Әлемдегі, еліміздегі ахуалды айтпағанда, жалпы аудан көлемінде жаз айларында енгізілген, ішінара әлі де жалғасып келе жатқан шектеу шаралары, карантин талаптарының қай салаға да, нарыққа да, халыққа да әсерін жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, көпке ортақ күрмеуі қиын сынақты кезеңде де қазағымыздың қанында бар қамқорлық бір сәт те толастаған емес.
Жақында өзі бірінші топ, әйелі екінші топ мүмкіндігі шектеулі С.Шайховтың отбасына тұрмыстық табиғи газ кіргізіп беру мәселесімен Қазалы ауданының әкімі М.Ергешбаевтың қабылдауына кірген болатынмын. Аудан әкімінің тиісті сала басшыларының басын қосып, жедел тапсырма беруінің нәтижесінде демеуші де табылып, мұқтаж отбасының шаңырағы табиғи газ желісіне қосылып, қуанышқа кенелді.
Демеушілік жасаушы Ғ.Мұратбаев ауылын табиғи көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатқан «КазЭнергоПроектСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екенін сұрастырып біліп, аздап болса да мән-жайға қанықтым. Серіктестік директоры Ардақ Алтынбекұлының сөзінен жұмыс көлемінің шағын тақырып аясына сыймайтын тым ауқымды екені түсінікті болды.
Тек соңғы екі ай көлемінде ғана аудандағы Ғ.Мұратбаев ауылындағы бес мемлекеттік мекеме, оның ішінде ауылдық «Қуандық әулие» мешіті бар, бес тұрмысы төмен отбасына демеушілік арқылы газ желісін тегін тартып беру туралы серіктестік ұсынысының тең жартысы орындалғаны, Әйтеке би кентінің тұрғындары, ҰОС ардагері Т.Тобабергеновтің, жалғызбасты ана Р.Керімбекованың тұрғын үйлеріне тегін газ желісін кіргізіп бергені, қарттар күні мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар күніне орай бір топ қария мен ДЦП диагнозы бар балаларға азық-түлікпен жәрдемдесіп, «КазЭнергоПроект Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сынақты сәттерде қызмет пен қай заманнан да қазақтың қанында бар қайырымдылықты қатар алып жүргені жүрекке жылу ұялатады.
Халықтың көңілінен шығып жүрген азаматтарға сәттілік серік болсын дейміз!
Әлімжан ҚИЯС,
Әйтеке би кенті
Қазалы ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<