Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын әзірлеуге арналған «дөңгелек үстел» ұйымдастырды. Құжат ішкі көші-қон, шекара маңындағы аумақтарды дамыту және қандастарды қоныстандыруды қамтамасыз ету мәселелерін реттеуге бағытталған.
Комитет төрағасы Мұрат Бақтиярұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын әзірлеу қажеттілігін атап өткенін еске салды.
«Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы қазіргі және күтілетін ішкі және сыртқы сынақтарға жауап беруге тиіс. Экономикалық даму, ішкі көшіп-қонушылар үшін лайықты жұмыс орындарын құру, гендерлік теңдік, көшіп-қонушылардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ, еңбек көші-қоны, адамдар трафигі және «білікті жастардың шетелге кетуі» мәселелерін шешу, әзірленетін тұжырымдама басымдықтарының қатарында болуға тиіс. Жаңа тұжырымдама еліміздің әлеуметтік-экономикалық және демографиялық көрсеткіштерінде оң нәтижеге қол жеткізуге, сондай-ақ көшіп-қонушылар мен олардың отбасыларының құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге көмектеседі деп санаймын» – деп атап өтті Мұрат Бақтиярұлы.
«Дөңгелек үстелде» қатысушылар құжаттың стратегиялық бағытына, жаңа Тұжырымдама әзірлеу бойынша жұмыс тобын құруға және өзге де мәселелерге қатысты бірқатар маңызды тақырыптарды талқылады. Сарапшылар жұмысқа орналастыру, әлеуметтік сақтандыру және еңбек құқықтарын қорғау үшін мүмкіндіктерді кеңейтудің, сондай-ақ еңбек нарығына қатысушылардың ел ішінде де, шетелде де жұмысқа орналасу мүмкіндіктері мен шарттары туралы хабардар болуын арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов және тағы басқалар баяндама жасады. «Дөңгелек үстел» жұмысына мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің және «Отандастар қоры» КЕАҚ өкілдері де қатысты.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<