Мал шаруашылығында ірі қараны сақтандыру бекітілді – министр

591

0


Жаңа жүйеде сақтандыру сыйақыларын 50 пайыз көлемінде субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау көзделіп отыр. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылдан бастап республикада агроөнеркәсіптік кешенді ерікті сақтандырудың жаңа жүйесі іске қосылды. Жаңа жүйеде сақтандыру сыйақыларын 50% көлемінде субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау көзделді. Жүйеге сақтандыру жағдайлары басталған кезде төлемдердің кепілдігін қамтамасыз ететін халықаралық қайта сақтандыру компаниялары тартылды. Барлық сақтандыру процестері толығымен автоматтандырылған. Өсімдік шаруашылығында сақтандыру өнімдері және алғаш рет мал шаруашылығында ірі қара малды сақтандыру бекітілді», – деді С. Омаров Сенаттағы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру тақырыбындағы Үкімет сағатында.

Оның айтуынша, 2020 жылғы көктемгі дала және егін жинау жұмыстарының қорытындысы бойынша астық егетін алты өңірде 115 мың гектар дәнді және майлы дақылдар егістері сақтандырылды. Сақтандыру жағдайлары нәтижесінде 518,2 млн теңге төленді. Мал шаруашылығында 2 117 бас ірі қара мал сақтандырылды. Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров аграрлық кешенінің дамуына кері әсерін тигізген факторларды атады. Өз кезегінде сенатор Дүйсенғазы Мусин бірқатар азық-түлік өнімдері бойынша импортқа тәуелділік сақталып тұрғанын, оның көлемі өткен жылы 4 млрд АҚШ долларынан асқанын мәлімдеді.


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<