Бүгін Елордада Қызылорда облысының ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі басталды. Екі күн бойы астаналықтар елдің дәмін базардағы бағадан біршама арзанға ала алады.
Алтын күзде ұйымдастырылатын молшылық мерекесін елорда тұрғындары жыл сайын тағатсыздана тосатыны белгілі. Себебі он жылдан астам уақыттан бері еліміздегі барлық облыс ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін астанада өткізуді дәстүрге айналдырған. Биыл да, ең бастысы, халық сапалы әрі арзан азықпен қамтамасыз етілуде.
Жәрмеңкеге азық-түлік өнімдерінің 29 түрі 40-тан астам жүк көлігімен жеткізіледі. Сырбойылықтар бұл шараға 140 тонна күріш, 20 тонна балық, 150 тонна бақша өнімдері, 40 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 5 тонна сүт және кондитер өнімдері әкелген.
Ауқымды шарада елордалықтар Сырдан келген ет пен балық, күріш пен қауын-қарбызды қалағанынша алуда.
Айталық жәрмеңкеде Қызылорда қаласының іргесіндегі Досан ауылындағы «Қылыш» шаруашылығының еті мен шұбатына деген сұраныс жоғары екенін байқадық.
-Жәрмеңкеге 2 тоннаға жуық қымыз бен шұбат, 1 тоннаға жуық сары май, құрт алып келдік. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан сенбілік сауда өте жоғары деңгейде өтіп жатыр, – дейді Қылыш шаруа қожалығының қызметкері Назерке Қозбақова.
Дәуіржан Елубаев,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<