Тәуелсіздік – біздің басты құндылығымыз. Биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Бұл жылдар ішінде біртұтас ел, әлемге танымал болғанымызды еске алсақ, мақтаныш сезімі бойды билейді. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Әлем сахнасында көгілдір түсті қазақ Туы биіктен көрінеді. Тұрақты даму жолына түстік.
Бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық, тұрмыс саласының жақсаруы, әр азаматтың болашаққа деген сенімін нығайта түсіп, игілік жолында үлкен серпіліс туғызып отыр. Экономикалық дамуда үлкен үдеріс бар.
Медицина саласы мен білім беруге кең жол ашылғалы тұр. Жастардың оқу орнына түсуі үшін дарынды балаларды қолдау, олардың оқуға түсуі үшін үлкен конкурстан тыс гранттар бөлу ұлғаймақ. Ал, ұстаздарға моральдық және материалдық ынталандыруға бетбұрыс басталатынын Мемлекет басшысы Жолдауда үлкен сеніммен айтты.
Алдағы жылдары ең төменгі жалақы деңгейі көтерілгелі тұр. Біздің 600 мыңдай отандасымыз бұл бастаманың игілігін көретін күні алыс емес. Сыр өңірінде бір су қоймасының салынуы егіншілік өрісін кеңейтудің даңғыл жолы болмақ.
Биылғы Жолдау бізді тынымсыз еңбекке, ұдайы ізденіске шақырып отыр. Сондықтан бар береке бастауы бірлік пен ынтымақ екенін әрбір азамат сезінуі керек.
Сыр өңірінің жұртшылығы қайнаған еңбек құшағында. Суармалы егіншіліктегі қиыншылықтарды жеңе отырып, күзгі егін-терімді жинап алуға жұмылуда. Берекелі гектарлардан мол өнім түсе бастады.
Жүйелі реформалар ел өркендеуінің берік негізіне айнала береді. Бұл бағыт – ертеңгі күннің одан әрі сәулетті боларының жарқын сенімі.
Мұрат АЙКӨПЕШОВ,
инженер
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<