Бұл – үш жыл бұрынғы оқиға. 2017 жылдың күзі. Дәлірек айтсақ, сол жылы қазан айында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сыр өңіріне келді. Сапар барысында түрлі кездесулерден бөлек, қызылордалық жастардың ортасында да болды.
Кездесуге бокстан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев, ауыр атлетикадан Азия ойындарының чемпионы Әсем Садықова, каратэ-додан Әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай, тағы басқа спортшылар жиналды. Сондай-ақ, «Нұрсұлтан» есімін иеленген үздік оқушылар да Елбасымен жүздесуге әр ауданнан арнайы келген болатын.
Аралдық бала Нұрсұлтанның есінде Елбасымен жүздесу мәңгі жатталғаны анық. Сол жылы екінші сыныпта оқитын ол өз арманы – Елорданы көргісі келетінін Нұрсұлтан Әбішұлына айтты.
– Елбасы батасын беріп, Елордаға қыдырып қайтуға шақырды. Содан кейін әжем, ата-анам барлығымыз әсем қалаға бардық, – дейді Нұрсұлтан Жақсыкелдиев.
Бүгінде Аралдағы №260 мектептің бесінші сыныбында оқитын біздің кейіпкер Елбасымен кездесуден алған әсерін достары мен көршілеріне айтудан жалыққан емес. Бала тілегін сан мың жұмыс арасын да отырып қалыс қалдырмаған Тұңғыш Президентке бала Нұрсұлтанның әжесі Айнагүл Бейсенбаева дән риза.
– Біздің халық әу бастан ырымшыл ғой. Жақсы адам көрсек қолын алып, немерелердің аузына түкіртіп жатамыз. Өзім де Елбасы секілді халқының қорғаны болсын деп немереме есімін бердім. Еліне ұнаған Президент Нұрсұлтандай болса дейміз ғой. Әзірге мектепте үздік оқиды, – дейді әжесі.
Әсем қаланы көрсем екен деген аралдық Нұрсұлтанның арманы орындалды. Бала тілегі қабыл болып, Елордаға барды. Жеткіншек өзінің отбасымен бірге саяхаттады. Алғаш рет ұшаққа да мінді.
– Нұр-Сұлтанға тағы да барғым келеді. Ерекше ұнады. Тамаша әсер алдым. Ол – ең көрікті қала. Біздің сондай астанамыз барына қатты қуандым. Отбасымызбен бірге үш күн араладық. Океанариум, музей, «Бәйтерек», балалар саябағы секілді біраз жерге бардық, – деді ол.
Нұрсұлтан оқуда озат. Ұстаздары да қабілетті екенін айтады. Үйіндегі үш ағайынды баланың үлкені. Тағы бір ерекшелігі, адамды еш жатырқамай, ортаға тез үйреніп кетеді. Бізбен де телефонда бұрыннан танитындай сөйлесіп кетті. Ал оның мектепте де, ауыл ішінде де достары көп екенін мұғалімінен естідік.
– Бастауышты бітіргендерге жаңадан сынып жетекші тағайындалатыны белгілі. Биылдан бастап 5 «Ә» класына жетекшілік етемін. Шәкірттерімнің барлығы да құралақан емес. Ал Нұрсұлтан туралы айтар болсақ, ол әр сабағына аса ықыласпен, мұқияттылықпен дайындалып келеді. Үздік оқушы. Оның қоршаған ортаға деген, табиғатқа деген қызығушылығы өте жоғары. Сондықтан болар сурет салғанды жақсы көреді. Президент болсам деген арманы бар. Тағы бір қуанатыным, ол – өте мейірімді. Өскенде мұқтаж жандарға көп көмектесетінін жиі айтып жүр, – дейді сынып жетекшісі Ақнұр Баекенова.
Кішкентайлар қиялға жүйрік. Бала арманмен алысқа көз тігеді. Күндердің күнінде сол арманы жүзеге асарына балақай сенеді.
Ержан ҚОЖАСОВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<