Біз тойшыл халықпыз. «Жұрттан кембіз бе? Бұдан да жаманымызда тойға барғанбыз» деп барынша шашыламыз. Той да көп, атап өту де көп. Туған күншіл болып алдық. Десе де, соңғы уақыттары ас та төк тойдың босқа мал шашу, ысырапшылдық екені жер-жерде көтеріліп жүр. Бірақ, бүгінгі әңгіме ол жайында емес.
Мейлі ғой, лайым тойлар өз ретімен бола берсін. Әлбетте, тойға барғаннан кейін лайықты тарту-таралғысын апаруға тырысамыз. Гүл сыйлаймыз, ақшалай береміз, жақсы киім кигіземіз. Кәдесый, әшекей бұйымдар, мүлік ұсынып жатамыз. Қандай сыйлық жасаймыз десек те, құдайға шүкір қазір бәрі табылады.
Міне, осы жерде барша жерлестеріме ұсынысымды жеткізгім келіп отыр. Туған күнін атап өтушіге, отау құрғандарға, қоныс тойын тойлаушыларға ұсынып жатқан сыйлықтармен қосып «Сыр бойына» жазылған түбіртекті неге ұсынбасқа? Иә, иә, той иесінің атына толтырылып, мекен-жайы көрсетілген, ақшасы төленген квитанция. Ешқандай ұялмайтын сыйлық. «Сыр бойын» сіздің досыңызға, сырласыңызға айналсын деп жаздырып отырмыз. Үнемі шаруа, тірлік, қол тимейді дей бергенше бір уақыт газет оқыңыз. Рухани байлығыңызды арттырыңыз» деген жүрекжарды тілектерді жеткізуге болады. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетуі тиіс, яғни сөз жүйесін тапса – игілік.
Біздің қоғамда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі өте зор екені анық. Баспасөз – жаңалықтың жаршысы, мемлекеттік саясатты халыққа жеткізуші құрал. Солардың арасында өңіріміздің айнасы, биыл 90 жылдығын атап өтіп отырған аймақтың ата басылымы – «Сыр бойы» газеті Қызылорда облысының әрбір отбасына қажетті дүние десем сөзімде қателік бола қоймас.
«Сыр бойы» газеті – баспасөз саласында терең тарихы бар, өзіндік ұстанымы мен бағыт-бағдары айқын қалыптасқан басылым. Газет бетінде өңірдің әл-ауқаты мен экономикасы, әдебиеті мен мәдениеті, күнделікті тұрмысы – бәрі-бәрі үздіксіз қатталып келеді. Қарапайым еңбеккерлер мен атақты тұлғалардың өмірі, саяси толғамды оқиғалар, түйткілді мәселелер бір сәтке де газетіміздің назарынан тыс қалған жоқ. Сыр өңірінің жасампаз өмір шежіресін жазуда да газеттің ұшан-теңіз үлесі жатыр. Қай кезеңде қызмет етсе де уақыттың өз талабына сай облыстың толымды өзгерістерін паш етіп, өлкенің жылнамасын жасауда сүбелі үлес қосуда. Аймақтағы әрбір игі істі халыққа жеткізуге, жаңалыққа жақындастыруға, еңбекке ұйымдастыруға белсене араласып, облыстың рухани айнасы қызметін атқарып келеді. Міне, сондықтан да «Сыр бойы» әрбір отбасынан табылуы тиіс. Сол себептен де жоғарыдағы ұсынысымды басылым оқырмандарына жолдап отырмын.
Бұл істің еш қиындығы жоқ, тек сәл ықылас болса болды. Бір жылда бірнеше тойға барып жүріп, кемінде бір рет осындай рухани сыйлық жасау өзімізге де, өскелең ұрпаққа да пайдалы болар еді. Қазір көптеген ұйымдарда ұжым мүшелерінің туған күнін атап өту қалыптасқан. Ұжымдастар туған күн иесіне жүрек жарды лебіздерін жеткізіп, азғантай сыйлық мезіретін жасайды. Сондайда аракідік «Сыр бойының» тұтас бір жылға жазылған түбіртегін ұсынуға да болар еді. Көптеген ұжымдар өздерінің ардагерлерімен жақсы қарым-қатынас қалыптастырған. Кезекті кездесулерінде немесе «Қарттар күні» мерекесіне «Сыр бойына» жаздырса өздері үшін де, сол сыйлыққа ие болған аға буын үшін де ұтымды. Зейнеткерлер үшін ол өте жақсы сыйлық. Бір жыл бойы аймақтың ата басылымын жанына серік қылады. Мекеме басшылары осы жайды ескеріп жүрсе дейміз.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов қалдырған «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген тәмсіл бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Алайда, бүгінгі таңда ақпарат алмасудың заманауи тәсілдері өмірімізге дендеп еніп кетті. Қазір айтылған ақпараттың көзді ашып-жұмғанша сол мезетте-ақ ғаламтор, түрлі сайттар мен әлеуметтік желілер арқылы жаһанға тарап жатыр. Бүгінгі күні қалың көпшілік интернет-сайттарға үңілетін болды. Ақпаратты смартфоннан, планшеттен оқып ала береді. Әйтсе де үнемі мониторға, смартфонға үңіле берудің де зияны бар. Интернет сайттан оқығаныңды тез ұмытып қаласың. Сонымен бірге ол көзді тым шаршатып жібереді. Монитордан оқыған мақаламен бояу иісі сіңген қағаздан оқыған материалдардың әсері екі бөлек. Айтатыны жоқ, газетті қолға алып оқығанның жөні бөлек. Әсіресе, үлкен кісілер үшін. Романтика десе болады. Планшеттен жалыққан немесе бір ауық көзін демалтқысы келетін, яки асықпай оқып, ой қорытқысы келетін оқырманға газетті шолып шығу жақсы демалыс.
Технология жағынан дамыған елдердің өзінде күніне миллиондаған тиражбен шығатын газеттер бар. Сол мемлекеттер газеттерін неге жауып тастамайды? Бәрі смартфон арқылы оқи бермей ме? Жоқ, ондайға бармайды. Өйткені, оларда газет оқу мәдениеті қалыптасқан. Олар содан айырылғысы келмейді. Біз де газет оқу мәдениетін жоғалтып алмауымыз қажет.
Ел мен жердің тарихы ұрпақ үшін керек. Газетіміз жас ұрпақты ата салты мен дәстүр рухына тәрбиелеу, ұлтжанды азаматтарды қалыптастыру бағытынан ешқашан да ауытқымайды. Қысқасы, «Сыр бойын» серік қылған адам одан жан дүниесіне қажетті көп нәрсе алатын болады.
90 жылдан астам тарихы бар аймақтың ата басылымы – «Сыр бойының» оқырмандары газетке қолдау көрсетіп, қатарының азаймауына үлес қосқанын қалаймыз. Ал газет ұжымы өз кезегінде оқырмандарды тәуір дүниелермен қуанта беретін болады. «Сыйлыққа «Сыр бойын» ұсын!» деп жерлестеріме ұсыныс тастап отырған өзім жылдағы дәстүр бойынша досымның туған күніне негізгі сыйлықпен қоса «Сыр бойына» бір жылға жазылған түбіртекті ұсындым.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<