Бала кезімнен елорда тұрғыны атанып, осы жақта білім алуды арман еттім. Бірақ оқуға құжат тапсырарда сәл кешігіп әрі Қызылорда қаласындағы «Қор Мұнай» компаниясы тарапынан грант алып, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне оқуға қабылдандым.
Кейін студенттік шақта белсенді болудың арқасында шетелге барып, сол жерде «Қазақстан Жастар конгресі» ұйымының өкілдерімен кездесіп, Нұр-Сұлтан қаласындағы штабына жұмысқа шақырды. Осылайша арманыма жеттім. Қазір SMM, маркетинг, WEВ-дизайн саласында кәсіпкерлер, түрлі ұйымдармен бірлесіп жұмыс атқарудамыз.
Нұр-Сұлтан – мүмкіндіктерге толы қала. Кейде Қызылордадағы достарым өз орнын таба алмай жүрсе, мұнда келуге ұсыныс айтатыным бар. Не дегенмен, бұл қалада жұмыс табу ықтималдығы жоғары. Қарапайым қызметтен бастағанмен, жаңа мүмкіндіктерге жол ашық. Айталық, оқуымды мұнай-газ саласында бітіргеніммен, кейін жастар саясатында жұмыс атқардым. Бірақ елордадағы өмір менің мүлде жаңа салада бақ сынап көруіме ықпал етті.
Жастардағы ең басты мәселе – жұмыс пен тұрғын үй. Егер еңбек етуге келгенде еріншектік танытсаң, үлкен қала «сыйдырмауы» мүмкін. Сол себепті мұнда не жұмыс істейсің, не мүлде тұрмайсың.
Нұр-Сұлтанға еңбек етуге келгеннен бастап неше түрлі тосын да қызықты оқиғаларды бастан өткердім. Алғаш келгенімде Премьер министрдің канцеляриясына тәжірибеден өтуге жіберді. Бір аптадан астам уақытта өзім көргім келетін тұлғалармен кездесіп, сөйлесу мүмкіндігі туды. Лифтіде кездесіп қалған Дариға Назарбаева боп-боз түріме қарап, «неге демалмайсың, күн көзіне шығып тұру керек» дегені бар.
Ең бастысы, мен елордада жұмыс істеп жүріп, Көкшетаудың қызы – болашақ жарымды кезіктірдім. Ал, ауа райына келсек, тоғыз ай қыс кейде қатты қажытып жібереді. Айталық, Қызылордада әр мезгіл өз уақытында келсе, бұл жақта күз бен көктем екі аптаға ғана созылады. Жылы жаққа қанша барғың келгенімен, салқынға үйренуге болады. Кейде келіншегіммен шетелге көшуді ақылдасамыз, бірақ Қазақстанды тастап кетуге қимаймыз. Қазір жұмыс барысымен Түркияда жүрміз. Байқағаным, Қазақстанның тағамдарына ештеңе жетпейді. Бізде әлі де табиғилық сақталған, ал шетелде жасандылық көп. Алдағы уақытта басқа қалаларда бірнеше жыл еңбек етуге болады, бірақ Елорда – қайта келуге, өмір сүруге тұрарлық қала.
Дәулет АЖДАР
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<