«Қорқыт-қобыз» және ғарыш музейі

769

0

Көз алдымызда өзгерген жас астана – Қазақстан халқының шы­ғармашылығы мен өрлеуінің символы. Қаланы салуға еліміз­дің 71 қаласы, 432 құрылыс компаниясы қатысты. Қазақ сәулетшілері Саматбек Бөкебай, Ақмырза Рүстембеков, Жандарбек Мәлібеков, Бахтыбай Тайталиевтың, сонымен бірге жапондық сәулетші Кисё Курокава, атақты ағылшын архитекторы Норман Фостердің, италиялық сәулетші Манфреди Николеттидің сызбалары нәтижесінде аз уақыт ішінде көз тойып, көңіл көншітер кешенді үйлер бой көтерді.

Жыл өткен сайын елорда ажарланып, зәулім ғимараттар, ірі әлеуметтік және өндіріс нысандарының қатары көбейіп келеді. EXPO ғимараты, «Қазақ Елі» монументі, «Астана Опера», «Хан Шатыр», «Бейбітшілік және келісім сарайы», «Ұлттық музей», «Бәйтерек» монументі тек астаналықтар емес, қала қонақтары жиі аялдайтын турис­тік және көпшілік орын­дарға айналып үлгерді.

Одан бөлек, астананың мерейлі 10, 20 жылдығында «Өңірлердің астанаға тартуы жобасы»  аясында сыйға берілген ескерткіштер әр аймақтың шашуы болатын. Мәселен, 2008 жылы сырбойылықтар тарту еткен «Қорқыт-қобыз» сквері бүгінде астана ажарына өзіндік сән қосып тұрғанын мақтанышпен айта аламыз. Сәулетті кешен Ш.Уәлиханов пен Жақып Омаров көшелерінің қиылысында орналасқан. Композиция авторы – Жәркен Исмағұлов. Келешек ұрпақ үшін мән-маңызы бөлек сквер Сыр елінің символикалық бейнесі екені сөзсіз.

"Қорқыт-қобыз" және ғарыш музейі

Ал елорданың 20 жылдық мерейтойына қызылордалықтар ашық аспан астындағы зымыран-ғарыш техникасы музейін тарту етті. Бас шаһардың төрінде «Союз», «Протон», «Зенит» зымыран тасығыштары мен «Боран» орбитааралық кемесінің макетінен құралған зымыран-ғарыш техникасы музейі орна­ласқан. Сәулетті экспозиция Тұран даңғылы бойында «ҚазҒарышСапары» АҚ Ұлттық ғарыш орталығы аумағында жайғасқан. Жалпы 1,4 гектар аумаққа салынған музей құры­лысы 20 жылдыққа тамаша тарту болды. Өйткені, Байқоңыр ғарыш айлағы – қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың мақ­та­нышына айналған тарихи кешен.

Бұл ғарыш музейі астана­лықтар мен қала қонақтарының жиі келетін сүйікті мекеніне айналды. Астана күніне орай өткен жаңа музейдің таныстырылымына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, өзінің оң бағасын берген еді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<