Кеше Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жұмыс сапарымен Қызылорда облысына келді.
Осы сапарда министр Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада мәдениет, өнер саласы өкілдерімен кездесті.
Кездесуді ашқан облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет мәртебелі қонақтың Елбасы Алаштың анасына балаған қасиетті өңірге басқан қадамына сәттілік тіледі. Сыр елі мәдениет саласының пандемияның қиын кезеңінде де өз көрермені мен тыңдарманынан қол үзбегенін, әл Фарабидің 1150 жылдығына орай 430 мәдени-ағартушылық шара, ұлы Абайдың 175 жылдығы құрметіне 280 түрлі мәдени шара, Алтын Орданың 750 жылдығына байланысты 200-ге жуық шара ұйымдастырылғанын атап өтті. Мемлекетіміздің саясатын жүзеге асыруда тынбай еңбектеніп келе жатқан мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің жанкешті еңбегіне тоқталды.
Кездесуде А.Райымқұлова мәдениет саласы қызметкерлерін Ел тәуелсіздігінің мерекесімен және Сыр сүлейлерінің сара жолын жалғаушы, айтыстың ақтаңгері Мұқтар Ниязовтың үш мәрте «Алтын домбыра» жүлдесін жеңіп алуымен құттықтады. Сала бойынша өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді. Той тойлауға емес, ой толғауға қызмет етіп келе жатқан мәдениет қызметкерлеріне ерекше ықылас, ризалық білдірді.
Сонымен бірге министр мәдениет, спорт саласындағы республика көлемінде атқарылған бірқатар жұмыстар жөнінде баяндады. Осы бағыттағы сала жаңалықтарын жеткізді. Бұл тұрғыда ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақтың ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілуі халқымыздың рухани деңгейінің әлем алдындағы тағы бір саты көтерілуі екенін атап өтті. Биылғы жылы Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі, М.Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театры секілді бірнеше өнер ұжымына «ұлттық» атағы дәрежеленіп, олардың ұлтқа қызмет ету жұмысының бағаланғаны да қуанышты жағдай. Сондай-ақ, мемлекеттік деңгейде мәдениет саласы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған қадамдардың бар екені, архив саласы қызметкерлері жалақысының 50 пайызға дейін өскені, дарынды жастарды қолдауға арналған Елбасы стипендиясының 3 есеге көбейтілетіні аталды.
Мұнан соң министр Қазақстан Республикасы Мәдениет туралы заңына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға тоқталды. «Бұған дейін «Қазақфильм» жекешеленеді екен деген қауесет болған, бұл – қате. Мәдениет, өнер ұйымдары мен ғимараттарының мемлекет меншігінде қалатыны заңмен бекітілді. Мемлекет салған зәулім өнер ордалары халық меншігінде қалуы тиіс. Сонымен бірге лотерея ойын бизнесіне құқықтық тыйым салынды. Ендігі жерде фонограммамен ән салатын орындаушы бұл жөнінде жарнамасында, бағдарламасында көрсетуі тиіс. Ән салушыларға осындай заңды жауапкершілік жүктеледі. Халық таза дауыста ән тыңдағанды ұнатады», – деді министр.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қызылорда облысында 4 спорт кешені бой көтерген. Мәдениет саласында 222 жоба орындалып жатыр. Осының бәрін нақты атаған министр «Ең жақсы көрсеткіш – Қызылорда облысы мәдениет саласының көрсеткіші» деп ризашылық сезімін білдірді.
Кездесуде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейін Әмір-Темір, Мәдениет саласының үздігі, айтыскер Серік Ыдырысов Сыр мәдениеті биік мәртебесінің аласармайтынын айтып, министрге жасаған қолдаулары үшін алғыс білдірді.
