Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа арнаған Жолдауы Қазақстанның Тәуелсіз мемлекет ретінде қуатын арттыра түсетін басты әрі айқын мақсаттарға негізделіп жасалды. Саяси құжат өзіндік нақты жоспардан, жарқын болашаққа бағытталған ойлы мәселелері және бір мүддеге тоғысқан терең түсініктен тұрады. Президент еліміздің ертеңі үшін өзекті шешімдер қабылдап, халықты қуатты сөзімен қанаттандырды.
Мемлекет басшысы құзырлы министрлік алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу міндеті тұрғанын айтты. Себебі, пандемия кезінде қашықтан оқытудың нәтижесі ұлттық телекоммуникация желілерінің тиімділігі төмен екенін көрсетті. сондықтан шұғыл ақпараттық жүйенің сапасын жақсартуды тапсырды.
Сонымен бірге, жағымды жаңалықтарды – биылғы жылы бірнеше оқушы халықаралық пән олимпиадаларының жүлдегерлері атанғанын, дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету қажеттігін, арнайы гранттар мен бірреттік сыйақылар берудің маңыздылығын атады. Президенттің дарынды балаларды қолдау туралы айтылған әрбір тапсырмасы өте құнды деп есептеймін. Сыр елінде дарынды, талантты шәкірттерін және олардың ұстаздарын қолдау бірізділігі қалыптасқан. Дегенмен, алдағы уақытта ол шаралардың бұрынғыдан да жанданатынын атап өткім келеді.
Сонымен қатар білім саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейетінін, қабылданған шаралар өз жемісін беріп жатқанын, педагогикалық мамандықтарға оқуға түскендердің орташа балы күрт өскенін айтып өтті. Мұғалімдер шәкірт бойына жаңа білім сіңіре алатын нағыз ағартушы болуы үшін 5 жыл емес, 3 жыл сайын қайта даярлықтан өту қажеттігін атады. Тұрмысы төмен отбасында өсіп жатқан балаларға орта білім берудің жалпыға міндетті стандарты аясында қолдау көрсету айрықша маңызды деп, материалдық қолдау көрсету шараларын «Цифрлы ұстаз» білім беру жобасымен толықтыруды тапсырды.
Мемлекет басшысы белгілеген бес бастама негізінде ең төменгі жалақы деңгейін қайта қарайтын кез келгенін айтып, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап, қазіргі 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Сонымен қатар мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер және басқа да санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсетінін айтты. Нәтижесінде, 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді.
Жолдау – әрбір азаматтық қызметкердің кәсібіне деген ынтасын арттырып, тиісінше жауапкершілігін еселей түсті. Президент жетінші шақырылымдағы депутаттарға әрбір заң жобасының қыр-сырына терең үңіліп, оны сапалы дайындау қажеттігін, халықтың мүддесін қорғау үшін әрдайым табандылық таныту керектігін айтып, жауапты қызметтеріне сәттілік тіледі.
Елдің болашағын ойлап, қызметкерлердің материалдық жағдайын жақсартып, олардың мәртебесін көтеру бағытындағы барлық қолдауға қатысты шаралардың үздіксіз жүргізіле беруі тиістігін құптаймын. Мемлекет басшысының ел үшін жасап жатқан игі ісін бірлесе жалғап, жарқын болашаққа бірге барамыз деп сенемін.
Гүлнар ЕСҚАЛИЕВА,
облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі,
Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<