Құрметті Сыр елінің көлік инфрақұрылым қызметкерлері және сала ардагерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Көлік қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Көлік логистикасы – экономикамыздың күретамыры әрі тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуінің негізгі көрсеткіштерінің бірі. Жол қауіпсіздігін сақтау, нақтылық пен тасымалдаудың сапасы ауқымды инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, халықтың әл-ауқатын арттыру, өнеркәсіптік өсім сияқты мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Облыс аумағындағы 212 елді мекенді аудан және облыс орталығымен байланыстыратын 205 автобус маршруты ұйымдастырылған. Сондай-ақ, Ташкент қаласына 1 халықаралық және облысаралық 13 автобус маршруты қызмет етеді. Бүгінгі күні әлемді жаулаған коронавирус індетіне байланысты облысаралық тұрақты маршруттардың уақытша тоқтауы жолаушылар ағымының төмендеуіне әсер етуде.
«Қорқыт Ата» әуежайы арқылы аптасына 23 тұрақты рейс қызметі бар. Бұл рейстер «AirAstana», «Qazaq Air», «Fly Arystan» әуе компаниялары тарапынан іске асуда. Биыл алғашқы жартыжылдықта әуежайдан 69,9 мың жолаушы жөнелтілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,7 есеге өсіп отыр.
Қазіргі таңда әуежайдың қолданыстағы жолаушылар терминалын кеңейтуге жұмыстар жүруде. Жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, биылғы маусым айында мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысын алды. Жобаға сәйкес терминалдың көлемі қазіргіден екі есеге, яғни 1400 шаршы метрге кеңейеді деп отырмыз.
Өңірімізде 8 теміржол вокзалы жолаушыларға қызмет көрсетуде. Облыс аумағынан 19 жұп, оның ішінде облыс орталығынан 5 жұп жолаушы пойызы жүреді. Алайда, коронавирус пандемиясына байланысты 7 халықаралық, 1 облысаралық, 1 қала маңы қатынасы уақытша тоқтап тұр.
Біз үшін халықтың денсаулығы бәрінен маңызды екені даусыз.
Күрделі жағдайға қарамастан Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып отырған Сіздерге алғысымды айтамын.
Еңбектеріңізге табыс, өздеріңізге мықты денсаулық отбасыларыңызға құт-береке, амандық тілеймін!
Құрметпен,
облыс әкімі
Гүлшара Әбдіқалықова
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<