Есіл жағасындағы еңселі қала

5076

0

Еліміз тәуелсіздік алған соң азат мемлекет ретінде қабылдаған тарихи шешімдердің ең негізгілерінің бірі – астананы Арқа төсіне көшіру болғанын жаңа тарихты жазушылар да, әлемдік сарапшылар да әлдеқашан мойындады. 

Уақыт өткен сайын көз ілеспес жылдамдықпен дамып, жер жа­һан­дағы әсем шаһарлардың қата­рына қосылған Нұр-Сұлтан қа­ласы осы жылдар ішінде Қазақ­станның басты брендіне айналды. Еуразия кіндігіндегі жас қала алып құрылыс алаңына айналып, дәстүр мен жаңашылдықтың озық үлгілерін бойына жинады. Әлемдік деңгейдегі басқосулар мен жиындар өтетін, адамзатқа ортақ мәселелердің шешімі тал­қыланатын орталыққа айналды. Бір ғана ЕҚЫҰ саммиті қаланың атын  дүние жүзіне әйгіледі.

Астананы Алматыдан Ақ­мо­ла­ға көшіру идеясы алғаш рет жария етілгенде бұл бастамаға тү­сінбестікпен қа­рағандардың қара­сы қалың болды. Жиырмасын­шы ға­сырдың басындағы Әлихан Бөкейхановтың «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ. «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қа­зақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» деген арманы сол ғасырдың соңында ғана ақиқатқа айналды.

Тәуелсіздіктің елең-алаң шағындағы жаңа мемлекеттің қалыптасу кезеңі мен жаңа астананың дамуы қатар жүрді. Нұр-Сұлтан – Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назар­баевтың төл туындысы екені ешкім айналып өте алмайтын ақиқат. Ол туралы Елбасының төмендегі толғанысы жаңа ғасыр қаласының тарихын таразылағандарға жол сілтейді. «Жаңа астанаға көшу және оны салу туралы ой менде ертеректе, сонау алыстағы  1992 жылы туған еді. Бірақ мен ол кезде мұны аузымнан шығармадым, өйткені Қазақстанның экономикасы ойлағанды іске асыруға мүмкіндік бермеді.

…Қазақстанның Президенттігіне бүкіл халық болып сайланғаннан кейін, мен Ақмолаға келдім. Есілден көлденең тартылған ескі көпірдің ортасында тұрып, өзенге қарадым.

Маған қаланың ортасында өзен ағып жатқан болса, қашанда сол ұнайтын. Өзен қалаға ерекше бір көрік береді, мәртебесін көтереді. Мысалы, бізде Жайықтың бойында – Атырау, Сырдарияның бойында – Қызылорда, Тобылдың бойында – Қостанай, Ертістің бойында – Семей мен Кереку орналасқан. Ал әлемде қаншама Астаналар ылғи өзен жағасына салынған! Санкт-Петербург – Невада, Мәскеу – өзі аттас өзенде, Париж – Сенада, Лондон Темзада тұр. Оның үстіне Ақмола Қазақстан мен бүкіл Еуразияның орталығына орналасқан». Арада аз уақыт өткенде Есіл бойында армандағы қала тұрғызыла бастады.

Қазақ тарихындағы астаналардың сабақтастығына зер салсақ, ел үшін олардың қай-қайсысының да орны ерекше. Өткен ғасырдың басында біздің Ақмешіттің, қазіргі Қызылорданың қазаққа басты орда болғанын бүгінгі тұрғындары мақтанышпен айтамыз. Ақмешітті астана ретінде таңдағанда Сұлтанбек Қожанов «Қазақстан астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ жұртшылығына жуық болуы керек. Қазақ астанасы болуға Орынбор қаласы шетте болғандықтан ғана жарамайды емес, қазақ қаласы болмағандықтан, қазақ ұлт мемлекетінің ұлтшылдығына орда болуына қисыны жоқтықтан жарамайды. Қазақ ұлт мем­лекетшілдігіне әдемі қала, ыңғайлы үйлер керек емес, жаман да болса, өз ордасы болуы керек. Орынбордан көшпей, қазақ ұлтының ішкі тіршілігі оңда­лып, қазақ еңбекшілерінің көп­шілігінің қолына керекті шаралар іс жүзінде істелуі қиын» деген дәйек келтіріпті. Бар болғаны 4 жылда Қызылорда сол дәуірдегі қазақ зиялыларының басын қосқан, ұлттық білім мен мәдениеттің орталығына айналып үлгерді.

