Қазақстанда тағы 34 бағытта жолаушылар пойызы қатынай бастады

996

0

Бүгін елімізде тағы 34 жолаушылар пойызының қозғалысына рұқсат берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімімен және ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің келісімімен 10 маусымнан бастап Қазақстан бойынша көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің талаптарын ескере отырып, тағы 34 (Құлсары, Мақат және тағы басқа станциялардағы карантиндік режимге байланысты 5 пойыздан басқа) жолаушылар пойызы іске қосылады», – делінген «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы« АҚ-ның баспасөз хабарламасында.

Сондай-ақ, ұлттық компания мәліметінше, жазғы кезеңде Алакөл көліне 2020 жылдың 11 маусымынан бастап № 459-6941/6942-460 «Өскемен-Достық» және № 457-6941/6942-458 «Семей-Достық» пойызы күн сайын қатынайды.

Ал 14 маусымнан бастап № 255/256 «Алматы 2 – Достық» пойызы аптасына үш рет қатынайтын болады. Мұнан бөлек, 18 маусымынан № 258/257 «Нұр-Сұлтан 1 – Достық» пойызы аптасына екі рет жүреді. «Мемлекеттік шекаралар ашылғаннан және басқа мемлекеттердің теміржол әкімшіліктерімен келісілгеннен кейін қалған бағыттар кезең-кезеңімен іске қосылады», – деп атап өтеді компаниядан.

Естеріңізге сала кетейік, Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, 10 маусымнан бастап санитарлық-заласыздандыру режимі және өзге де шектеу шаралары қатаң сақталған жағдайда пойыздарда вагон мейрамхана және вагон барлардың жұмысы жанданды. Ел ішіндегі теміржол қатынасы 1 маусым күні қайта жанданып, пойыз тасымалы үш кезеңмен қалпына келтірілді.


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<