Коронавирус жұқтырған пациенттерді емдейтін дәрігерлер COVID-19 жұқтыру тәуекеліне қарай қосымша ақы алады
Қазақстанда «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» үкімет қаулысына өзгерістер енгізілді.
Құжатта ковидтік стационарларда істейтін медицина қызметкерлеріне қосымша ақы белгіленген. Жоба «Ашық НҚА» сайтында жарияланды.
Қосымша ақы вирус жұқтыру тәуекеліне қарай тағайындалады:
- жоғары тәуекел: COVID-19 жұқтырған пациенттерге медициналық көмек көрсету үшін анықталған реанимация бөлімшелері (төсек) мен басқа да стационарларды қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медициналық персонал, инфекция жұқтырған пациенттермен және (немесе) биологиялық материалдармен тікелей байланысы бар клиникалық бөлімшелер мен параклиникалық құрылымдардың қызметкерлері – қосымша ақы медицина қызметкерінің жеті еселік еңбекақысына тең;
- орташа тәуекел: зертханалардың (сынама алуды қабылдау бойынша бөлімдердің) қызметкерлері: санитарлық-эпидемиологиялық маманы, дәрігері, зертхана маманы, сынама алу маманы, зертханашы – бес еселік еңбекақы;
- төменгі тәуекел: жедел медициналық жәрдемнің, оның ішінде амбулаториялық жағдайда медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарындағы дәрігерлер, фельдшерлер және жүргізушілер – үш еселік еңбекақы.
Қосымша ақы нақты жұмыс істеген сағаттар үшін төленеді.
Құжат 12 қарашаға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.
Еске салсақ, бұған дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қауіпті инфекциялармен жұмыс істейтін дәрігерлер «ковидтік» үстемеақы тоқтатылғаннан кейін қосымша ақы алатынын мәлімдеді.
Sputnik.kz
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<