Қайырымдылықтың ғажайып үлгісі

621

1

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлын қабылдағанын «Сыр бойы» газетінен (10 қараша 2020 жыл) оқып білдім. Эколог-жазушы аймақ басшысына Арал теңізіне Сырдария­дан түсетін судың тапшылығымен қатар, 1921 жылы Поволжье мен Ресейдің құрғақшылық кезінде аштықтан зардап шеккен халқына көмек көрсету мақсатында Арал балықшыларының 14 вагон балық жөнелту тарихи оқиғасының 100 жылдығына орай ғылыми-танымдық конференция өткізу, кітап шығару және ескерткіш орнату туралы ұсыныстарын да жеткізген екен.

Мен «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінде 25 жыл, яғни ширек ғасыр (1966-1991 жылдар аралығында) Арал мен Қазалы аудандарындағы меншікті тілші қызметінде жүріп, сондағы жанкештілікпен еңбек еткен қариялардың бірсыпырасымен көзбе-көз кездесіп, көрген-білгенін өз құлағыммен естіп, айтқандарын ешбір қоспасыз баспасөзде жариялағандардың бірі едім.

Естеріңізде болса, пролетариат көсемі В.Лениннің Арал балық­шыларына жолдаған хаты: «Қымбатты жолдастар! Сіз­дерге бүкіл Еділ бойы және Приуральенің бір бөлігін аса зор бақытсыздық, бұрын-соңды болып көрмеген аштық жайлағаны, әрине, жеткен шығар» деп басталатын еді ғой. Одан әрі: – Астрахань губерниясынан бастап Татар республикасы мен Пермь губерниясына дейін құрғақшылық барлық жерде егінді де, шөпті де түк қоймай күйдіріп кетті. Миллиондаған адамдар, мил­лиондаған мал қырылғалы тұр және қырыла да бас­тады. Сіздерде Арал теңізінде, балық аулау жайы жаман емес және де Сіздер онша жаман тұрмайсыздар. Сіздер аулаған балықтарыңыздың бір бөлігін аштықтан ісініп кеткен кемпір-шалдарға, күйзелген 8 миллион еңбеккерлерге, ең ақыры бәрінен де бұрын қырылып кетуі мүмкін 7000000 балаға беріңіздер.

Қымбатты жолдастар! Арал балық­шылары мен жұ­мыс­шылары, жомарт көмек­теріңізді аямаңыздар. Сіздер тек  адам арына тиісті іс іс­теп қана қоймай,  сонымен бірге сіздер жұмысшы рево­лю­ция­сының ісін нығайтқан боласыздар».

Міне, халық комиссарлары Советінің председателі В.Ульянов (Ленин) осылайша тебіреніп, тарихи хатқа қол қойған ғой!

«Апыр-ай, ә! Пролетариат көсемі жүрекжарды жанайқайлы өтінішті айтып және қайда хат жазды екен?» деген ойда қалатының да рас-ау! Әй, жазбаған да шығар, сірә.

Тарихи хаттың жазылған уақыты 1921 жыл, жаңа күнтізбемен қазан айының 7 жұлдызы екен. Ал ол хат Арал балықшыларына қашан жетті, жер-жерге қалай таралды? Сол дүрмекке қосылғандардың есігін қаққанда бұл хат менің қалтамда жүрді. Сұхбаттан бұрын хатты оқып беремін де: «Есіңізде ме, хат осылай оқылды ма?» деп сұрақ қойып алатынмын.

Міне, «Бөген» елді мекенінің қамтуындағы теңіз іргесіндегі «Тәуір» қыстағындағы Есен Сүлейменов және Сағындық Әлімбаевпен әңгіме үстінде:

– Сіздерге Ильич хатын кімдер оқып берді? – деген сауалыма олар:

– Гриша Дубовик деген ауылдық кеңестің хатшысы бар-ды. Соның жанында жоғарыдан келген қараторы, мөлдір қара шашты, жап-жас қазақ жігіті жүрді. Хатты сол оқыды. Әрі егжей-тегжейлі түсіндірді. Сонда Құлекешов Өтеп қолын көтеріп:

– Онкүндік табысымды беремін, жарай ма? – деді.

– Өткен онкүндікте промсл ұстаған байларға қанша балық тапсырып едің?

– Балық қабылдаушы Ескендір 21 пұт деген-ді.