Бүгінгі бас қаламыздың бас­тауы, түпқазығы қағылған жері, қазақтың тарихи ордасы болған Сыр бойындағы кең тараған атаулар астананың бет-бейнесінен орын алған. Оған астанадағы Қызылорда облысындағы жер-су аттарымен аталған көшелер дәлел болады. Жаңа әкімшілік орталықтағы көшелер Ақмешіт, Қармақшы ауданының орталығы – Жоса­лының атымен аталады. Нұр-Сұлтанда  Сыр бойындағы ірі аудан орталықтарының бірі – Шие­лінің аты бір көшеге берілген. Қызылордадан ең үлкен тармағы өтетін Сырдария өзенінің аты да астана келбетін айшықтап тұр. Қыпшақ мемле­кетінің сауда және саяси орта­лығы болған Сығанақ қала­сының, орта ға­сыр­лардан сақ­тал­ған көне Жан­кенттің атауы еліміздің бай­тағынан лайық­ты орын тап­қан. Сыр бойын­да туып, елдік намысты биік ұстап өткен, бү­кіл қазақ жерінің тұтастығы үшін күрескен батырлар есімі де жаңа астананың көшелеріне берілген. 

Қызылорда қаласында соңғы онжылдықта бой көтерген жаңа аудан мен   ең үлкен даңғыл Астана атауын иемденген. Жалпы жылт еткен жаңалықты, болашағынан зор үміт күттірген жобаларды астана есімімен байланыстыру үрдісі қалыптасты. Ырымшыл халықпыз ғой, бұл басталған істің Арқа төсіндегі әсем қаланың даму қарқыны мен бөлекше бейнесіне ұқсаса деген ниеттен туындағаны болар. Қазір Есілдің сол жағалауына салынған жаңа қаланың ізімен Сырдарияның сол жағалауы бой көтерді. Дарияның арғы бе­тіндегі құрылыс қарқыны қы­зылордалықтардың да сөздік қорына  «сол жағалау» деген атауды енгізді.

Бүгінгі Нұр-Сұлтан қала­сы – еліміздің әкімшілік орта­лығы болумен бірге азат елдің, ұлттың қайта түлеуіне, әлемдік өркениетке ұмтылу баспалдағы. Бас қала болғалы бері өнеркәсіп, инвестиция, туризм салалары бұрын-соңды болмаған жетістіктерге жетті. Бүкіл ел астананың даму қарқынына ілесуге ұмтылуда. Бүгінгі Нұр-Сұлтан – бұрынғы астаналардан мүлде бөлек, тәуелсіз мемлекеттің таңдауы болумен қатар әлемге әйгілі архитекторлардың қолтаңбасы қалған жаңа дәуірдің қаласы.

Нұрсұлтан Әбішұлының  «Астана – бұл менің төл перзентім. Әр адам, тегінде өз қаласын сүйетін шығар. Ал біз өзіміздің жас қаламызды үш есе артық сүйеміз. Өйткені біз оның құрылысын тақыр жерден бастадық. Мұндағы әрбір жаңа мүйіс, әрбір жаңа ғимарат біздің жүрегімізден шыққан, себебі олар туған сәтінен бастап біздің көз алдымызда» деген сөзі бас қаланың тәй-тәй басқан қадамынан бастап, бүгінгі кемел шағына дейінгі жолын көз алдыңа әкеледі. Бұл жолдың ортасы емес, өйткені астананың айбыны асқақтар шақ әлі алда.

Гүлжазира Жалғасова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<