Қазақстан тұғыры биік, тегеуріні мықты мемлекетке айналды. Аймақтық мәселелерді шешуде Қазақстанның рөлі мен маңызы арта түсуде. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілікке бағытталған жүйелі саясаты қауіпсіздікті нығайтуды көздеді. Мемлекеттіміздің жетістіктері артып, Қазақстанның жаңа елордасының еңсесін көтерді.
«Қазір жаһандық саясатта 5-6 ірі және ықпалды саясаткер бар. Солардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаев. Мен оған сенемін және оның барлық бастамаларын қолдаймын». Бұл Ұлыбритания Премьер-министрі болған Маргарет Тэтчердің сөзі. Расында да Ұлт көшбасысы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясатының нәтижесінде Қазақстан бірлік пен қоғамдық келісімнің алтын бесігіне айналды. Еліміздегі татулық пен ынтымақтың бірегей үлгісі әлем елдерінің назарында. Елбасының салған сара жолына әлемдік саясаткерлер мен ғалымдар тарапынан қызығушылық жоғары. Мемлекет басшысының бастамалары мен идеялары халықаралық деңгейде танылып, «Қазақстандық жол» және «Назарбаев моделі» деген баға алды.
Саяси тұлғаның арқасында біздің мемлекетіміз көптеген дамыған елдермен әріптестіктің мықты іргетасын қалады. Қазақстан соңғы жылдары саяси және экономикалық реформаларда үлкен ілгерілеуге қол жеткізді. Қиын жағдайда мемлекетіміздің жеткен жетістіктерінде Елбасымыздың еңбегі ерекше екені даусыз.
Уақытында Н.Әбішұлы БҰҰ-мен тығыз байланыс орнатты. Непал және Ирактағы БҰҰ-ның бейбіт мақсаттарына жәрдемдесіп, БҰҰ-ның бағдарламалары мен қорларына қайырымдылық мақсатында материалдық көмек көрсетіп отырды. Әсіресе Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясында сөз сөйлеп, жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға, экологиялық проблемаларды шешуге және БҰҰ реформалауға байланысты бастамалар көтерді. «Қазақстан БҰҰ-ның соғыс және бейбітшілік мәселелеріне тиімділікпен ықпал етуге қабілетті бірден-бір халықаралық органды көре отырып, оның рөлі мен беделін көтеруге әзір мемлекеттермен ынтымақтастықта болады», – деді.Қазақстандық дипломатияға диалог, келісім және өзара тиімді әріптестік философиясы тән. Бұл тұрғыдағы қадамдар Сириядағы жағдайды реттеуді, ядролық қаруға қарсы бастамаларды, мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы диалогқа қосқан үлесті, әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша жасалған қадамдарды айтуға болады. Нұрсұлтан Назарбаев сарабдал саясаткер ретінде Қазақстан Республикасы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі, әрі оның төрағасы болды. Нәтижесінде көптеген игі істер шешімін тапты.
Қазақстан аумағында 1949 жылдан Семей ядролық сынақ полигоны жұмыс істегені мәлім. Онда 40 жыл ішінде, шамамен 500 ядролық сынақ жасалды. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан полигонды жауып, өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекет ретінде тарихта қалды.Сынақ полигонын жабуы ядролық қарусыздандыру мен оны тараптау бойынша жаһандық талпыныстарға елеулі үлес қосты.Егер қару болмаса әлемде бейбітшілік болады. Дүниежүзі елдері осы жолда Қазақстаннан үлгі алып, ядролық қарудан бас тартуда. Тұңғыш Президенттің бұл ісін «Ядролық қаруларды таратпау мәселелерінде әлемдегі үлгілі көшбасшылардың бірі болып табылады. Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, қауіпсіздік пен экономикалық өркендеуге қол жеткізуде үлгі бола алады. Бұл қадам Қазақстанды өңірдегі тұрақты елдердің біріне айналдыруға мүмкіндік берді» деп кезінде АҚШ ПрезидентіБарак Обамажоғары бағалады.
Қазақстан – ТМД мемлекеттерінің ішінде ауызбірлігімен, татулығымен ерекшеленеді. Еліміздегі ұлттар мен этностардың достығын нығайтып, бірлікпен тату-тәтті тірлікпен өмір сүруі үшін Елбасы қаншама жыл аянбай еңбек етті. «Өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі жұртының ақсақалы. Біз Н.Назарбаевтың халықаралық бастамаларына әрқашанда ашықпыз әрі зор құрметпен қабылдаймыз. Қазақстан Президентінің түркі әлеміндегі беделі биік, оның барша түркі халықтарының басын біріктіріп, бауырлас түрік елімен қарым-қатынасты нығайтуға сіңірген ерен еңбегін атап өтпеуге болмайды» деп баға берді Түрік Республикасының Президенті Реджеп Тайып Эрдоған.
Бітімгершілік, серіктестік, толеранттылық, жасампаздық идеяларын жаһандық деңгейде ілгерілету жолында Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі өлшеусіз. «Дәл қазір болашақ адамзаттың бет-бейнесі қалыптасуда. Келер ұрпаққа ортақ планетамызды қандай күйде тапсыра аламыз – өркениетіміздің басты проблемасы осы» – деді Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінде Н.Әбішұлы. Ұлт көшбасшысы ретінде еліміздің жарқын болашағы жолында жемісті еңбек етуде. Елдің еңсесін көтеріп қана қоймай, әлемге танытқан саясаткер ретінде орны айрықша.
Сайлаубай ӘБІШОВ,
«Nur Otan» партиясының ардагері,
Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<