Қасым-Жомат Тоқаев: Коронавируспен күрес аяқталған жоқ

748

0

Еліміз пандемияның шарықтау шегінен өткенімен, індетпен күрес әлі аяқталған жоқ. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз бүгін ерекше жағдайда кездесіп отырмыз. Коронавирус індеті жұмыс тәртібімізге елеулі өзгеріс енгізді. Қазіргі таңда еліміз пандемияның шарықтау шегінен өтті. Бірақ, індетпен күрес әлі аяқталған жоқ. Бұл індет – өте қауіпті. Батпандап кіреді, мысқалдап шығады. Коронавирус қазіргі әлемнің құндылықтарын айтарлықтай өзгертті»,- деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті денсаулық сақтау жүйесінің, өзін-өзі қамтудың, ынтымақтасу мен жауапкершіліктің маңызы арта түскенін баса айтты.

«Соған сәйкес мемлекет қызметінде және қоғамдық өмірдің барлық саласында түбегейлі өзгерістер болмақ. Пандемия біздің еліміз үшін де үлкен сынақ болып отыр. Қазақстан халқы ешқашан қиындыққа мойыған емес. Бұл жолы да бірлігіміздің бекем екендігін көрсеттік. Біз ырыс пен ынтымақтың арқасында кез келген сынақты абыроймен еңсереміз деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы өтіп жатыр. Кезекті отырыс адами капиталды дамытуға, атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау мәселелеріне арналған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<