Еліміздің солтүстігіндегі бірқатар өңірде жұмыс күшіне тапшылық бар. Осы мақсатта Қазақстан Үкіметі 2013 жылы «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасын қабылдаған еді. Содан бері түстіктен теріскейге бет түзеген көш жылма-жыл жалғасып келеді. Бағдарламаның тиімділігі байқалды. Нәтижесінде жұмыс күші тапшы аймақтарға халқы тығыз орналасқан өңір тұрғындары баруға мүмкіндік алды.
Қандай мамандықтар қажет?
Өткен жылдан бастап «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы жүзеге асуда. Осы мақсатта Павлодар, Қостанай, Қарағанды облыстарының жұмыс беруші өкілдері Сыр өңіріне арнайы келді. Олардың қатысуымен Қызылорда қаласында және барлық ауданда «Солтүстік өңірлердегі бос жұмыс орындары» тақырыбында жәрмеңке ұйымдастырылды.
– Олардың тарапынан 3600-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Ауыл шаруашылығы секілді бірқатар салаға маман жетіспейтінін аңғарып отырмыз. Бізге делегацияны арнайы жіберген аталған үш облыста агроном, зоотехник, механизатор, техника қауіпсіздігінің инженері, инженер-механик, қазақ тілі, орыс тілі, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мұғалімдеріне сұраныс артып отыр. Сондай-ақ, онда дәрігер, медбике, логопед, іс жүргізуші, аудармашы, психолог, қаржыгер, мемлекеттік сатып алу бойынша бухгалтер, банк кассирі, жүргізуші, автоэлектрик, дәнекерлеуші және өзге де мамандық иелері қажет етіледі, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаева.
Ал біздің облыста кейбір пән мұғалімдері сұраныстан артық дайындалған. Жұмыспен қамту органдарында 300-ден астам мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, 170 дене шынықтыру мұғалімі есепте тұр. Оған қоса 120-дан астам жүргізуші, 400-ге жуық экономист-бухгалтер мамандығы бойынша қызметке орналаса алмай жүр.
Ниет білдіргендер көбейді
Сыр өңірінен солтүстік облыстарға баруға ниет білдірген азаматтар қатары көбейе түскен. Биылғы жылдың 1 мамырына 47 отбасы қоныс аудару квотасына енгізілді. Отбасы құрамында 80 адам бар. Оның ішінде 20 отбасы Қостанай облысына, 27 отбасы Павлодар облысына барады.
– Осыған орай аталған аймақтардағы бос жұмыс орындары Қызылорда қаласының және барлық аудан әкімдіктері сайттарында, әлеуметтік желі парақшаларында, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде жарияланды, – дейді басқарма басшысының орынбасары.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асқанына биыл бесінші жылға жуықтады. Одан бұрын «Жұмыспен қамту бағдарламасы» аясында 2014 жылы Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласына 6 отбасы (құрамында 22 адам) қоныс аударды. Ал 2017 жылдан бері солтүстік өңірлерге 735 қызылордалық отбасы қоныстанды. Олардың құрамында барлығы 1977 адам бар.
– Осы мақсатта мемлекет тарапынан көмектер көрсетіледі. Көшуге байланысты субсидия бір рет отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (222 600 теңге) мөлшерінде беріледі. Ал тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстар жыл бойына ай сайын беріледі. Мәселен, қалалық жерлерге қоныс аударғандар бір адам үшін 20 АЕК (63600 теңге) мөлшерінде қаржы берілсе, ол отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса, 25 АЕК (79500 теңге) мөлшерінде болады. Сондай-ақ, отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде 30 АЕК (95400 теңге) мөлшерінде төленеді. Ауылдық жерлерге қоныс аударған бір адам үшін 15 АЕК (47700 теңге) мөлшерінде берілсе, отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болған кезде 18 АЕК (57240 теңге) қаржыны құрайды. Отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде 21 АЕК (66780 теңге) мөлшерінде төленеді. Ерікті өңіраралық қоныс аударуға қатысушының келісімімен тұрғын үйді меншігіне сатып алу үшін аудандық, қалалық комиссияның ұсынымдары негізінде отбасына жылына есептелген сома шегінде өтеу сомасын біржолғы төлеуге жол беріледі, – деп толықтырды Жанар Жұмабекқызы.
Жаңа мүмкіндіктер көзі
Қоныс аудару, әрине, кім-кімге де әуелгіде оңай бола қоймас. Бұрыннан араласып жүрген орта болмағаннан кейін бірден сіңісіп кету де қиын тиеді.
Дегенде Павлодар облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Жандос Окенов аймаққа келген әрбір азаматтың бейімделіп кетуіне қолайлы жағдай жасалатынын айтады.
– Бағдарламаның жүзеге асып жатқанына он жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында Павлодар өңіріне қаншама отбасы тұрақтап қалды. Рас, арасында ол жаққа бейімделе алмай, қайтадан өз облысына көшіп кеткендер бар. Алайда, басым бөлігі қазір аймаққа толық бейімделіп, өз тіршілігін жасауда. Айтқанымыздай, бізде көптеген мамандық түріне сұраныс бар. Сол сұранысты оңтүстік өңірлерден келген жоғары білімді мамандар толықтыруда. Біз әлі де болса азаматтарға жұмыс орындары көп екенін жеткізгіміз келеді, – деді ол.
Жандостың айтуынша, солтүстік аймақтарда негізінен аграрлық сала мамандарына сұраныс жоғары. Егер еңбек етуге ынталы азаматтар болса, тиісті қолдау көрсетіледі.
– Павлодар облысында негізінен ауыл шаруашылығы басымдыққа ие. Түрлі себептерге байланысты бұл салада мамандарға зәрулік айқын көрініс берді. Ал еліміздің оңтүстік өңірлерінде тәжірибелі мамандар көп. Көшіп келгендер арасында төрт түлікті түлетіп, егін шаруашылығымен де айналысып жүргендер бар. Сондықтан өңірге қоныс аударып келіп еңбек етемін, тіршілік жасаймын деген азаматтарды шақырамыз әрі қолдаймыз, – деді Ж.Окенов.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыру арқылы 2026 жылға дейін солтүстікке қоныс аударған азаматтардың жұмыспен қамтылуын 87 процентке жеткізу көзделген.
Инфрақұрылымдық жобаларды еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету үшін оңтүстік аймақтардан 35 мың адамды тарту жоспарланған. Еңбек күші тапшы өңірлерді қолдау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылардың квотасын бекітеді. Биылғы жылы квота 6587 адамды құрап отыр.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<