– Әй, Өтеп, – деді Сыдық Жайсаңбаев, – 21 пұт дегенің 1,5  центнердің о жақ-бұ жағы ғой, үлкен кісі қолқа салған екен, сараңдық жасамайық, тұтас бір айлық табысымызды берейік. Солай деп жаз шырағым, – деп әлгі қараторы жігітке қарады. Ол болса:

– Осыған келісесіздер ме? – деп және сұрады.

– Келісеміз, уәде осы, – деді бәрі де.

– Рақмет, ағалар! Ертеңнен бастап «Бөгеннің» басындағы флотқа әкеле беріңдер. Балық қабылдаушы дайын отыр, – деді де, аттарына мініп келесі ауылға жүріп кетті.

– Ол уәкілдің аты-жөндерін білдіңдер ме?

– 1967 жылы Досқали Ізма­ғам­бетовпен Шымкент­ке  бар­ғанда,  кез­дес­тім деді Сағындық ақсақал, арада 46 жыл өтсе де таныдым, аты-жөні Бисенғали Өтенов екен, менің Аралдан екенімді білгесін сол тұстағы Арал балық­шыла­рының жомарт­тығын, жан­қиярлық еңбегін жыр ғып айтты. Күндік үнемдерін бірде тауып, бірде таппай отырса да, тілсіз табиғаттың ожар мінезімен күн сайын бетпе-бет келіп, арпалысып жүрсе де, соншама қиналыспен тапқандарын ақы-пұлсыз еш қабақ шытпай, бере салды, – деп бірсыпырасының есімін атады. Ұмытпаған екен.

– Ал, қызмет жайын, үй әдірісін білмедіңіз бе?

– Жо-қ, өзі 1941-1945 жылдардағы соғысқа қатысып, бір қолынан айырылғанын жас кезінде комсомолда істегенін, айтпақшы, осы Аралда тұратын Қани Шектібаевпен бірге балалар үйінде тәрбиеленгенін де айтып отырған-ды…

Содан Қани Шектібаев ағаға жүгірейін. Ол  кісі көп жыл басшы қызметте болған. Соңғы жылдары балық зауытында директорлық етті. Аса  ескерімді кісі-тұғын. Бірақ қарттық жеңіп, есту қабілеті тым нашарлап кеткен екен. Сонда да Өтенов Бисенғалимен 1921-1924 жылдары Қазалы қаласындағы балалар үйінде бірге оқығанын, Ғ.Мұратбаевтың ара-тұра келіп, олардың бір-жарын үгітшілікке жеккенін еске алды. Ал Бисенғалидың «Бөген» ауылына барып, В.Лениннің хатын оқуы әбден мүмкін. Өйткені, ол хат Қазалыдағы баспаханада көбейтілді. Және Бисенғали менен 5-6 жас үлкен, ересектеу еді. Кейін облыстық комсомолда абыройлы қызмет етті» деді.

Бисенғали Өтеновті  өзім де сұрау салып іздестірдім. Бірақ ол ХХ ғасырдың жетпісінші жылдары қайтыс болыпты. Қолыма тек суреті түсті (оны осы мақалаға қоса жолдап отырмын).

***

Сонымен В.Лениннің хатына сәйкес 14 вагон балық жөнелтуге қатысқан қариялармен кездесуді жалғастыра бердім. Онкүндігі несі, бір айлық табысымызды берейік» деген Сыдық Жайсаңбаев ақсақалмен де сұхбаттасудың реті келді. Өзі бір жайдары, күліп сөйлейтін кісі екен. Жарық дүние есігін 1892 жыл ашыпты. Әкесі Жайсаңбай да балық аулауды кәсіп   еткен.  Сыдық ағаның өзі алғашқы балықшы артеліне, кейін колхозға мүше болып стахановшы атаныпты. Марапаттары да баршылық екен.

– В.Лениннің хатына байланысты жиында «Тұтас бір айлық табысымызды берейік» деп ұсыныс айтыпсыз. Сол уәделерің орындалды ма?

