әлеу­меттік жағдай, ру­хани байлығымыз, пат­риоттық рухымыз, еліміздің барлық сала­лары заман талабына сай қар­қынды дамып отырды. Бұл – Ел­басымыз бастап, Мемлекет бас­шысы жалғастырған мақсаты берік, болашағы айқын, сенімі нық қазақстандық үздіксіз даму жолымыз. Ал, енді алдағы төр­тінші онжылдықтағы басты мін­детіміз – қуатты ел және кемел халық болу. Осы жолда ең басты бағдарымыз – білімді ұрпақ.

Мемлекет бас­шысы атап көр­сет­кендей, жас буынға жан-жақты қол­дау көрсете отырып, бәсекелік қабілетін арт­тыруға баса көңіл бөлінетін бо­лады. Білім мен технология, жо­ғары еңбек өнімділігі – ел да­муы­ның басты қозғаушы күші болмақ.

Сондықтан, ендігі жерде руха­ни құнды­лықтарымызды ны­ғайта отырып, Тәуел­сіз­дігімізді баянды ету жолында аянбай еңбек­тенуіміз біздің әрқайсы­мыз­дың азаматтық борышымыз деп білемін.

Президент Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөзі әрқайсы­сы­мыздың мәң­гі­лік ұранымызға айналып, әрбір қа­зақ­стан­дықтың жүрегінен орын алып, рухын кө­теруге жаңа серпін беретіні сөзсіз.

Тәуелсіздік жылдарында қо­ғамды талан­тымен таңғалдырған, білік­ті де білімді жас ұрпақ өкілдері өсіп жетілді. Сонау, тәуел­сіздік алған алғашқы жыл­дардың өзінде, елдегі қиыншы­лықтарға қарамастан, Тұң­ғыш Президент – Елбасы «Болашақ» бағдар­ламасын ұсы­нып, талантты ұл-қызда­ры­мызды сапа­лы білім алып, елімізді өркен­детуге өркениетті елдердің тәжірибесін тара­туда үлгі болады деген үкілі үмітпен әлемнің белгілі университеттеріне жі­берді және олардың бұл күндері елі­міздің әлеу­мет­тік-экономикалық дамуы­на қомақты үлес қосып келе жат­қаны белгілі.

Енді, Елбасының сарабдал саясатын жемісті жалғастырып, Тә­уелсіздік жылда­рында дүниеге келген, әлі қоғамға танылып үл­гермеген талантты жастарды қол­дау мақсатында «Тәуелсіз­дік ұр­пақтары» атты грант тағайын­дауды тап­сыруы – Мемлекет бас­шысының алаш ардақтысы, ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға се­немін…» деген жалынды жырымен үндесіп, жас­тардың Отанға шексіз сүйіспен­ші­лікпен қарап, халқына адал қызмет етуіне жол ашу деп бағалауға болады.

Президентіміз Қасым-Жомарт Ке­мел­ұлы Тоқаев айтқандай, біз­дің мақ­са­тымыз – келер буынға Қазақстанды тұғыры берік, эко­но­микасы қуатты, рухы асқақ мем­лекет ретінде табыстау және сол істерді лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәр­биесімен айналысу – әрбір аза­мат­тың қоғам алдындағы қастерлі де қасиетті парызы.

Баршамызға белгілі, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сес­сия­сында Елбасымыз парасатты шешім қабылдап, Ассамблеяны басқаруды Қа­зақстан Республи­ка­сының Пре­зиденті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа ұсынып, мем­лекеттік саясаттың сабақ­тастығын қамтамасыз ететініне сенім біл­дірді. Өз кезегінде Ассамблея мү­шелері Елбасы шешімін бір­ауыздан қолдады.

Мемлекет басшысы сессияда сөй­леген сөзінде Ассамблея – бұрын-соң­ды ешбір елде болмаған бірегей құ­рылым екеніне тоқ­талды. Сонымен қатар, Пре­зидент: «Біз сый­ластық пен келі­сімнің, бауырмалдық пен өзара құрметтің не­гізінде еңселі ел болып отырмыз. Бұл, әрине, Елбасының арқасы. Мұны әр­дайым есте ұстауымыз қажет. Әсіресе, ко­ронавирус дерті қыспаққа алған қазіргі күрделі кезеңде халқымыздың алдында тұрған міндеттерді жүзеге асы­ру үшін біз бәріміз бір Ел, бір Ұлт болуымыз керек» деп тұжы­рым­дады.

Қадірлі жерлестер, сырбойы­лық­тар! Сіз­дерді алда келе жатқан Қазақстан халқының Бірлігі күнімен құттықтай­мын!

Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тіле­гіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік.

Еліміз әрбір отбасының ба­қыты мен бірлігі арқылы нығая берсін.

Қылышбай Бисенов,

техника ғылымдарының докторы, профессор,

ҚР Ұлттық ғылым

академиясының академигі,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<