Сайлау – саяси бетбұрыстың басы

1105

0

Осы жылдың екінші жартысында ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауы өткелі отыр. Әңгіме әзірге өкілеттік мерзімі биыл аяқталатын 836 әкімге қатысты. Ұлттық экономика министрлігі ол үшін орталық сайлау комиссиясы арқылы 4,8 миллард теңге бөлінгенін мәлімдеді. Ал 2025 жылға дейін халықтың қалауымен ұзын саны 2345 әкім жылы орынға жайғасуы тиіс.

Сыр өңіріндегі 146 ауылдық округтің алдыңғы кезекте 42-сінде сайлау өткізу ойда бар. Оның 13-і – Арал, 13-і – Жаңақорған, 5-і – Шиелі, 4-і – Жалағаш, 3-і – Қазалы, 1-і – Қармақшы аудандарында.

– 33 әкім өкілеттік мерзімінің аяқ­талуына, қалған 9-ы өкілеттік мерзімінің уақытынан бұрын тоқтатылуына байла­нысты тұрғындардың тікелей дауыс беруі арқылы анықталады. 64 елді мекеннің сайлаушыларын қамтитын 58 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оған 328 учаскелік, 56 аумақтық комис­сия мүшелерін тарту көзделген, – деді облыстық сайлау комиссиясы төр­ағасының орынбасары Болат Нақыпов.

Сайлау Қызылорда қаласында ғана болмайды. Сондықтан барлық аудан­да оны жергілікті аумақтық сайлау комис­сиялары ұйымдастырып, өткізеді. Маңызды саяси науқанға әзірлік жұмы­сы әлден қызу. Комиссиялардың бас­шы­лық құрамы сәуір, маусым ай­ларында республикалық, облыстық семинар-кеңестерге қатысып, алғашқы әкімдер аламанына дайындықты пысық­­тады. Бүгінде сайлау процесіне қатысу­шыларды электоралды оқыту жұмысы қарқын алды.

Комиссия өкілі республикалық бюджет қаржысының қандай мақсатқа жұмсалатынын айтты. Оның есебінен комиссия мүшелеріне жалақы төлеу, полиграфиялық және өзге де өнім түрлерін әзірлеу, іссапар, банк қызметі кандидаттардың сайлауалды үгіт шара­ларының шығынын өтеу, кеңсе тауар­ларын сатып алу қарастырылған. Барлық ауылда сайлау дәстүрлі фор­матта ұйымдастырылатыны себепті сани­тарлық талапты сақтау қажет. Осы орайда қорғаныс құралдары қоса сатып алынады.

Негізі, мұндай саяси дода тәжірибеде 2013 жылдан бері бар. Төрт жылдан кейін тағы ұйымдастырылды. 2017 жылы 24 тамызда 14 облыстағы аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдардың әкімдері сайланды. Аумақтық сайлау комиссияларының мәліметінше, ұсынылған 4059 кандидаттың 3951-і тіркеуден өтіп, 1416 әкім сайланды. Бірақ екі жағдайда да үміткерлердің тағдыры жергілікті мәслихат депутаттарының қолында еді. Ал оларды аудан басшылары ұсынатын. Мәслихат жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы маңызды орган болғанымен әкімдіктің іс-әрекетін, бастамаларын мақұлдаудан әрі аса алмайтыны анық. «Жергілікті ресурстардың оңтайлы жұмсалуын бақылау өкілдік органдарға – мәслихаттарға жүктелген. Алайда олардың пікірі көбіне еленбей жатады. Бұл – өз кезегінде саяси анахронизм», – деп Президент те айтты

Ендігі жерде кәмелет жасына толған әрбір отандасымыз өзі тұратын ауыл-аймақ басшысын өзі таңдай алады. Сая­сат­танушы Ерлан Қарин бұл – үлкен саяси бетбұрыстардың басы екеніне сенімді.

– Президенттің жаңа бастамаларын саяси реформалардың екінші топтамасы ретінде қабылдауға болады. Оның біріншісі 2019 жылы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІІ отырысында жария­ланды. Саяси жаңғыруға қатысты тарау­ды түйіндей келе, Мемлекет бас­шысы саяси саланы жаңғырту жал­ға­саты­нын және мемлекеттік билік­тің барлық дерлік институттары рефор­­­ма­лана­тынын тағы баса айтты. Ал барлық реформаның негізгі мақсаты – тұтас мем­лекеттің тиімділігін арттыру, – деді ол.