– Енді кәйтейін, хаттың ішінде «…Бәрінен де бұрын қырылып кетуі мүмкін жеті миллион балаға беріңіздер» деген сөзді естігенде көзімнен жас шығып кетті де солай деппін. Жиырма тоғызға келіп, әке болған шағым ғой. Өзіме-өзім әрең келдім. Әлгі Абай дананың «Қараша, желтоқсан мен  сол  бір  екі  ай,  қыстың басы бірі ерте, біреуі жәй. Ерте барсам жерімді жеп қоям деп, Ықтырмамен күзеуде отырар бай» дейтіні бар ғой. Сондай-ақ хатқа жауап беру осындай абыржы кезеңге тап келді. Десе де, бір ай емес, екі айға жуық аулаған балығымыздан тек асымдыққа алдық та, өзгесін түйе керуеніне тиедік. Сонда реніш білдірген бір адамды көрмедім, – деп өткен-кеткенді еске алды.

Белгілі қаламгер Жұматәлі Әбдіраманның «Бөген» орта мектебінің ғасырлық тойына орай «Ғасыр ғибраты» атты кітабы жарық көрген екен. Осында оқыған мектебіне көлік сыйлаған он бір түлектің бірі болып Айжамал Сыдықованың есімі аталады.

– Айжамал кім? Сыдық Жайсаң­баев­тың ұрпағы емес пе? – деп сұрадым Жұматәлі жиенімнен.

– Иә, сол қарияның қызы, – деді ол, – Айжамал Қармақшы ауданында тұрады, қажы әрі кәсіпкер және қомақты ақшалай үлес қосқанын да жазып қойыңыз, – деді күліп.

Ұрпақ сабақтастығы деп осындайды айтса керек.

***

Хо-ш, деңіз… «Ленин жолы» басы­лымының (қазіргі «Сыр бойы») 1984 жылғы 9 мамырында жарық көрген мақалада Дүйсен Пірекешов қария былай депті: «Мен өзі балық аулауға он алты жасымда шықтым. Әлі есімде, он адам бірігіп, бір жылым жүргіздік. Оның құрамында Жүсіп Тәшебаев, Дүйсенбай Жұбанов, Қалмағамбет Жұ­банов және Тұрғанбай Нұс­қановтар болды. Айта берсем көп қой. Тек есімде сақталғандарын айтып жатырмын. Жылымның биі де, маманы да, үлкені де осы Нұрқанов еді. Жұрт «Тұреке, Тұреке» деп  алдынан кесе өтпейді. Жылымды «Қарашалаң» көлінің «Қарақос» майлығынан тартқанбыз. Жылым шонтайы (тор қап) балыққа бөгіп қалды. Қуанып жатырмыз. Әсіресе алғашқы қадамының сәтті басталғанына мен секіріп-секіріп жібердім. Балықты «Бөгендегі» орыс байларына өткізіп, азық-түлік алады екенбіз. Бұл жолы олай болмады.

– Ау-у, неге?

– Енді айтайын да. Бізден балықты Нарке деген жуан қара қабылдайтын. Сол жылым майланғасын мені атына мінгізіп «Бөгенге» жұмсады. «Біздің үйден екі пұт крандер әкел» деп қағазға жазып берді. Екі пұт крандерді атқа теңдеп, жылым басына келсем, маған бейтаныс екі жігіт отыр. Олардың әңгімесін жылымшылар ұйып тыңдап қалыпты. Өзіме жақын отырған Дүйсенбайдан: «Бұлар кімдер?» деп сұрадым. Ол еңкейіп құлағыма: «Мәс­кеудегі ақ патша бізге арнап хат жолдапты» деп сыбырлады. Бұл сөзді әлгінің бірі, қара шашты, уыздай жас жігіт естіп қалса керек: «Ол  патша да емес, бай да емес, халықтың қамын ойлаған күрескер, есімі Ленин» деп түсінік берді.

– Осы жылымдағы балықты түгел өткізсек бола ма? – деді Тұрғанбай Нұсқанов.

– Көпті көп демейміз, азды аз демейміз, әркім өз әлінше үлес қосса болады, – деген жауап алды.

– Онда осы шонтайдағы балықты түгел бердік. Осыған келісетіндерің қол көтер, – деді Тұрекең жанындағыларға.

Бәрі де қосылды. Мен де қол көтердім.

– Шонтайдағы балық қанша салмақ тартты?

– Ертеңіне-ақ түйе керуені келді. Біз әлі сүзіп үлгермеген едік. Кейін бес жүз (500) центнерден артық болмаса, кем емес дегенді құлағым шалды.

– Жездеке, тым асырып жіберген жоқсыз ба?

