Киікке қауіп төніп тұр

611

0


Наурыздың соңғы күндері дала төсі сәл жіпсігенімен, қыс бойғы тау-теңіз қасат қардың мұрты да бұзылған жоқ. Орманды алқапта ақ қар, көк мұз сіресіп жатыр. Осы уақытта тебіндегі жылқыға да, тағы аңға да қауіп көп.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының мәліметінше, киік қыстап қалған Қорғалжын мен Целиноград аудандарының аумағынан қар үстінде өліп жатқан 34 киік табылған. Мамандардың жорамалдауынша, тістеріне тиер талшық таба алмай, аштан өлгенге ұқсайды. Бұл пікір қисынға әбден келеді. Киікке талғажау етер қара от жоқ. Әншейінде қар тұра қоймайтын қырат-қырқалар да, ықтасын болар сай-сала да қарға мелтектеп тұр. «ПО Охотзоопром» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының орталық өңірлік филиалы инспекторлары Қорғалжын ауданындағы Саумал көлі маңынан, Целиноград ауданындағы Ақмол ауылы жанынан 20 киіктің өлімтігін тапқан. Бұл көзге түскені ғана. Қаһарлы қыстың соңында адам аяғы баса бермейтін көзден таса, көңілден жырақ жерде қаншасы опат болғанын ешкім анық айта алмайды.

Осы бір оқыс оқиғаға орай киікті аман алып қалу үшін облыстық мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы киік өретін бірнеше аудан әкімдеріне орман бауырындағы, киік жайылатын өрістегі қарды тазалау жөнінде ұсыныс жасады.

Осыдан бірер күн бұрын қар қыспағында қалған киіктердің елді мекендерге кіргені туралы да хабар еміс-еміс естілген болатын. Көкке аузы жеткенше киелі аңға қамқорлық керек-ақ болып тұр.

egemen.kz


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<