Сайлауды өткізу тәртібі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңда тәптіштеп жазыл­ған. Оған «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сай біліктілігі бар, 25 жасқа толған кез келген қазақстандық қатысуға құқылы.

– Саяси партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттарға өту шегін 7-ден 5 процентке дейін төмендету көзделіп отыр. Сонымен қатар дауыс беру бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген баған қосылады. Бұл – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды оқиға. Мемлекет басшысының осы бастамасы еліміздің саяси жүйесін одан әрі дамытуға және саяси бәсекелестікті күшейтуге айтарлықтай үлес қосатыны сөзсіз, – деп мәлімдеді Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Кандидатты ұсынудың екі жолы бар. Біріншісі – халықтың 1 процент даусын жинау арқылы өзін-өзі ұсыну. Ол үшін үміткердің мемлекеттік меке­меде немесе басшылық қызметте 2 жыл еңбек өтілі болуы міндетті. Екіншісі – саяси партиялардың ұсынуы. Саяси сарапшылар бұл ауылдық жерлерде саяси партиялардың жұмысын жандан­дыруға септесетінін айтып отыр. Заңдағы өзгеріске сәйкес аумақтық сайлау комиссиясына ұсынылатын канди­дат­тар саны 2-ден кем болмауы керек. Әйтпесе, комиссия үміткерді ұсыну мерзімін 5 күнге ұзартады. Оның орнына кандидатты жергілікті қауымдастық жиналысымен келісу негізінде қала, аудан әкімі ұсынады.

– Аумақтық сайлау комиссиялары әкім­дердің өкілеттігі аяқталғанға дейін кемінде 40 күн бұрын сайлауды та­­ға­йындайды. Өкілеттік мерзімі аяқтал­ғасын 10 күн бұрын өткізіледі. Мер­зімінен бұрын өкілеттігі тоқтатылған немесе қайта ұйымдастырылған әкім­шілік аумақ әкімінің сайлауы осы күннен бастап 1 ай ішінде тағайындалады. Тағайын­далғаннан күннен бастап 30 күн ішінде өткізіледі. Сайлау туралы хабар жергілікті ақпарат құралдарында жарияланады, – деді Б.Нақыпов.

Ауыл әкімдерінің аламанына «Ауыл» халықтық-демократиялық па­триот­­­тық партиясы да ат қосқалы отыр. Облыс бойынша саяси ұйым ұсынатын кан­­дидаттар саны 10-нан кем болмақ емес.

– Сайлауға халық сенімі әкімдердің белсенділігі, іскерлігі, жоғары жауап­кершілігі арқасында қалыптасады. Қазір адамдардың көзі ашық. Орын­дал­­майтын сайлауалды бағдарлама жасап, уақыт өткізіп, оны ұмыттырып жібе­­ретін дәурен келмеске кетті. Құр уәде­­мен құтыла алмайсың, – деді пар­тия филиалының төрағасы Серікбай Өмірзақов.

Көпшілік арасында сайлау кезінде руға бұра тарту болуы мүмкін екені туралы пікір бар. Оны Арал ауданындағы Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сердалы Шалбаев жоққа шығармайды.

– Бес саусақ бірдей емес. Мұндай бірлі-жарым жағдай ұшырасуы әбден мүмкін. Әйтсе де, бізге, халыққа сапа­лы қызмет атқаратын, елді татулыққа бастайтын, жердің жайын жетік білетін білікті басшы керек. Сол жердің тумасы болса, тіпті жақсы, – деді ол.

Ардагер айтпақшы, ауылдың әкесі де, анасы да – әкім. Демек, оған қойылатын талап, артылар сенім жоғары. Ал сенімге селкеу түсірмеу – арға сын.

Кіл мықтыда кімнің мықты екені тікелей дауыс беру арқылы анықталатын саяси бәйгенің уақыт өте келе деңгейі биіктей түспек. Бұдан кейін, 2024 жылы аудан мен облыс әкімдерінің сайлауын өткізу жоспарланып отыр. Қазіргі заңнама бойынша облыс әкімдерін Мемлекет басшысы, ал аудан әкімін облыс әкімі Президент әкімшілігінің құптауымен тағайындайды. Билік 2025 жылға дейін барлық дәрежедегі әкімді халықтың өзі сайлап алуына мүмкіндік бермек.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<