Су – тіршілік нәрі

979

0

Ежелгі дәуірлерден бері Сыр елінің негізгі тіршілік көзі Сырдарияның суы екені белгілі. Жүздеген жылдар бойы диқан қауымы дариядан тартқан тіршілік нәрімен егінін егіп, тіршілігін жасап келеді. Ал арнайы су шаруашылықтарының құрылып, жұмыс істей баста­ғанына да ғасыр толып отыр екен.


Қазақстан Республикасы Үкі­метінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысымен 9 шілде  «Су шаруашылығы қызметкерлерінің мерекесі» болып бекітілді.
Кеңес үкіметі орнасымен 1920 жылы Перовск уездік су округі, 1923 жылы Ақмешіт су округі, 1924 жылы Қызылорда және Қазалы су округтары болып Түркістан Орта Азия федеративтік  республикасының Сырдария облыстық су шар­уашылық бөліміне бағынды.


Өңірдің шөлейтті және шөлді аймақта орналасуына байланысты, облыстың егін­шілік саласы негізінен суар­малы жүйеге бейімделген. Сон­дықтан, суармалы жерді тиімді пайдалану – облыстағы ең маңызды мәселелердің бірі.


Алғашқы рет егістік жерді шағын көлемде тегістеу жұмысы 1954 жылы «Суландырудың жаңа әдісіне көшу» деген атпен басталды. Осыған байланысты барлық жерде ММО  (машинно-мелиоративный отряд) құры­лып, 1957 жылға дейін мыңдаған гектар жер тегістеліп, гидро­техникалық құрылыстар с­а­лынды.


Сол уақытта облыстық су шар­уашылығына қарасты 8 аудандық су шаруашылығы бас­қар­масы, «Қызыл­ордарем­водстрой» тресі, 7 аудандағы жыл­жы­малы мехколонна (ПМК), автобаза, аудандардағы автоко­лонна УПТК қарады. 1995-1999 жылдары қайта құру кезеңінде аталған мекемелер таратылып, қарауындағы тех­никалар, мүлік­тер, т.б. заттар жұмысшы-қыз­меткерлерге айлық есебінен беріліп және аукционға қойып сатылады.


Бүгінгі таңда облысымызда 265,4 мың гектар суармалы жердің 172,5 мың гектары инженерлік жүйеге келтірілді және олар 5 суармалы алқапта орналасты. Суармалы жерде республикалық меншікте 2300 шақырым магистральді және шаруашылықаралық каналдар, 900 шақырым шаруашылық қашыртқылар, олардың бо­йында 544 гидротехникалық құрылыс, 4 су торабы, 1 плотина, 2 су тастау құрылысы, «Бесарық», «Жиделі» су қоймалары орналасқан. Одан басқа, ішкі шаруашылықтарда 11900 шақырым су жүйелері, 10200 шақырым қашыртқылар, олардың бойында 24000 дана гидротехникалық құрылыстар бар.
Қазіргі уақытта филиалға қарасты 13 өндірістік учаске болса, барлық қызметкерлер саны 780-ді құрайды.
Қыс айларында елді мекен­дерді су басу қаупін сейілту мақсатында Сырдария өзені­нен саға алатын барлық канал­дар жыл сайын ашылып, ескі арналардың бұрынғы іздерін та­зарту жұмыстары жүргі­зіледі (Атап айтқанда, Шиелі ауданындағы «Көксу» және Жаңа­қорған ауданындағы «Су­мағар» каналдарында).


Филиалдың негізгі қызметі-жыл сайын Сырдария өзенінен Қызылорда облысындағы суар­­малы егіске 4,1 млрд тек­ше метр және табиғатты сақ­тауға 1,2 млрд текше метр су лимитін су пайдаланушыларға бөліп беру. Осы су көлемін каналдар мен оның бойындағы гидротехникалық құрылыстар арқылы реттеу.


Бұл орайда, Тұрсынзада Есім­жановтың су туралы мы­надай өлең жолдары еске оралады:


Су жүргізер тіршіліктің
тамырын,


Су жоқ болса, тіршілік тамам
бауырым.


Судың біз біле тұра маңызын,


Көп болған соң ұмытамыз
қадірін, –
дейді.


Су – табиғаттың баға жетпес байлығы. Осы байлықтың сарқыл­мауына аянбай еңбек етіп жүрген «Су шаруашылығы» қызмет­кер­лерінің орны ерекше. Егістікке су беру науқанында күнделікті ерте тұрып кеш жатады. Ал қыс айла­рында елді мекендерді су басып кету қаупін болдырмау мақсатында жұмыс жасайды.


«Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы Су шаруашылығы қыз­меткерлерінің кәсіби мере­кесімен шын жүректен құт­тықтайды!
Еліміздің өркендеуі жо­лында атқарып жатқан игі қыз­меттеріңізге табыс, ден­деріңізге саулық, отбасы­лары­ңызға аман­дық пен құт-береке тілейді.


Аталған сушылар мейрамы қарсаңында су шаруашылығы маман­дарының атқарып жатқан елеулі жұмыстары ескеріліп, Қазақстан Республикасы Эко­логия, геология және табиғи ресурс­тар министрінен, Су ресурс­тары комитетінен, «Қаз­сушар» рес­пуб­­ликалық мем­лекеттік кәсіп­орнынан және Қызыл­орда облысы әкімдігінен алғыс хаттар мен құрмет грамо­талары берілді.


Мерекелеріңіз құтты болсын!


Жорабек ЕРНАЗАРОВ,


ҚР Экология, геология және табиғи ресурстары министрлігі Су ресурстары

комитеті «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда филиалы директорының орынбасары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<