– Әй, балдыз, – деді ол күліп, – мен 1904 жылғымын ғой. Сексен жасты артқа тастадым, енді өтірік айтып күнәһар бола алмаймын. Өзің де балық аулаудың, мың метрлік жылымның шонтайына 500 центнер емес, 1000 центнер сиятынын да білесің. Содан кейін артельге мүше болдым. Колхоз ұйымдасты, оған бір інген қостым. Сол қоғамдық малдың алды болды, шанаға теңізден жылым шығаруға жегілді, келе-келе «Дүйсен інгені» атанып көпке мәлім болды.

***

Арал балықшыларының та­биғат дүлейімен алысып, 1921 жылдың 25 желтоқсанында: «Қым­батты Владимир Ильич Ленин, Арал бассейнінің балық­шылары 14 вагон шикі балық жөнелтті. Бұған «Бөген» балықшылары ерекше белсенділікпен қатысты» деп Арал Совдепінің председателі Т.Медетбаевтың Мәскеуге телеграмма жол­дағаны оқырман қа­уымға таныс болар.

***

2016 жылдың 9 маусымынан бастап облыс аумағына тарайтын «Құрылтай» қазіргі «Арал әлемі» газетінде «Әйгілі хатқа – 95 жыл» деген айдармен В.Лениннің хатына іспен жауап берген қариялардың суреттері басылды. Бұл бөлімді осы күнге дейін жүргізіп келемін. Айталық, сол айына төрт рет жарық көретін «Құрылтайдың» 2016 жылдың 9 маусымдағы 23 нөмірінде екі қарияның суреті берілгенде төменгі жағына: «Сонау қиын-қыстау 1921 жылдары В.Лениннің хатына орай аштыққа ұшыраған халыққа қайырымдылық жасап, жомарттық көрсеткен аталарымыздың суретін беріп отырмыз. Ұрпақтары болса, көрген-білген, естігендерін редакцияға жазып жіберуін сұраймыз» делінген. Ізін ала хаттар келе бастады. Балалары, немерелері республиканың түкпір-түкпірінде жүр екен. Көпшілігі бір ортаға жиналып, кездесу өткізуді ұсынды.

Алғашқы жиналыс, та­нысып-білісу 2016 жылдың 25 желтоқсанында өтті. Оларды сол кездегі аудан әкімі М.Оразбаев қабылдады. В.Лениннің Үндеу хаты жазылған тақтаның алдында жиын өтті. Онда аудан әкімі алаңға жиналған халыққа тәуелсіздіктің 25 жылдығы тұсында атқарылып жатқан «25 жыл – 25 белес» шарасы аясындағы істер жайында баяндады. Содан кейін 1921 жылы В.Лениннің хатына лайықты үлес қосқан аталардың ұрпақ­тары сөз алды. Іс-шара 2015 жылы Т.Медетбаевқа қойылған бюст жанына барумен жалғасты. Айтулы кәсіпкер Ақыл Сәдуақасова бастаған демеушілердің қол­дауымен «Ақниет» мейрамханасында ата-бабаларға арналып ас берілді.

Енді «Арал әлемі» (редакторы Е.Абдулла) газетіне оралсақ, бүгінге дейін  «Әйгілі хатқа – 95, 96, 97, 98, 99 жыл айдарымен 24 нөмір шықты. Осы хатқа орай балық аулап, жөнелткен 71 қарияның суреттері мен олардың ұрпақтарынан ­83-нің суреттері мен сөздері берілген. Олармен байланыс әлі күнге сол қалпында. Бұл – ашқұрсақ, ақкөңіл, қолы ашық, қонақжай бабаларымыздың маңдай терімен илен­ген жанкешті тарих еді. Әдетте, қайырым­дылық пен қолдауды ауқаттылыр жасайды. Ал өзі бірде үнемін тауып, бірде үнемсіз, бала-шағасы ашқұрсақ, жалаңаш отырып, ашар­шылыққа ұшыраған жұртқа өз нәпақасын ақы-пұлсыз бере салған халықты есітіп, білдіңіз бе? Әй, естімеген де шығарсыз-ау! Сосын да ата-бабалардың бұл ісін қайырымдылықтың ғажа­йып үлгісі ретінде мақтан етеміз. Ал  бүгінгі ұрпақтың оны оқып-біліп, көңілге түюі аса маңызды.

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,

дербес зейнеткер.

Арал қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<