Өрлеу мен тұрақтылық дәуірі

363

0

Тәуелсіздік – еліміздің жаңа дәуірде қол жеткізген барлық табысының қайнар көзі. Бүгінгі күннің жетістіктері осы Тәуелсіздіктің арқасында келді. Отыз жыл ішінде елдің әл-ауқатын көтеріп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілді жаңғырту ісіне қыруар жұмыстар жасалды. Елімізде білім, ғылым, денсаулық, спорт салалары айрықша даму үстінде.

Тәуелсіздіктің 30 жылы Қазақстан үшін өрлеу мен тұрақтылықтың дәуіріне айналды. Қазақстан табысты және ауқымды нарықтық реформаларды іске асырған көшбасшы ел ретінде танылуда. Еуропалық Одақ пен АҚШ Қазақстанды посткеңестік дәуірден шыққан нарықтық экономикасы орныққан бірінші мемлекет деп мойындады. Тәуелсіздік кезеңінде Қазақстан әлемдік аренадағы және Орталық Азия аймағында көшбасшыға айналды.

Ел тарихындағы бірегей белесті толайым табыстармен қарсы алу баршамыз үшін үлкен сын. Тәуелсіздік тойы жалпы халықтық сипатқа ие болып, отандастарымызға айрықша рух беруі керек. Оған әрбір қазақстандық өз үлесін қосуы тиіс. Ол – ауыл шаруашылығында, өндірісте, өнеркәсіпте жұмыс істеп жүрген кез келген отандасымыздың сапалы еңбек етіп, ел игілігін арттыру деген сөз. Азаматтарымыздың адал еңбегі мен елге деген шынайы құрметі тәуелсіздік тойына жасалған үлкен тарту болмақ. Бүгінгі уақыт – елдіктің, егемендіктің, кемелдену мен келешекке құлаш сермеудің тамаша кезеңіне айналуы тиіс.

Осы өшпес жылдар ішінде Қазақстан экономикасы қарыштап дамыды. Саясаттағы сындарлы бағыт өз жемісін беруде. Береке-бірліктің арқасында әлем таныған іргелі мемлекетке айналдық. Ғасырлар бойы арман еткен егемендікті қазақтың басына қонған бағы, астына орнаған тағы деуге болады. Желтоқсанда жарқ еткен жалынды жастар қазаққа азаттық таңын сыйға тартқандай болды. Осылайша күллі жаһанға қазақтың қайратын, айбынын танытты.

Қазіргі тәуелсіз Қазақстан – ата-бабаның орындалған шұғылалы арманы, сарғайып күткен сағынышы. Тәуелсіздік таңын аңсаған ата-бабаларымыздың асқақ арманы орындалды десек қателеспейміз. Сондықтан да тәуелсіздік тарихы арнайы әңгімеге үздіксіз тиек боларлықтай ұлы тақырып екендігін қазіргі ұрпақ ешқашан естен шығармауы керек. Тәуелсіздікке ынтымағы жарасқан, ауызбірлігі берік халық қана қол жеткізе алатынын өткеніміз нақты дәлелдеп берді. Осы уақыт ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттің орныға түсуі, ұлттық қауіпсіздігі, экономикамыздың жедел қарқынмен дами беруі, Қазақстан халықтарының өз болашағына деген берік сенімі, қазіргі замандағы өркениетті қауымдастық ортасында іргелі елге айналуы стратегиялық негізгі бағыттарды құрайды.

Еліміздің ұлы тарихына, ата-баба рухына, аға ұрпақтардың қаһармандық өмір жолына құрметпен басымызды иеміз. Қоғамдық өмір сабақтары мен еліміздің мүддесі қазіргі таңда патриоттық дәстүрге сай келетін жаңа талаптарды қойып отыр. Ата-бабаларымыздың алдында тәуелсіздік үшін күресу мақсаты тұрған болса, біздің алдымызда оны нығайта түсу міндеті тұр.

Артқа тастаған отыз жылдың ішінде бір мемлекетке жетерлік іс тындырылды және жүзеге асырылды. Экономикалық жағдайымыз жақсарып, әл-ауқатымыз өсті. Қазақ мектептері мен балабақшалар саны артты. Білім мен денсаулық саласына аса мән берілді. Соның ішінде, әсіресе, мұғалім мәртебесін заңмен шегелеп, қоғамда ойып тұрып орнын белгілеп берді. Білімге көңіл бөліне бастауы – болашақ ұрпақтың жарқын болашағының кепілі. Өзге елдермен қарым-қатынасымыз жақсарып, саяси және мәдени қатынастар да үдей түсті. Осының бәрі тәуелсіз елдің мақтанышы деуге болады.

Роза Алдамұратова,

Т.Ізтілеуов атындағы №29 мектеп мұғалімі.

Қармақшы ауданы,

Тұрмағамбет ауылы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<