Қамшыбек Қоңқабаев: Жерлестерімнің қолдауы қанаттандырады

387

0

Туған топырақтың қуаты күшті. Жерлестерімнің ыстық ықыласы маған ерекше сезім сыйлады. Мұндай қолдау бізді әрдайым қанаттандырады.

Олимпиадаға аттанар алдында алдыма үлкен мақсат қойдым. Оған қоса ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев беделді бәсеке алдында спортшыларды арнайы қабылдап, бізге тілектестігін білдірді. Маған Олимпиада ашылуында еліміздің туын алып жүру міндеті жүктелді. Сондықтан мен үшін жүктелген міндет екі есеге арта түсті.

Токиода көптеген тәжірибелі спортшылар ел күткен нәтижеге қол жеткізе алмады. Оның сан алуан себебі бар. Әрбір сайыс спортшыға оңайға соқпайды. Сол мақсатта қаншама қажыр-қайрат жұмсалады, маңдай тер төгіледі. Қиындықпен бетпе-бет келеді. Десе де, қазақстандық спортшылардың алар асуы алда деп ойлаймын. Сол бір сын сәттерде бізге қолдау көрсеткен барша жанкүйерге алғыс айтқым келеді.

Өзім алға қойған мақсатымды толық орындадым деп айта алмаймын. Әрбір қарсыласым осал болған жоқ. Кейбірінде қолданған әдісім дұрыс шықса, ендігі бірінде өтпей қалды.

Ресейлік боксшымен спаррингтік кездесулер өткіздім. Бахадор Жалоловпен де бірнеше мәрте шаршы алаңда шеберлік байқастық. Олимпиадаға әлсіз спортшы келмейді. Сондықтан оның әрбіріне тыңғылықты дайындық жасадық.

 Ұлттық құрама сапында жеңімпаз және жүлдегер болуға лайықты жігіттер аз болған жоқ. Өкініштісі, біреудің бағы, біреудің бабы келмеді. Еншімізге екі жүлде бұйырды. Олимпиада ойындарына алғаш рет қатысқандықтан аздап толқыныс болғаны рас. Кейде рингте талай рет жеңіп жүрген қарсыласың Олимпиадада өзін өзгеше қырынан танытуы ғажап емес.

Енді әуесқой бокспен қатар бұрынғыдай кәсіпқой рингтегі жекпе-жектерімді жалғастырамын. Биыл өтетін әлем чемпионатына қатысуым мүмкін.

Қамшыбек Қоңқабаев,

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<