Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында өзге өңірлермен қатар Қызылорда облысынан су қоймасы салынатынын айтты. Шын мәнінде, өңір үшін өзекті болып тұрған бұл мәселе дер кезінде көтеріліп отыр.
Қазір су жағдайы – әлемдегі өзекті тақырып. Президент: «Біріккен Ұлттар ұйымы алдағы он жылдың ішінде жаһандық деңгейде су ресурсының тапшылығы болады деп болжам жасап отыр. 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек» деді. Сондай-ақ, Жолдауда еліміздің алты облысында су қоймасы салынатыны жарияланды.
Сырдария өзені Орта Азияның бірнеше мемлекетін басып өтеді. Дария бойында төрт мемлекеттің егіндік алқабы бар. Оған қоса Қырғызстан жаз айларында энергетикалық режимде жұмыс жасауға көшкен. Айналып келгенде, Сырдария өзенінің соңғы өзегіндегі Қазақстан үшін судың жағдайы өте маңызды. Есесіне қыс айларында дарияға судың мол түсуі Түркістан және Қызылорда облыстарына өзіндік қиындығын келтіреді.
– Сырдария өзенінің бойында «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегіші бар. Алайда олар қысқы мезгілде жоғарыдан келген мол суды қабылдауға қауқарсыз. Сондықтан дария арқылы мол судың белгілі бөлігі біздің облысқа жіберіледі. Ал оны тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін құрылғы жоқ. Ол су қоймасы бола ма, су реттегіші бола ма? Бұл жөнінде мәселе жиі көтеріліп келді. Аталған ұсыныстың қолдау тапқаны қуантады. Сол арқылы қыс айларында дариядағы суды ысырапсыз жинап, жазда су тапшылығынан құтылуға мүмкіндік туады. Қысқасы, Мемлекет басшысы айтқандай, суды үнемдеуге баса көңіл бөлуіміз қажет, – дейді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов.
Кейінгі екі жылдағы су тапшылығы сырбойылық диқандарға үнем мәселесіне көбірек көңіл бөлу қажеттігін үйретті. Бұл бағытта «Қазсушар» РМК облыс бойынша филиалының мамандары тиісті іс-шаралардың жүзеге асуына жұмыла кірісті.
– Биыл облыстағы егін алқаптарына 2 млрд 900 млн текше метр көлемінде су қажет екені есептелді. Десе де, жаз айларында кездескен қиындыққа байланысты арнайы іс-шара жоспары жасалды. Нәтижесінде суды ысырапсыз пайдалануға жол ашылды. Егілген күрішке су жеткізілді. Жолдауда айтылған аталған саланы цифрландыру мен суды үнемдеу мәселесі кезек күттірмейді. Су пайдалану міндетіне жаңаша көзқарас қажет еді. Мемлекет басшысы айтқандай, өңірде алдағы уақытта жаңадан су қоймасының пайдалануға берілетіндігі – жергілікті диқандар ғана емес, тіршілік өзегі дариямен тамырласып жатқан барлық ел үшін қуанышты жаңалық. Әрине, алдағы уақытта су қоймасының облыстың қай аумағында салынатыны белгілі болады. Бұл өңірдегі су шаруашылығына қатысты түйткілді тарқатуға үлкен ықпал етеді деп білеміз, – дейді филиал директоры Хамит Биімбетов бізбен әңгімесінде.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<