Ал, облыстық халық шығармашылығын дамыту және продюссерлік орталығының директоры Ж.Құрамысова Мәдениет және спорт министрінен облыс бойынша 173 мәдени мекемеде 854 үйірме жұмыс істейтінін, соның ішінде 79 үйірме жетекшісі ғана айлық жалақымен, ал, қалғанының қоғамдық негізде жұмыс жүргізіп отырғанын, оларды штаттық бірлікке енгізуге ықпал етуін сұрады. Министр бұл пікірді құптап, әзірге үйірме жетекшілеріне аудан бюджетінің мүмкіндігіне қарай штаттық бірлік белгілеуге болатынын, алдағы кезеңде бұл мәселенің шешім табатынына сендірді.
Кездесу соңында А.Райымқұлова бірқатар мәдениет, өнер өкілдеріне «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін, Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасын, Алғыс хатын табыстады. Олардың қатарында қолөнер шеберлері, композитор және әнші орындаушылар, ауылдық клуб меңгерушілері бар.
Сонымен бірге облыс әкімінің орынбасары С.Ахмет биылғы Абай жылында облыс театрында алғаш рет қойылған «Абай» операсындағы ойнаған үздік рольдері үшін бірнеше сахна шеберін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
***
Мұнан кейін Ақтоты Райымқұлова «Мұз айдыны» спорт кешеніне келді. Онда сала ардагерлері, мамандар және түрлі әлемдік сайыстарда жүлделі орындардан көрініп жүрген жастармен кездесті.
Жүздесу барысында министр қазақстандық спортшылардың дүниежүзілік додаларда еліміздің атын асқақтатып жүргенін атап өтті. Олардың арасында қызылордалық өрендер де бар. Бұл жергілікті жерде бұқаралық спорттың дамуына оң септігін тигізеді.
– Биыл әлемді жайлаған пандемия бұл салаға да елеулі салқынын тигізді. Көптеген жарыстар кейінге шегерілді. Спортшылардың бабында болуына кері әсер етті. Соған қарамастан үмітті жастарымыз жаттығу залдарында бой көрсетіп, алдағы сайыстарға дайындығын үзген емес. Қашанда спорт адам денсаулығын сақтайды. Сондықтан пандемиямен күресте де әрбір жан сергектікті серік етуге көңіл бөлгені артық емес. Өмір жолына енді бет алған өрендер өздерің секілді талантты жастарға қарап бой түзейді. Біз осыған жағдай жасауымыз керек, – деді министр Ақтоты Райымқұлова.
Спорт кешенінің директоры Илья Ильин өзі басшылық ететін мекеме жұмысына қысқаша тоқталып өтті. Мұнда мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей секілді спорт түрлерін дамытуға мән берілген. Сондай-ақ, кешенде баскетбол, волейбол, күрес пен көркем гимнастикадан үйірмелер жұмыс жүргізеді. Оған қоса аталған спорт түрлерінен көптеген сайыстар өткізілді. Кешен 2013 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізде бой көтерген болатын.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жақсылық Оспанов министрге саланың дамуы жөнінде қысқаша баяндап берді. Қазіргі таңда өңірде спортпен тұрақты шұғылданып жүрген азаматтардың саны 31,3 пайызға жеткен. Олардың арасында балалар мен жасөспірімдер қатары артып келеді. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізде пайдалануға берілген спорт кешендерінде үйірмелер санын арттыруға көңіл бөлініп отыр. Биыл облыста осындай бес ғимарат бой көтерсе, алдағы жылы жетеуге көбейеді.
Ауыр атлетикадан белгілі бапкер Вилорий Пак өзінің жүрекжарды лебізін білдірді. Ол елімізде спортты дамытуға үлкен қолдау жасалып жатқанын атап өтті.
