Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясынан кейін Қазақ радиосының «Арнайы шығарылым» бағдарламасына сұхбат берді. Аймақ басшысы журналист Дулат Абибуллаевтың сұрақтарына жауап беріп, Сыр елінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қабылданып жатқан дағдарысқа қарсы шаралар қиындықтарды еңсеруге ықпал етуде. Өңірде 9 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінде және ауыл шаруашылығында оң динамика байқалады. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны өсті. Дағдарысқа қарамастан, облыс экономикасына 181 млрд теңгеден астам инвестиция салынды. Жұмыссыздық деңгейі мен баға индексі бізде республикалық орташа көрсеткіштен төмен. Бұл ретте жалақының да, жалпы халық табысының да өсуі байқалады – деді облыс әкімі алғашқы сауал бойынша.
Мұнан соң облыс басшысы коронавирус індетінің ықтимал екінші толқынына дайындық барысын да сөз етті.
– Індетпен күресу үшін өкпені жасанды желдету (ИВЛ) аппаратын 244-ке жеткіздік. 9 ПТР, 60 рентген аппараты, 682 оттегі концентраторы бар. Сонымен бірге дәрі-дәрмектің екі айлық қорын жасақтадық. Тұрақтандыру қоры арқылы дәрілік заттарды алуға 488 млн теңге қаржы бөлдік. 200 төсектік жаңа модульдік инфекциялық аурухананың құрылысы аяқталады, көпбейінді облыстық ауруханада оттегі станциясы салынған. Аталған станцияның құрылысы Қазалы ауданаралық ауруханасында да аяқталуда, – деп толықтырды облыс әкімі.
Аймақ басшысы Президент Қ.Тоқаевтың 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялауына байланысты республикада жыл басында алғашқылардың бірі болып 700-ге жуық еріктіні біріктіретін «Сыр еріктілері штабы» құрылғанын жеткізді.
Пандемия өршіген уақытта Сыр еріктілері 8,5 мың отбасына көмек көрсетті, 5 мыңға жуық мұқтаж отбасының оқушыларына мектеп керек-жарақтары табыс етілді. Медицина қызметкерлерінің отбасыларына азық-түлік жеткізді, медицина қызметкерлерін толыққанды ыстық тамақпен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілді.
Волонтерлар мен кәсіпкерлердің күшімен тұрмысы төмен отбасылар мен жалғызбасты қарттарға арналған 11 тұрғын үй салынды.
Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған 7 жалпыұлттық жоба бойынша 1000-нан астам іс-шара ұйымдастырылды.
Облыс әкімі пандемияға қарамастан, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы да жоғары дәрежеде аталып өткенін айтты. Ақынның мерейтойы Сыр өңірінде Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында Ерсайын Төлеубайдың «Абай» спектаклінің қойылуымен айшықталды.
Республикалық «Абай жолымен» ақындар айтысына атақты ақындармен қатар жергілікті жас өнер жүйріктері де қатысты.
Қызылорда қаласында Семей қаласының «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік тарихи–мәдени және әдеби музей-қорығының «Абай – дана, Абай – дара қазақта» көшпелі көрмесі ұйымдастырылды. Жалпыхалықтық челлендж ауқымына ие болған Абай шығармаларын оқу эстафетасын өңір тұрғындары да жақсы қолдады.
Сырдың дәстүрлі өнерінің танымал өкілдерінің ізбасарлары – жергілікті жыршы-жыраулар ұлы ақынның поэзиясын сиқырлы мақамдар арқылы жеткізе білді.
Сыр жерінде алғаш рет «Абай» операсының тұсаукесері өткізілді.
Сондай-ақ, ақынның өмірі мен шығармашылық мұрасын насихаттау мақсатында дәстүрлі өнердің жас орындаушыларының «Абай жырлары Сыр мақамында» атты онлайн концерті болды.
Гүлшара Әбдіқалықова Қазақ радиосын келесі жылғы 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, радио ұжымына шығармашылық табыс тіледі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<