Қайран менің, қараша үйім…

1238

0

Қазақ қараша үй деп күзде өзінің сәнді отау үйіне қорғаныш етіп, ас-су, аяқ-табағын тағы басқа керек- жарағын қою үшін тігетін үйді айтқан. Ыс сіңіп, кір басып, көп тігілгеннен қоңырқай тартқан соң қараша деп атаған. Көлемі де шағын, көп дегенде төрт-бес қанат болған. Қараша үй жаз отыруға жайлы. Іргесін түріп тастап, аптап ыстықтан паналауға, қоңыр салқында тыныстауға жақсы. Ал, көктемде, тоң түсіп үлгермеген немесе қыстай жауған қардың суына бөгіп тұрған ерте көктемде тігу тіпті керек емес. Бүгінде көп жұрт қазақы киіз үй атаулының барлығын қараша үй деп ойлайтын сияқты.

Наурыздың қазіргі тойлануы туралы түрліше пікір бар. Тағылымдық мәнін салалап бөліп, бағыттарын айқындап, тұжырымдамасын да жасап тастадық. Пандемия жағдайына байланысты биыл Қызылордада мереке орталық алаңда тойланбайтыны айтылды. «Сонда биыл қараша үй тігілмейді ме?» деді бір танысым. Кейбіріміздің көзқарасымыз сондай жайдақ болып кеткен. Ұлттық мерекенің барлығы қараша үйсіз өтпеуі керек деп ойлаймыз.

Наурызды әкімдік ұйымдастырған іс-шара деп қабылдайтындар да бар. Бірер апта бұрын дайындық басталып, концерт пен спорттық ойындар өтеді. Сосын қараша үй тігіледі. Бір жағынан қазақтың ата дәстүрін жаңғыртуға талпыныс шығар. Мерекеде жасауын түгендеп, ұлттық нақышта безендірілген үй ішінде тұсаукесер, келін түсіру, басқа да салт-жоралғылар жасалып жатады. Бірақ ұлттық мерекелердің барлығын қараша үймен байланыстыру қаншалықты дұрыс?

Тағы бір жайт, түстік өңірлерде күннің суықтығынан Наурыз мерекесін сәуір, мамыр айларына қалдырады екен. Қыстың қақ ортасында келетін жаңа жыл қандай ауа райында да тойланады. Ал, 6-7 мың жылдық тарихы бар мерекені тойлаудың дәстүрін аймақтық, облыстық деңгейдегі әкімшіліктер неліктен кейінге қалдырған? Өйткені Наурызды тойлау үшін киіз үй тігу керек. Ал күн жылымай бұл мүмкін емес. Бұл Наурызға деген жалпыхалықтық ынта-ықы­ласты білдірсе керек. Әйтпесе салтанаты келіскен зәулім сарайлар, тағы қаншама ғимараттар бар. Ұлтжандылығымыздың мерекесін үй тікпей де тойлауға болады ғой?

Б.Сағындықұлы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<