– Ашығын айтайық, ұзақ жылдар бойы біздің облыс елімізде спорттың дамуы жөнінен кенжелеп келді. Оның себептері де жоқ емес. Жергілікті жастар жаттығу жасайтын ғимараттар жетіспеді. Материалдық-техникалық жағдай төмен болды. Әлемдік аренада топ жарған Илья Ильин шәкіртімнен бастап жеңісті жолдар жалғасты деуге болады. Қазір облыс спорттың қай түрінен де алдыңғы қатардан көрініп тұр. Барлық жағдайы жасалған ғимараттар бар. Жастарға жол ашық. Десе де, олардың бойында елжандылық, отансүйгіштік, патриоттық сезімнің атой салып тұрғанын қалаймын, – деді белгілі спорт бапкері.
***
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінің жұмысымен де танысты.
Ақтоты Райымқұлова, облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет алдымен «Орда» би үйірмесі қатысушылары, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жастардың өнерін тамашалады. Министр өнердің адамға үміт, қуат беретін ұлы күш екенін айтып, мұндай үйірмелер санын көбейтіп, қолдау көрсету керегін атап өтті.
Өнердің сан түрін тоғыстырған мәдениет пен руханият ордасында қазір 18 үйірме жұмыс істейді. Оның ішінде үшеуі халықтық ұжым болса, мұнан бөлек «Мереке» вокалды аспапты ансамблі, «Жастар» театры бар. Алпыс жылдан астам тарихы бар, қаланың басты мәдени нысанына айналған бұл ғимаратта барлық атаулы күндері қала көлеміндегі салтанатты жиындар мен мәдени іс-шаралар өтіп, жастардың бос уақытын қызықты әрі тиімді өткізуіне қызмет етіп келеді. Ұлттық нақышта безендірілген көрнекті, зәулім ғимарат 2014 жылы күрделі жөндеуден өткізіліп, үйірмелерге арналған бөлмелер, көрермендер залы жаңартылған.
Министр мұнан кейін А.Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Жастар» театрының артистері сахналаған О.Нұрмахановтың «Қалың елім қазағым, қайран жұртым…» трагифарс жанрындағы қойылымнан үзінді тамашалады. Жуырда ғана спектакль Қарағанды облысында өткен «Театр талант шығармашылығы» атты халықаралық театр фестиваліне онлайн қатысып, І дәрежелі дипломмен марапатталып, 1 млн теңгенің грант сертификатын жеңіп алған болатын. Спектакльде Абай өмірі ғана бейнеленбейді, оның ішкі үні, арпалысқа түскен рухы, болмысы танылады.
– Алдағы жылы жастар театры жеке мекеме ретінде құрылмақшы екен. Театрды халықаралық байқауда жеткен жеңісімен құттықтаймын, ұжымға сәттілік тілеймін. Биылғы пандемия өнерге, жалпы адамзатқа оңай тиген жоқ. Соған қарамастан індет өнерге тосқауыл бола алмады, өнерпаздар дайындықтарын жалғастырды. Елімізде жаңа ұжымдар ашылып, жаңа ғимараттар пайдалануға беріліп жатыр. Сыр бойында киелі өнер, ұлттық дәстүр сақталған. Сыр перзенті, айтыстың ақтаңгері Мұқтар Ниязов жуырда ғана үшінші мәрте «Алтын домбыра» иегері атанды. Енді «Алтын домбыра» Сыр еліндегі музейден орын алады. Бұл, әрине, Сыр елі үшін жалпы ұлттық өнердегі үлкен жетістік деп ойлаймын, – деді министр.
Айта кету керек, «Жастар» театры Мәдениет үйі жанынан шығармашыл жастарға қолдау көрсету мақсатында Қызылорда қаласы әкімінің қолдауымен 2016 жылдан бастап ашылды. Бүгінде ақын, сценарист, ҚР мәдениет қайраткері О.Нұрмаханов жетекшілік ететін шығармашылық ұжымның репертуарында мұнан өзге төрт қойылым бар.
Сондай-ақ, Ақтоты Райымқұлова мәдениет үйінде жуырда ашылған дыбыс жазу студиясының жұмысымен де танысты.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
Әділжан ҮМБЕТ,
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<